Режиссер Фархат Шәріповтің «18 килогерц» фильмі ХVII Қазан халықаралық мұсылман кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. «Үздік толықметрлі ойын фильмі» атанған кинокартина операторлық жұмысы үшін де марапатталды.
Айта кетейік, «18 килогерц» фильмінің әлемдік тұсаукесері Варшавадағы халықаралық кинофестивальда өтіп, бас жүлдеге ие болды. Кейін Котбуста (Германия) өткен 30-шы халықаралық кинофестивальда да үздік атанды.
«18 килогерц» – 90-жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірі баяндалатын көше тарихына құрылған. Фильмдегі басты рөлдерді дебютант актерлер сомдады: Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со. Кинокартина былтыр қазанда 36-шы Варшава халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін қанжығалап, сенсация орнатты. Одан бөлек Пусан халықаралық кинофестивалінің «Азия киносына терезе» атты конкурстық бағдарламасында көрсетілді.
XVII Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалі Татарстан Республикасының астанасында 5-10 қыркүйек күндері аралығында өтті. Биыл форумға 45 елдің кинематографистері өтінім берген.