Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Нұр-құрылыс ЛТД» деп аталатын серіктестік карьерде заңсыз жұмыс жасағаннан мемлекетке 343 420 теңгенің залалын келтірді. Бұл туралы аудан прокурорының көмекшісі Руслан Пірназардың ақпарына сүйенген Egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Аудандық прокуратура қызметкерлері аудандық ішкі істер бөлімі жол полициясы бөлімшесі мен мемлекеттік экологиялық инспекторларымен бірлесіп, жеке және заңды тұлғалардың жер қойнауын пайдаланудағы экологиялық заңдылықтарды сақтаулары жайына рейдтік тексерулер жүргізді. Оның барысында «Нұр-құрылыс ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңақорған кенті Әлшекей көшесінің бас жағында орналасқан заңсыз карьерден «Hitachi-330 Zaxis» маркалы эксковаторы мен «Howo» маркалы екі көлігі арқылы құмды малта тастарды тасымалдаумен рұқсатсыз айналысып келгенін анықтады», - деді прокурордың көмекшісі.
«Аталмыш серіктестіктің осы әрекеті арқылы табиғатқа келтірген 343 420 теңге залалы мемлекет пайдасына өндірілді», - делінген хабарламада.
«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамаларының дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын қадағалау бағытында Жаңақорған аудандық прокуратурасы қызметкерлері 2013 жылы бірқатар міндеттерді атқарды. Өткен жылдың ішінде бұл бағытта 6 тексеру жүргізіліп, 75 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде бұлардың 56-сы жойылып, енгізілген 8 ұсыныстың қаралу қорытындысымен 47 тұлғаның әкімшілік жауапкершілігі шешілді. Мемлекетке келтірілген 353 806 теңге залал өндірілді», - деді сөздің түйінінде құқық қорғау органының өкілі.
Құрыш Нұрымбет.
Дереккөз: Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы.