Мыңдаған каталондық сенбіде Барселонада шеру жасап, Испаниядан тәуелсіздік алуға үндеді. Nacional Catalana ассамблеясы деп аталатын топ ұйымдастырған шеру кейінгі кезде өткен ең ірі наразылық акциясы атанып отыр.
Испания билігі Каталонияның 2017 жылы тәуелсіздік алуға қатысты өткізген референдумын заңсыз деп тауып, оны ұйымдастырған тоғыз каталондықты түрмеге жапқан еді.
Шеруге қатысушылардың көпшілігі бетперде киген. Полицияның хабарлауынша, оған 108 мыңға жуық адам қатысқан. Nacional Catalana ассамблеясының айтуынша, жиналғандар саны 400 мыңға жуықтаған. Бұл 2019 жылғы шерумен салыстырғанда төмен. Ол кезде Барселона көшелеріне шамамен 600 000-ға жуық адам шыққан еді. Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты наразылық акциялары кең көлемде өткен жоқ.
Наразылық Барселона мен Мадрид арасындағы шиеленіс бәсеңдегенде өтіп отыр. Таяуда Испания мен Каталония мәмілеге келуге ынта танытқан еді. Келесі аптада тараптар Барселонада жиналып, Каталонияның саяси қақтығысы бойынша келіссөздер өткізбек. Испания премьер-министрі Педро Санчес келісөзге қатысатынын не қатыспайтынын әлі растаған жоқ.