Ұлы даланың бай шежіресін ақтарғанда қазақ баласы аңсаған егемендіктің бастауында сонау ғұн мен сақ дәуірінен бастап, тіпті одан да арғы кәрі тарих кәдеге жарайды. Алаш азаттығының анық басында түбі бір түркі әлеміне аты мәшһүр алыптар шоғыры тұрғаны анық. Еңселі елдің егемен рухы оның топырағында дүниеге келіп, тағдыр айдауымен қиыр кеткен, сөйте жүріп әлемді өзіне бай ғылымымен, жауынгерлік хас шеберлігімен қарата білген кесек кемелдермен тамырлас. Тарихты тауанды тұлғалар жасайды десек, қазақ жүріп өткен сан тарау жолдың түп бастауында ұлы сахарада дүниеге келген аңыз алыптарымыздың тұрғанын көреміз. Біз бүгін сондай, сүйегі жат топырақта қалса да, сүбелі сөзі қазақ еншісіне жазылған жақсыларымызды еске алып жадымызды жаңғыртқымыз келеді.
Еркіндігіміз еңселенген тұста тұғырлы тұлғаларымызды ұрпақ есіне қайта салдық. Тәуелсіздік алған бетте Алаш тарихының терең қойнауына бас қойған жас буын өз өткеніне жаңаша үңілді. Сонау Күлтегін бабамыздан бастап, Бейбарыс сұлтанға дейінгі, әл-Фараби әлемін көктей өтіп, Әйтеке би, Төле би есімдері ел есінде қайта жанданды. Жалпы, соңғы демі туған жерден жырақта үзілгенімен, қазақ тарихын оларсыз түгендей алмайтын тұлғаларымыз өте көп. Бұларды айрықша атап отырғанымыз сол, егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жиған соң, қиырда қалған сол қазыналарымызға қайыра мойын бұру ісін жедел қолға алған болатынбыз.
Әл-Фараби әлемі
Игі істердің ішінде біз алдымен философ, қазақ даласынан шыққан ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби есіміне ерекше маңыз бергеніміз белгілі. Жалпы, арғы тарихымыз сонау тоталитарлық Кеңес өкіметі кезінде де үлкен жанкештілікпен зерттелді. Айталық, Фараби мұрасын, оның Отырар топырағында дүниеге келген қыпшақ текті ғұлама ғалым екенін дүние жүзіне дәлелдеген бір ғана Ақжан Машани еңбегінің өзі неге тұрады? Ел егемендік алған соң жас мемлекетіміз сол Машани сынды зерделі ғалымдардың зерттеулерін әрі қарай жалғастырып, жаңа сатыға көтерді. Аруақты бабалардың жатқан жерлеріне мемлекет ерекше көңіл бөліп, екі ел арасындағы ынтымақтастық негізінде қарапайым кесенені кешенді орталық деңгейіне дейін шығару жұмыстарына белсене кірісті. Бұл орайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен 2004 жылдан бастап жүйелі жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасының атқарған рөлі ерекше.
Бай тарихымыздағы бабалар ізіне үңілген бағдарламаның басында әлбетте, әл-Фараби мавзолейінің құрылысын қолға алу тұрды. Сонау Шам шаһары мен Отырар арасын жалғап жатқан ұлы баба жолы ұрпаққа үлгі-өнеге. Игі мақсатта мемлекетіміз ғұлама кесенесін жаңартып, бір бөлігін мешіт, тарих және мәдениет бойыша экспозициялық залдардан, оқу залы бар кітапханадан, конференц залдары мен қонақүйлерден тұратын тұтас кешен етіп жасауды жоспарлады. Келелі істің көбі атқарылды. Бүгінде бабамыздың жерленген жері, Сирияның астанасы Дамаск қаласындағы «Баб ас-Сағир» – «Кіші қақпа» зиратында «әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы ғұламамыздың қазақ топырағынан түлеген тұлға екені айқын, анық көрсетіліп, жазылып тұр.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби бабамыздың басына тәу етіп, құран бағыштаған болатын. Сол сапар нәтижесінде жоғарыда аталған мұнаралы мавзолейдің, бір жағы тарихи-мәдени орталықтың құрылысы жүргізілді. Әрине, көп жылдан бері соғыс өрті жиі тұтанып тұрған Шам шаһарындағы аталған мавзолейді екі ел көзінің қарашығындай сақтауы қажет. Әлі де аяқталмаған істер баршылық. Өз заманында «Қайырымды қаланың тұрғындары» деп ой толғаған ғұлама ғалымның көксегені де адамзат баласының татулығы болса керек.
Бейбарыс баба бейіті
Шам шаһары – күллі адамзаттық өркениеттің һәм мәдениеттің тоғысқан жері екеніне тағы бір дәлел, қазақ топырағында туып, тағдырдың айдауымен жат елге құлдыққа сатылған Бейбарыс сұлтанның бүкіл әлемді дәргейіне жүргізіп, өмірінің соңын осынау көне шәрде түйіндегені болса керек.
Қазақтың көрнекті тұлғасы Сұлтан Бейбарыстың есімі, жалпы қазаққа ғана таныс емес, оның өмір жолы, соңында қалдырған ғибраты, мұрасы жаһандық жәдігерлер санатында. Мысырдың билеушісі болған ұлы қыпшақ қолбасшысы – біздің арғы тархымызбен тамырлас тұлға. Бейбарыс сұлтан есімін жаңғыртуда да мемлекетіміз тәуелсіздікті енді алған сонау елең-алаң шақтың өзінде ірі-ірі қадам жасады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбарыс сұлтанды жан-жақты насихаттауда елеулі істерге басшы бола білді. «...Бейбарыс, Абылай хан, Әбілқайыр, Әл-Фараби және тағы басқа тұлғалардың есімдерін біз және біздің ұрпағымыз есте сақтау қажет... Дүние жүзі қазақ халқын, олардың ата-бабаларын, біздің қандай мықты болғанымызды және болатынымызды білуі керек», деген тұңғыш Президент 2007 жылы Сирияға барған сапарында қос бабамыздың басына зиярат етіп, әл-Фараби мавзолейі құрылысының қазығын қағып, Сұлтан Бейбарыс мавзолейінің күрделі жөндеуіне батасын берген болатын. Бейбарыс сұлтанның Дамаскідегі бейітіне қоса, Мысырдағы сұлтан салдыртқан мешіттің күрделі жөндеуіне де мемлекет көмек қолын созу керектігін тапсырды. Деректерге сүйенсек, аталған қасиетті нысанның қайта жандануы үшін Қазақстан тарабы екі ел арасындағы достық байланыстың негізінде мешітті жаңғырту жобасына керек 12 млн АҚШ долларының 4,5 млн-ын бөлген болатын. Сол кезеңнен бергі түрлі саяси және экономикалық дағдарыстың салдарынан сұлтан салдыртқан зәулім нысан құрылысы тоқтап-тоқтап жүрді.
Бүгінгі таңда ұзақ жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалғыз Мысырдың ғана жай билеушісі емес, ислам дінінің кең қанат жаюына үлкен ықпал еткен, түркі әлемін сонау қиырдағы Мысыр төріне шығарған даңқты тұлға Бейбарыс сұлтанды жалпы адамзат қазақ топырағынан шыққан тұлға деп таниды.
Мұхаммед Хайдар Дулати дүниесі
Арғы тегімізге үңіле жүргенде біз тағы бір даңқты бабамыз, жоғарыда атап кеткен алыптардың қатарында Мұхаммед Хайдар Дулатидің барын білген болатынбыз. Ол да кіндік қаны қазақ даласында тамып, зираты сонау Үндістан топырағында қалған тамырымыз бір түркі нәсілі. Көне Кашмир шаһарын 10 жыл билеген көрнекті мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, тарихшы ғалым, шайыр Дулатидің сүйегі Кашмирдегі «Мазар-и Салатиндегі» – «Сұлтандар мазарында» жатқанын өзіміздің тарихшы ғалымдарымыз анықтаған еді. Иә, «Тарих-и Рашидиді» оқығандар Дулатиді әуелден Ұлы даладан шықанын білетіні белгілі. Дулатиді зерттеу жұмысы егемендікке дейін қолға алына басталды. Әйтсе де нақты тұжырым азаттыққа қол жеткізген тоқсаныншы жылдардан бері қарай жасалды. Оны дулатитанушы ғалым, марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі: «1997 жылы Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жаздым. Кашмирге барып М.Х.Дулати жайлы мағлұматтар жинап келуге рұқсат сұрадым. Министр рұқсат берген соң Делиге бардым. Елшілік көмегімен Делиде Кашмирді жақсы білетін бірнеше ғалыммен кездестім. Дулатидің зиратын солай таптым. Ондағы жазуларды оқыдық. Кашмир университетінде бірлескен халықаралық конференция өткіздік. Ол жайлы еліміздің басшыларын да хабардар еттік. 1999 жылы М.Х.Дулатидің туғанына 500 жыл толуына орай Алматыда өткен халықаралық конференцияда бас баяндаманы жасадым», деп жазады.
Дулатидің қазақ даласының перзенті екенін дүние жүзіне танымал тарихшы ғалым, саясаткер Рам Рахул: «Қазақстанның тәуелсіз ел болғаны және Дулати сияқты ірі тұлғаларын іздегені бізді өте қуантады. Дулати – қазақ, ол – әлем тарихы мен мәдениетінде үлкен із қалдырған сіздердің тікелей ұлы бабаларыңыз. Ондай алыптар қазақ халқында бірлі-жарым емес, көп. Дереккөздерден іздеңіздер, біздер көмектесеміз», деп нақты айтқан. Бұл тәуелсіз қазақ елінің мерейін өсіретін сөз, бұл егемендік жолында жеткен мол тарихи табыс, баға жетпес олжа. 1997 жылы ұлы тұлғаның мәңгілік есте қалдыру үшін Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі Тараз мемлекеттік университетіне берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылдың тамызында Тараздағы Мұхаммед Хайдар Дулатидің ескерткішін салтанатты түрде ашқанда: «Біздер батыр да дана бабаларымыздың еңбегі мен ерлігінен жігер алып, жастарды сондай рухта тәрбиелеуіміз қажет. Мұхаммед Хайдар Дулатиге ашылған ескерткіш ұрпақты рухтандырады. Келесі жылы туғанына 500 жыл толатын бабамыздың араға ғасырлар салып туған жерге, кіндік қаны тамған топыраққа оралуы – үлкен бақыт», деген болатын.
Төле би тағылымы
Қазақ тарихын қара қылды қақ жарған Қарлығаш бисіз, иә, заманында Ташкентте өз билігін жүргізген Төле бисіз елестете алмас едік. Егемендігіміздің жолында елеулі тұлғалар қатарын Төле би Әлібекұлы толықтырады. Асыл бабамыздың сүйегі де көршілес өзбек ағайындардың астанасы Ташкентте жатыр.
Қара қылды қақ жарған Қарлығаш би өзі ұстаз тұтқан Шайхан-Тәуір әулиенің жанында жатуды көзі тірісінде аманат қылған деседі. Он үшінші ғасырда өмір сүрген қасиетті қожа Төле бабамыздың түсіне кіріп, аян берген. Шайхан-Тәуір Хазірет Омар Халифаның он жетінші ұрпағы саналған әулие адам болған деседі. Төле би ұрпақтарына өсиет етіп, өзінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген ұстазының қасына жерлеуді тапсырған. Кесене бүгінгі таңда көптеген турис арнайы ат шалдыратын киелі мекен. Оның сонау кеңес заманынан аман қалған қабырғалары бүгінде қайта қалпына келтіріліп, екі елдің ортақ мәдени құндылығы ретінде тарихтан сыр шертіп тұр. Соңғы жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізген зерттеулердің нәтижесінде Төле бидің төңірегіне қатысты құнды деректер көптеп табылып жатыр. Деректерге сүйенер болсақ, мавзолей жалпы үш мәрте жөндеу көрген. Соңғы рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы көрші елге жасаған сапары алдында қалпына келтірілген. Бұл жерде белгілі мемлекет қайраткері Зауытбек Тұрысбековтің Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып қызмет атқарған кезде Төле би кесенесін жөндетіп, Әйтеке бидің мавзолейін бүтіндей қайта салуға, Ресейдегі Бөкей хан кесенесін тұрғызуға тер төккен зор еңбегін ерекше атап өтуіміз керек.
Әйтеке әзірет
Өзбекстанның Науаи облысы, Нұрата елді мекенінде қазақтың атақты үш биінің бірі Әйтеке бидің үлкен кесенесі бар. Тәуелсіздік алған соң жақсыларымызды жан-жақтан іздегенде, қабырғалы бидің сүйегі сонау Нұрата топырағында екенін есімізге түсірдік. Қазақ халқы жалпы тарихын қағаз бетінен гөрі жадына жақсы жазатын халық емес пе? Сондай-ақ біздің тарих кең сахараның төсіне орнатылған күмбезді кесенелермен тамырласып жатқан көне тарих. Хиуаның қызыл қышынан бұқар шеберлері өріп тұрғызған Әйтеке бидің әйгілі кесенесі де Кеңес өкіметінің өктем саясатына құрбан бола жаздады. Кезінде бульдозермен күреп тастағалы жатқан жерінде, жергілікті халық трактордың алдына жатып алып, аман алып қалған Әйтеке бидің мәңгілік қонысы – біздің рухани құнды қазынамыз дер едік. Мешіті бар, қонақүйі бар, мұражайы бар аталған кешен де еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңаша гүлденген. Кесене тұрған аудан Нұрата атануының себебі де еліміз тікелей қазақтың Әйтеке биінің қасиетімен байланысты. Нұрата мешітінде әйгілі Әмір Темір, Ұлықбек ғұлама, Жалаңтөс баһадүр намаз оқыған деген дерек бар. Әрине, заманында бабалар бақилық бесік еткен бұл өлкелердің Алаш қалалары болғанын біз айтпасақ та, тарих өзінің зор тақтасына түгел жазып қойған. Кейде үлкен есеппен алып қарағанда, бабаларымыздың бұл өлкелерде не үшін барақат тапқанын оңай бағамдауға болады. Қазақ ұлысы өз шекарасын әуелден бабасының көне қорымдарымен шегендеп отырған жоқ па? Жел өтінде жатып-ақ жас ұрпағының жер шекарасын күзетіп келе жатқан күмбездер – біздің рухани тірек-қамалдарымыз.
Бөкей хан биігі
Елбасының тапсырмасымен, ұлтжанды азаматтардың, отаншыл жігіттердің жұмылуымен шекара шегіндегі Бөкей хан кесенесі де азаттық таңымен бірге бой көтерді. Тағдырдың жазуымен Астраханьнан топырақ бұйырып, асыл сүйегі аталған облыстың Краснояр ауданы аумағында қалған Бөкей хан зираты да біздің қастерлі құндылығымыз. Ресейдегі қандастарымыздың ең көп шоғырлана орналасқан жері – нақ осы Астрахань облысы. Сонау 2000 жылдардың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков Ресей билік орындарымен жүргізілген келіссөз нәтижесінде Бөкей хандай ұлы бабаның басына күмбезді кесене тұрғызу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Жұртшылықтың ықылас-ниетіне қарай Бөкей хан кесенесін көтеру арқылы екі ел арасындағы достық байланыс бұрынғыдан да биіктей түсті. Кесененің қас бетіндегі жасыл мәрмар тасқа қазақ және орыс тілдерінде: «Бөкей хан кесенесі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан-Ресей халықтарының ежелгі достығы құрметіне арналып тұрғызылды», деп жазылған.
Оған қоса, сол Астрахань облысына қарасты Володар ауданының Алтынжар ауылында даңқты күйші-композитор Құрманғазының кесенесі бар. Атақты күйшінің атқа мініп, қолына домбырасын ұстаған еңселі ескерткіші Астрахань қаласының қақ ортасында тұр. Алтынжардағы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекетаралық мәдени кешен екі елдің рухани байланысын нығайтуға елеулі ықпал етіп келеді. Бұл жұмыстардың барлығы жалпы алғанда тәуелсіздікпен жеткен рух түлеуі, көкке ұмсынған көк түріктердің асқақ мұраты деуге болар.
Түйін. Ұлт азаттығының бойтұмарындай болған алыптарды ұлықтау – мемлекеттің міндеті. Олар жүріп өткен жол – жаңа ұрпаққа айқын бағыт-бағдар. Кемеңгерлеріміздің кесенелерін қалпына келтірдік, еңселі ескерткіштерін орнатып ұлт ғұламаларын ұлықтау ісінде олардың құнды мұраларын сақтап қалуға күш салдық. Жалпы айтпағымыз, шетелдерде қазақ тарихына қатысты нысандар, тарихи-мәдени жәдігерлер, бабаларымыздың қорымдары әлі де баршылық. Жоғарыда тұлғаларына тағзым еткен алыптарымыздың шоғырын мүрделері тар заманның тарпуымен қиырда қалған Оразмұхамед сұлтан, қаншама Алаш арысы, атап айтқанда Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай сынды ұлт зиялылары жалғастырады. Мемлекетіміз алдағы уақытта олардың да зираттарына, арттарында қалған бай мұраларына қамқорлық танытып, жалпыадамзаттық деңгейде насихаттауы керек.