Краснодарда волейболдан ардагерлер арасында Ресейдің ашық біріншілігі аяқталды. Айтулы жарыста Қазақ ұлттық Аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) негізінде жасақталған «Алматы» клубы табысты өнер көрсетіп, күміс медальді иеленді.
50 жастан асқан волейболшылар сайысына барлығы 21 команда қатысты. Жерлестеріміз Е тобында өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Бұл ретте біздің команда жергілікті «Ермак», Удмуртияның «Воткинск» және Мәскеудің «Русь» клубтарын ойсырата ұтты. Ширек финалда «Алматы» Қиыр Шығыстан келген «Хабаровскіні» қапы қалдырды. Бұл ойындардың барлығында 2:0 есебі тіркелді. Жартылай финалда Краснодардың «Отдушинасымен» кездестік. Жергілікті жанкүйерлер өз командасына барынша қолдау көрсеткеніне қарамастан қазақстандық ойыншылар бұл жолы да шеберліктің шынайы үлгісін көрсетіп, 2:1 есебімен жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті.
Финалдық сайыста «Алматының» жолы Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы деген атағы бар, кіл мықтылардан жасақталған «Костромамен» қиысты. Дәп осы клубты биыл жерлестеріміз Санкт-Петербургте өткен турнирде жеңген болатын. Бірақ бұл жолы Волга өзенінің жағалауынан келген ойыншылардың мерейі үстем болды. Есеп – 2:0. Осылайша, «Алматы» Краснодар өлкесі сапарынан күміс медальмен оралды.
– «Алматы» клубы ардагерлер арасында өтетін көптеген турнирде өнер көрсетіп, әр кез елеулі табыстарға қол жеткізіп жүргенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұл жолы Ресейдің ашық біріншілігінде бас жүлде бұйырмағанымен, күміс медальді қоржынға салдық. Айтулы мемлекеттің әр өңірінен келген шебер ойыншылар жиналған жарыста екінші орын алудың өзі – керемет көрсеткіш. Сөз орайы келгенде, біздің еш алаңсыз жаттығып, дүбірлі додаларға еш кедергісіз қатысуымызға барынша жағдай жасап, үнемі қолдау көрсетіп жүрген ҚазҰАЗУ-дың ректоры Тілектес Есполов мырзаға зор алғысымызды білдіреміз, – дейді «Алматы» клубының капитаны Игорь Чекрусков.