• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Қыркүйек, 2021

Алматыдағы эпидемиялық ахуал қаралды

146 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалы­ғымен өткен КВИ-дің таралуына жол бермеу жөніндегі штабтың отырысына Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. Онда Алматыдағы санитарлық-эпидемиялық ахуал және медициналық қызметтің сапасын арттыру шаралары қаралды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров хабар­ла­ғандай, қалада коронавирусқа қарсы тұрудың моделі және ковидке қарсы іс-әрекет бойынша жүйелі жұмыс қалыптасты. Жедел жәрдем мен алғашқы медициналық-санитарлық бөлімнің жұмысы қайта форматталды, инфекциялық стационарлар дерт жұқтырғандардың ауырлық жағдайына қарай эшелондарға бөлінді. Телемедицина орталығының мамандары үйдегі пациенттерді бақылайды. Барлық ковидті госпитальдар медициналық газдар, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және ағындарды залалсыздандыру жүйесімен жабдықталған. Медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау осы жылдың 1 шіл­де­сіндегі жағдай бойынша 91%-ды құрады, ал Алматыдағы анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің жабдықталуы 100%-ды құрайды.

Қабылданған шаралар инфек­цияның төрт толқынын жеңуге және КВИ бойынша санитарлық-эпиде­миялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте жоспарлы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аналар өлім-жітімін азайту бойынша индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде шаралар қабылданды, қан айна­лымы жүйесі ауруларынан бола­тын өлім-жітімді төмендету бойынша іс-шаралар жоспары жасал­ды. Медициналық қызмет көр­сету сапасы мен халықтың қанағат­танушылығын, медициналық ұйым­дарды корпоративтік басқа­рудың тиімділігін арттыру шаралары да жүргізілуде.

Медициналық кадрлардың жетіспеушілігін азайту үшін жол картасы бекітілді және биыл алғаш рет қала әкімінің гранттарына 120 резидентті қажет мамандықтар бо­йынша оқыту үшін қаржы бөлінді.

Кеңес барысында денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиялық ба­қылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова баяндама жасады.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов бірқатар проблемалық мәселені айтып, оларды шешу үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысын күшейтуі қажет. СЭБД эпидемиялық зерттеулердің сапасын жақсарту қа­жеттілігі көрсетілді. МӘМС қалалық филиалына мегаполис тұрғындарын медициналық сақтандырумен қамту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Е.Тоғжанов Алматы қаласының медициналық қауымдастығына КВИ-мен күресуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді, сонымен қатар медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, мониторинг топтарының жұмысын күшейту және халықты вакциналау бойынша бірқатар тапсырма берді.