Солтүстік Қазақстанда биылғы «Мерейлі отбасы» байқауының аймақтық кезеңіне 29 отбасы қатысқан еді. Соның ішінде Шал ақын ауданының Ольгинка ауылының тұрғыны Сергей мен Инна Крейдундардың отбасы ұлттық байқаудың республикалық 17 жеңімпазының қатарынан табылды.
Өткен аптада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың онлайн режімде қатысуымен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ұлттық байқаудың жеңімпаздары болған көпбалалы отбасыға 5 млн теңгенің сертификатын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан диплом және ескерткішке бағалы сыйлықтар тапсырды. Крейдундардың отбасы өздерінің тату-тәтті, үйлесімді отбасы екендіктерін көрсете білді. Бұл шаңырақтан үнемі жайдары күлкі мен жарқын үндер ғана шығып тұрады.
Сергей мен Инна Крейдундар осыдан 28 жыл бұрын үйленген. Отағасы жергілікті шаруа қожалығында механизатор болып істейді. Ал әйелі Инна Андреевна – мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Екеуінің Андрей деген ұлы мен Виолетта есімді қызы бар. Соған қарамай бұл шаңырақ 2017 жылы «Патронаттық отбасы» бағдарламасы бойынша бес баланы асырауына алған. Олар Любовь, Валентина, Петр, Маргарита және Вероника есімді балалар. «Өзіміздің шешімімізге ешқашан өкінбейміз. Өйткені олар өзіміздің туған балаларымыздай болып кетті», дейді отанасы Инна Андреевна.
Бүгінде отбасының балалары ержетіп, үлкендерінің қолдары өз аузына жеткен. Үлкен ұлы Андрей өзінің қосалқы шаруашылығымен айналысады, Виолетта – тәрбиеші, Люба – 2-курс студенті. Ал кішілері – Валентина, Маргарита, Вероника және ұлы Петр мектепте оқиды. Олардың барлығы қазақ тілін еркін меңгерген.
Инна Крейдун: «Балаларымызды мақтан тұтамыз. Біз оларды өсірсек, олар бізге өмірдің мағынасын берді. Оқу, мамандық алу, болашақты жоспарлау мүмкіндігін бергені және отбасымызды қолдағаны үшін мемлекетке үлкен алғыс айтқым келеді. Өмірді білу және оның құндылықтарын бағалау өте маңызды. Өйткені барлық мемлекеттер жас ұрпаққа соншалықты мұқият қарамайды. Оң көзқарас болашаққа деген сенімділік пен оптимизм сезімін ұялатады», дейді.
Солтүстік Қазақстан облысы