• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Қыркүйек, 2021

Көкбөрілердің қыркүйектегі «қақтығысы»

319 рет
көрсетілді

Қыркүйек айының соңғы аптасында әлемнің әр қиырында аралас жекпе-жектен ірі халықаралық турнирлер өтеді. Сол жарыстардың кейбірін қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтуде. Себебі айтулы бәсекелерде біздің елдің өрендері де өнер көрсетеді. Октагонға шығатындар арасында Қуат Хамитов, Асылжан Бақытжанұлы, Нұрсұлан Қасымханов, Қаршыға Дәуітбек және тағы басқалар бар.

24 қыркүйекте Мәскеуде АСА 129 турнирі өтеді. Сол жарыс­та Қазақ­стан­ның үш бірдей өрені өнер көрсетеді. Үшеуі де Ал­матыда іргетасы қаланған Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубының мүшесі. Тар­­қатып айтсақ, 93 кило салмақта АСА рей­тингінде төртінші орында тұр­ған Асылжан Бақытжан­ұлы «Сақ» бра­зилиялық Леонардо Сильвамен айқасады. Жалпы, ауыр салмақтарда сынға түсіп жүрген қазақстандық спортшылар тым сирек. Сол себепті де барша Алаш жұрты Асылжанға зор үміт артып отыр. Осы күнге дейін октагонға 12 мәрте шыққан 31 жастағы қазақтың қайсар ұлы 11 бәсекені өз пайдасына шешті. Тоғыз қар­сыласын есінен тандырды. Соңғы рет ол осыдан тура бір жыл бұрын Ресейдің астанасында атақты Алексей Буториннен ұтылған еді. Енді қайта еңсе тіктеу қажет. Бақытжанұлының бұл жолғы қарсыласы да мықты. Сегіз жылдан аса осы спорт түрін серік еткен 29 жастағы Оңтүстік Американың өкілі 22 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жеткен.

Мәскеудегі турнирде көп­те­ген жан­күйердің назары 66 кило салмақтағы қазақтың ұлы Нұрсұлтан Қасымханов пен ха­ба­ровскілік Алексей Пол­пуд­ни­­ков арасындағы айқасқа ауаты­ны сөзсіз. Себебі дәл осы спорт­шы кезінде біздің Арман Оспа­нов­пен үш мәрте кездесіп, екі рет сан соқтырып кетті. Сонау 2013 жылы Сочиде қандасымыз оны бір минутқа жеткізбей ұрып жықса, 2017 және 2019 жылдары Мәскеуде ұйымдастырылған бәсекелерде Полпудников кеткен есе­сін қайтарды. Иә, 28 жастағы Ресей спорт­шысының өте мықты екені еш кү­мән туғызбайды. 10 жылдан аса уақыт ара­лығында айқас алаңына 38 мәрте шық­қан ол 29 рет жеңіске жетті. 21 бәсекені мерзімінен бұрын аяқ­тады. Десек те 29 жастағы Нұр­сұлтан да оңайлықпен есе жібе­ре қоятындардың қатарынан емес. Оның рекорды – 11 жеңіс және 3 жеңіліс. Біраз жылдан бері Қасымхановтың қада­мын жіті қадағалап жүрген жайымыз бар. Жетісу жолбарысының ең басты қасиеті – «өліспей, бе­ріс­пей­ді». Осы жолы Нұрсұл­тан қар­сыласының аузы-мұрнын Қиыр Шығысқа қаратады деп үміт­тенеміз.

АСА турнирінде жоғарыда есімі аталған қос қандасымыз­дан бөлек, Қар­шыға Дәуітбек (9-3) бақ сынайды. 66 кило сал­мақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүр­ген ол Тәжікстанның тарланы Фат­хидин Со­бировпен (15-4-1) сайысқа түседі.

Дәл сол күні Ресейдің Сочи қаласында AMC Fight Nights тур­нирі өтіп, қазақтың қос қыраны өз өнерлерін ортаға салады. Со­лар­дың арасынан Қуат Хамитов пен Мариф Пираевтың арасында­ғы жекпе-жекті көрермендер та­ғат­сыздана күту­де. «Найман» деген бүркеншік есіммен танылған жерлесіміз 28 жекпе-жегінің ­21-ін жеңіспен аяқтады. 17 бәсекеде айқын басымдыққа ие болды. Мар­иф Қуаттан бес жас кіші. Десек те «Пиранья» атан­ған Да­ғыстанның тумасы күні бү­гінге дейін 31 рет октагонға шығып үл­герді. 26 бәсекеде мерейі үстем болып, 11 қарсы­ласын нокаутқа жіберді. Кезінде Пираев Игорь Свирид пен Георгий Ки­чигин сын­ды қазақстандық спортшы­лар­ды сабап тастаған. Қара теңіз жаға­­лауында Қуат Хамитовпен бірге Нұрбек Қабдрахманов та күш сынасады. Оның қарсыласы – краснодарлық Азамат Ачмиз.

26 қыркүйекте Дәурен Ерме­ковке (14-5) жанкүйер боламыз. Грузияның бас шаһары – Тбилиси­де өтетін Eagle FC турнирінде ол жеңілістің кермек дәмін татып көр­меген дағыстандық Нуцалхан Умахановпен (7-0) шеберлік бай­қасады.

28 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында әлемдегі ең бел­ді промоушен – UFC өзінің кезек­ті жарысын өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның тағы бір өкі­лі осы дүбірлі додада күш сынасу құрметіне ие болды. Ол – Николай Веретенников. 31 жастағы отан­дасымыз 12 жекпе-жегінің тек үшеуінде ұтылды. Соңғы сегіз кез­десуінің барлығында оның мерейі үстем болды. Бірақ Веретен­ни­ковтің қарсыласы да мықты. 21 жас­­тағы эквадорлық Майкл Мора­лес өзінің 11 бәсекесінің бар­лығында жеңіске жетіп, 10 қарсы­ласын есінен тандырды.