• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 12 Қыркүйек, 2021

Нанотехнологияға нық қадам

1631 рет
көрсетілді

Ғасыр талабы мен сұранысына байланысты ілім-білім де жетіліп, ғылымның талаптары да өзгеріп, дамып, күрделеніп отырады. Қазіргі күні ғалам бо­йынша бүгін мен болашаққа тиімді, адамзаттың игілігінде көп пайдаға асатын ғылыми бағыттардың бірі, бұл – нанотехнология.

Экономикасы қарыштап алға озған ірі мемлекеттер мен алпауыт елдер нанотехнологияны мықтап қолға алғаны әмбеге аян. Атап айтар болсақ, АҚШ, Еуропа елдері, Қытай, Ресей нанотехнологияға айрықша мән беріп отыр.

Нанотехнология деген сөзді қазақ­тың жалпақ тілінде түсіндіретін болсақ, «кішкентай өлшемді технология» де­генді білдіреді. Бұл жерде «нано» сөзі «мил­лиардтың бір бөлшегі» деген ма­ғынаны береді. Қысқасы, кез келген заттың миллиардтан бір бөлшегі бастапқы тегінен ерекшеленеді де, бас­қа физикалық қасиеттерге ие болады. Міне, осы заңдылық арқылы, яғни ма­те­рияның белгілі бір күйден екіншісіне өту кезіндегі өзгерістер арқылы өмірге, бұрын ешкімге белгісіз жаңа технология­лар еніп жатыр. Қазіргі заманауи цифр­лы технологиялармен үйлесімді жұмыс істейтін электронды құрылғылар – осы нанотехнологияның жемісі.

Бір сөзбен айтқанда, нанотехнология – әртүрлі заттардың (заттектердің) қасиеттерін атом және молекула дең­гейінде зерттейтін қолданбалы ғылым. Сондықтан қазіргі заманғы микродан наноға көшу – бұл енді санмен көр­сетілетін емес, сапалық көшу, яғни зат­тектердің әртүрлі әрекетінен жекелеген атомдармен әрекеттер жасауға өту.

Жалпы алғанда Қазақстандағы нано­технология деңгейі де қуанарлық жағ­дайда деп айтуға болады. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының пре­зи­денті, профессор Бағдат Телтаев осы тұр­ғыдағы ой-пікірін білдіріп, жағымды жа­ңалықпен бөлісті:

– Ірі ғалымдар экономиканың даму деңгейін, болашақтағы өсу қарқынын осы нанотехнологиямен мемлекет қай деңгейде айналысады, мемлекет қанша қаражат құюда, экономиканың салаларында қаншалықты пайдалануда, міне, осыған қарап жалпы қай елдің болса да индустриялық, технологиялық дамуын көрсетеді деген пікірлер айтып жүр. 2017 жылдан бастап ресми түрде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол саласына бағытталған нанотехнология­­мен айналысып келеді. 2019 жылы біз жаңа нанотехнология жасап, отандық нанобитум негізінде ғылыми жаңалық аштық. Ол ғылыми жаңалық туралы жарияланды. Мәскеудегі Халықаралық ғылыми жаңалықтар және өнертабыс авторлары қоғамдық академиясы біздің ғылыми жаңалығымызды бағалап, екі сатыдағы жабық сараптамадан өткізді. Қазжол ҒЗИ ғалымдары нанобитумды зерттеу бағытында ғылыми жаңа құбы­лыс ашты деп, арнайы диплом берді.

Сөз орайы келгенде ғалымнан отан­дық жаңа технологияның жасалу жолдары туралы сұрадық.

– Кәдімгі жолда қолданылатын би­тумға Қазақстанның көмірінен алынған нанокөміртек ұнтағын қосқан болатын­быз. Салмағы бойынша 0,5 пайыз қос­қанның өзінде кәдімгі битумның физикалық қасиеті өзгергенін байқадық. Ал енді біз оны 2 пайыз қосып, мықты битум және қасиеттері жоғарылатылған асфальтбетон алдық. Бұл битумды отан­дық нанобитум, ал асфальтбетонды қазақ­стандық наноасфальтбетон деп атап жүрміз. Бұл таза, әрі түбегейлі Қазақ­станның нанотехнологиясы. Себебі, бі­рін­шіден мұны қазақстандық ғалымдар іске асыруда, екіншіден тек қана отандық материалдар қолданылуда.

Бұған дейін жол саласында әлем бо­йынша 3 ғылыми жаңалықтың авторы, та­­нымал ғалым Бағдат Бұрханбайұлы отан­дық нанотехнологияға арналған құ­­рыл-­ ғы қолға алынғандығын қуана жеткізді:

– Бұл Қазжол ҒЗИ шаңырағында жасалған алғашқы қадамдар болатын, биылдан бастап нанобитум және наноасфальтбетондар бойынша ғылыми жобаны қолға алдық. Енді біз Қазақстанның көмірінен наноұнтақ алатын жаңа меха­никалық аспап жасап жатырмыз. Ол аспапқа жаңа өнертабыс ретінде патент алуға өтініш бердік. Сонымен қатар бұл аспапты жасап шығу үшін конструкторлармен бірлесе жұмыс істеп, сызбаларын бекітіп, осы аспапты зауыттан жасап шығаруға қадам жасап отырмыз. Сонымен бұйырса, осы жылдың аяғына дейін Қазақстанда көмірден наноұнтақ алатын жаңа аспап пайда болады.

Жақсы жаңалығымен бөліскен ғалым­нан Президенттің жол саласына қатысты сынына тоқталуын сұраған едік.

– Биыл Президент жол саласына сын айтты. Ол орынды да, орынды сын жол саласындағы сапаны арттыруға серпіліс береді. Ол жолдың бәрі жаман ешкім жұмыс істемейді деген сөз емес. Мәселен, 60 жыл тарихы бар Қаз­жол ҒЗИ жасап жатқан жаңа аспап әлем­дегі елдердікінен ешбір кем емес, ең бастысы бұл – отандық өнім. Барлық материалдар жергілікті, битум да, нано­ұнтақ та, наноасфальт та. Осы аспапты пайдалана отырып, алдағы уақытта Қа­зақстанның бірнеше кен орындарынан алынған көмірді наноөлшемдер­ге дейін ұнтақтап, битумға қосып, осы алынған нанобитумдарды қосып жаңа асфальт­бетон алып, Қазақстан жолдарына пайдаланатын боламыз. Ең бастысы, Қазжол ҒЗИ ғалымдары қолға алған жаңа асфальтбетонның сапасы кәдім­гі асфальбетоннан жоғары болады. Қыс­та төменгі температуралық сызаттанулар мен жарықтар мөлшері мен жазда бо­латын сораптар да азаяды. Қорыта айт­қанда, отандық нанотехнология же­тіс­тіктерін халық игілігіне пайдаланып, жол­дың қызмет көрсету мерзімін ұзар­тып, ірі экономикалық тиімділік­ке же­тетін күн де алыс емес. Әрі қарай ғы­лымды жолдардың қызмет көрсету мер­зімін ұзартуға пайдаланып, арнайы стан­дарттар арқылы бекітетін боламыз, – дейді ғалым.

 

АЛМАТЫ