«Скутер» акциясы аясында жүргізілген тексерулер барысында ең көп құқық бұзу оқиғалары Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында анықталды. Бұл туралы ҚР ИИДМ мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Барлығы 2 мыңнан астам шағын көлемді кеме (гидроциклдер, катерлер, моторлы қайықтар және т.б.) тексеріліп, 624 әкімшілік құқық бұзу жағдайы анықталды.
«Олардың негізгі түрлері: құтқару құралдарынсыз кемелерді пайдалану (құтқару кеудешелері, белдіктер, кеудешелер) – 326 жағдай; кеме құжаттарынсыз пайдалану – 104 жағдай; құқығы жоқ адамның шағын көлемді кемені басқару – 83 жағдай», деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
Бұдан басқа, тексеру барысында белгіленген тәртіпке сай тіркелмеген немесе техникалық байқаудан (куәландырудан) өтпеген кемелерді пайдалану, шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралы жүргізушілерінің белгіленген жылдамдықты асыруы, навигациялық белгілер талаптарының сақталмауы, тыйым салынған орындарда кемені әдейі тоқтату немесе тоқтап тұру, маневр жасау қағидаларының бұзылуы, кеме бортынан қоқыс пен өзге де заттарды лақтыру, шағын көлемді кемелер жүргізушілерінің көлікті пайдаланудың өзге де ережелерін бұзуы сияқты жағдайлар анықталды.
Дегенмен, биыл су көлігінде тіркелген көлік оқиғалары мен өлім-жітім саны өткен кезеңмен салыстырғанда 55%-ға төмендеген.
«Скутер» республикалық акциясын ҚР ИИДМ Көлік комитеті су көлігін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында флоттағы апаттардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде өткізеді.
Шомылу маусымы ашылғанға дейін Комитеттің аумақтық органдары кеме иелерімен, шағын көлемді кемелер мен демалыс аймақтары база-тұрақтарының иелерімен шағын көлемді флотты қауіпсіз пайдалануды реттейтін заңнама талаптарын түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыс жүргізді.
«Алайда, профилактикалық шараларға қарамастан, биыл 3 көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 1 бала зардап шекті. Ақаулары бар кемемен жүзу, сондай-ақ кеме жүргізушілерінің белгіленген жылдамдықты асыруы осындай оқиғалардың негізгі себептері болып отыр», деп жазылған хабарламада.