Үстіміздегі жылғы 17 қаңтарда бәріміз ел тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болдық. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы Стратегияның басты мақсаты болып табылатын Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кірудегі негізгі міндеттері мен жоспарын жария етті.
Үстіміздегі жылғы 17 қаңтарда бәріміз ел тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болдық. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы Стратегияның басты мақсаты болып табылатын Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кірудегі негізгі міндеттері мен жоспарын жария етті.
Кезең-кезеңге бөле отырып, ұзақ мерзімге жоспарлау, алдымызда тұрған көп міндеттің ішінен ең бастыларын ажырата білу – Елбасы тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарынан бері ұстанған, іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен әдіс.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы Қазақстанның жоғарыда айтылған өршіл мақсаттарға жету жолындағы жаңа сапалы кезеңін айшықтап, елімізде және халықаралық қоғамдастықта оң қабылданды. Жолдауда баяндалған негізгі қағидалар мемлекет пен қоғамның бүкіл қазақстандықтар мүддесін көздей отырып дамуының бағыттары мен басымдықтарын айқындайды, Конституцияда бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті күшейте түсіп, Конституцияның нормаларынан қисынды түрде туындайды және соларға сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы жария еткен, тұжырымдамасы осыған аттас Патриоттық актіде көзделетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, Конституцияның «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізгі ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» делінген кіріспесінен тікелей туындайды.
Негізгі Заңда баянды етілген қазақстандық патриотизм қағидаты (1-баптың 2-тармағы), Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасын құрайтын, жалпыұлттық құндылықтар болып табылатын Қазақстанның тәуелсіздігі, ұлттың біртұтастығы, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам мен жоғары руханилық, индустрияландыру мен инновацияға негізделген экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен тіліміз, ұлттық қауіпсіздік, әлемдік және өңірлік ортақ проблемаларды шешуге жаппай атсалысу түріндегі толыққанды идеялық мазмұнға ие болды.
Жолдаудың әлеуметтік бағыттағы дестесі маңызды конституциялық-құқықтық негізге ие. Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деп атап көрсетілген. Өзінің бірқатар шешімдерінде республиканың Конституциялық Кеңесі бұл қағидалар Қазақстанның өз мүмкіндігіне қарай отырып, жоғарыдағы қағидаларды жүзеге асыруға міндеттеме алған мемлекет ретінде даму ниетін білдіреді деп түсіндірді. Мемлекет басшысы белгілеп берген, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемін 13 мың АҚШ долларынан 60 мың долларға дейін арттыру, қазақстандықтардың өмір сүру жасын 80 жасқа жеткізіп, одан да асыру, жалақыны, әлеуметтік төлемдер мен шәкіртақыны көбейту, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін қысқарту, балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамту және т.б. міндеттер осы бағыттың іс жүзінде орындалуына қызмет етеді.
Негізгі Заңда баянды етілген әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға және т.б. құқықтары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының конституциялық негізін құрайды. Конституция адамдардың әл-ауқатты тұрмысының бірден-бір көзі – жасампаз еңбек екенін негізге алады. Мемлекет әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуына кепілдік береді. Мұның бәрі салиқалы әлеуметтік саясат жүргізуге мүмкіндік туғызады. Өмір сүрудің жоғары деңгейі мен сапасы еліміздің дамуындағы нақты мақсат болып табылады. Бұл орайда сапалы білім беруге, жоғары технологиялы медицинаға, саламатты өмір салтына, бұқаралық спортқа ерекше ден қойылады.
Елбасымыз атап өткендей, XXI ғасырдағы дамыған ел – белсенді, білімді және дені сау азаматтар.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың басым бағыттары, ауыл шаруашылығы кешенін жаңғырту, ғылымды кең пайдаланатын экономика құру, жаңа экономикалық саясаттың мәйегі болып табылатын агломерацияны, көлікті және энергетиканы дамыту – Қазақстанның бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуы туралы конституциялық қағидаға негізделеді (Негізгі Заңның 1-бабының 2-тармағы).
Реформа жүргізудің алғашқы кезеңінде-ақ Конституцияда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының құқықтық негіздерін – әлеуметтік бағытталған нарықтық экономика, кәсіпкерлік қызмет еркіндігі, меншіктің нысандарының саналуандығы мен теңдігін бекітті. Осы қағидаларды дәйектілікпен жүзеге асыра отырып, Қазақстан бүгінде өзінің дамуының инновациялық өсу стратегиясына негізделген жаңа деңгейіне шықты. Бүкіл адамзат үшін өзекті болып табылатын болашақтың энергиясы, баламалы қуат көздері және «жасыл экономика» секілді салаларда жаһандық экономиканы дамытуға деген заманауи көзқарасты паш ететін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу жоспарланып отырғандықтан, Жолдау бұл бағыттағы жұмыстарға тың серпін береді. Экономиканың жаңа салаларын, бірінші кезекте, мобильдік және мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботтехникасы, гендік инженерия салаларын құру, сондай-ақ, даму көрсеткіштері жоғары мемлекеттерді мүшелікке біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бірқатар қағидалары мен стандарттарын енгізу көзделуде.
Қазақстанды ХХІ ғасырда индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы ретінде кіші және орта бизнесті одан әрі дамыту айқындалған. Мемлекет басшысының пікірінше, шағын бизнес атадан балаға берілетін отбасылық дәстүрге айналуға тиіс, ал бұл Негізгі Заңның: Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады, меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі деген қағидаларына (26-баптың 1 және 2-тармақтары) және т.б. негізделеді. Бұл конституциялық нормалардың талаптарын мейлінше толық жүзеге асыру мақсатында жекеменшік институтын күшейту жөніндегі заңнамалық шаралар қабылданатын болады.
Жолдауда мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіруге ерекше назар аударылған. Әкімшілік реформа шешім қабылдау үдерісін оңтайландыруға, төрешілдік ресімдерін, қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымын жоюға, жер-жерлердегі басқару органдарының халық алдындағы есептілігін, жұмысының нәтижесі үшін жауаптылығын арттыра отырып, оларға өз алдына дербестік беруге қаратылады. Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік ұйымдардың кадр саясатына меритократия қағидасын енгізу ең лайықты кандидатураларды іріктеп алуға, қызметкерлерді еңбегіне қарай бағалау арқылы өсіруге мүмкіндік береді, ал бұл, өз кезегінде, халықтың мемлекетке деген, оның институттарына деген сенімін нығайтады.
Ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жаңғыртудың болашағы Конституциямен үндеседі. Жолдауда құқықтың үстемдігі және жұрттың бәрінің заң алдындағы теңдігі қағидасын одан әрі жүзеге асыру, сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру мен жүзеге асыру, халықтың құқықтық мәдениетін көтеру мәселелері өзекті тақырып етіп алынған.
Бұл конституциялық міндеттер жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Жуырда ғана Мемлекет басшысы 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына құқықтық жүйенің жария және жеке құқық саласындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Республика Президенті, сондай-ақ, Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Құқық қорғау органдарының кадр саясатының тұжырымдамасын бекітті.
Тұлға құқықтарының қорғалуына конституциялық кепілдіктерді күшейту, сот ісін жүргізудің тиімділігін және құқықтық жауапкершілік шараларын қамтамасыз ету қажеттігіне орай, құқық қорғау органдарының, соттардың және азаматтардың құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жазаны және басқа да жауапкершілікті орындату жөніндегі өзге де құрылымдардың қызметінің негізгі бағыттары айқындалатын, қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік құқықтық саясатты көрсетудің басты нысандары ретінде қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару және әкімшілік-деликтілік заңнаманы тереңінен реформалау қажеттілігі туындады. Қазіргі таңда осы мақсатта әзірленген Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакцияларының жобалары Парламенттің қарауында жатыр.
Мемлекет басшысының Жолдауы – Конституцияны одан әрі тереңдетіп жүзеге асыруға бағытталған, ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы басты мақсатқа – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатына қол жеткізудің былайша айтқанда «жол картасын» айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат болып табылады.
Жолдаудың негізгі қағидалары Негізгі Заң талаптарынан тікелей туындайды, түптеп келгенде, конституциялық қағидалар мен нормаларды жүзеге асырудың бағдарламасы болып табылады.
Игорь РОГОВ,
Қазақстан РеспубликасыКонституциялық
Кеңесініңтөрағасы.