• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

БІРЛІГІМІЗ — БАЙЛЫҒЫМЫЗ

712 рет
көрсетілді

1 Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ретінде Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылғаннан кейін атап өтіле баста­ды. Елбасының арқасында еліміз ішінде еуразиялық идея, яғни біз бір халықпыз деген сенім орнығып отыр. Осы ретте “халықтар” емес, “халық” деген түсінік бастау алды. Оның негізінде елді құрудың Пре­зидент ойластырған жүйелі қадамы жатқаны мәлім және бұл үдеріс­тердің барлығы бір-бірімен тығыз байланыста дамыды. Сол кезден біз халқымыздың бірлігін танытатын мерекені сезіне бастадық. Әр түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдерімен шығып, мерекелеуі еліміздің елді мекендерін құдды бояуы қанық шоқ-шоқ гүлдерге ұқсаттырады. Яғни, бұл әртүрлілік арқылы бір­лікке жету дегенді білдіретін секіл­ді. Шоқ гүлдегі әрбір гүл бір-бірін толықтыра түседі. Соның арқасын­да ол өте әдемі реңкке енеді. 1 Ма­мыр­ды мен өзім солай қабылдай­мын. Мерекенің көктем мезгілінде тойланып жатуы да табиғатпен етене екеніміздің бір көрінісіндей күйге бөлейді. Дала табиғатындағы барлық өсімдіктердің жарасым табуы сияқты қоғамдағы жарастық та соған лайық өрбуі тиіс. Бір-бірімізге жылы сөз айтуымыздың өзі мереке кезінде ерекше естілерін бәріміз де жақсы түсінеміз. Мен Ассамблея құрылғаннан бергі оның барлық сессияларына қатысып келемін. Президент Н.На­зарбаевтың бастамасымен өмірге келген Ассамблеяның құрылуына да белсене атсалыстым. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бірлік институты жайлы айта бас­тағанда, оның адамдарды біріктіре білетін қабілетін байқадым.  Ассам­блеяны құруда, ядросыз әлемді орнату бастамасында, ЕҚЫҰ  және өзге де мәселелерде Президенттің осындай біріктіруші қасиеті оның әрбір іс-әрекетінен айқын сезіледі. Мұндай миссия, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруда айқын аңғарылды. БҰҰ Бас хатшысы, Ресей мен Еуропа елдері сарапшы­лары болсын, еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарындағы қа­дамдарымыздың дұрыс болған­дығын айтудан танбай келеді. Өйт­кені, Елбасы дамудың арнасын эко­номика мен бірлікке бұрды. Мі­не, осы негізгі екі басымдық мем­лекетті құрудың басты кілті болды. Өзге елдердегі этносаралық қа­рым-қатынастарға көңіл бөлінбе­гендіктен, жағдайларының қандай күйде екенін көріп жүрміз. Ортақ шаңырақ көтеру бір реттік жұмыс емес, оны үнемі биіктетіп, бекітіп отыру қажет. Ал қазақ тілі сол бе­ре­ке-бірлігімізді нығайтудың басты құралы болуы қажет. Халық ортақ тіл мен мәдениет, ортақ құнды­лықтар негізінде іргетасын нығайт­қаны жөн. Президенттің даналығы да осында жатыр, яғни ол мәсе­лелердің бәрін жүйелі шешуде. Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді дамып келеді. Ешқандай сын да жоқ де­меймін, өйткені, кез келген бастама қарсылыққа ұшырап жатады. Осы ретте елдің тұтастығын ойласақ, бірлігіміз бен берекеміз әрқашанда күн тәртібінде тұрғаны жөн. Өз үйімізде тәртіпті, экономикалық дамуды және этносаралық бірлікті сақтай білейік. Виктор КИЯНСКИЙ, Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі.