• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бокс 25 Қаңтар, 2017

«Astana Arlans» жаңа маусымын бастайды

6922 рет
көрсетілді

Алматыда Бокстың бүкіләлемдік сериясындағы жетінші маусымының және WSB-ның екі дүркін жеңімпазы «Astana Arlans» командасының жаңа құрамының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Белгілі жарыстың форматына, бірқатар клубтар қысқаруы себепті, айтарлықтай өзгерістер бар. Енді 12 команда құрлықта орналасу ыңғайына қарай үш топқа бөлініп, кейін әр топтың жеңімпаздары бір-бірімен кездеседі. «С» тобындағы «Astana Arlans» Азияның «Russian Boxing Team», «China Dragons» және «Uzbek Tigers» командаларымен бақ сынасады.

Жаңа маусым ақпан айында басталып, әр топтың жеңімпаздары сәуір айында болатын плей-оффқа дейін анықталуы тиіс. Ал финалдық жекпе-жектер маусым айында өтеді. Ширек финалға топаралық сайыстардан екі жеңімпаз және үшінші орын алған екі клуб өтеді.

Айта кету керек, маусымдар аралығында «Astana Arlans» клубының құрамында біршама өзгерістер болды. Басшылар клубты ықшамдау туралы шешім қабылдап, биыл команда құрамында ел намысын былтырғыдай отыз емес, жиырма боксшы қорғайтын болды.

Клубтың бас менеджері Серік Сәпиевтің айтуынша, жаңа маусымда клуб құрамында еліміздің ең бір мықты деген боксшылары өнер көрсетеді. Олардың ішінде жақында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Рио олимпиадасына қатысқандар да бар.

Ұйымдастырушылар биылғы маусымға жоспарлаған игі істердің бірі – бокстың өңірлерде дамуына ықпал ету мақсатында командалық кездесулер еліміздің бірнеше қаласында өткізіледі.

Тағы бір жаңалық – бұған дейін Қазақстан құрама командасында 52 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен, WSB-ның бесінші маусымының жеңімпазы, Рио олимпиадасына қатысушы Олжас Сәттібаев команда капитаны болып сайланды.

«Astana Arlans» командасының жаңа маусымдағы құрамында, сонымен қатар, WSB-ның бесінші маусымының жеңімпазы Теміртас Жүсіпов (49 кг дейін), Лондон олимпиадасына қатысушы, былтырғы ел чемпионатының жүлдегері Ілияс Сүлейменов (56 кг дейін), ел чемпионатының күміс жүлдегері, WSB-ның 2015 жылғы чемпионы Закир Сафиуллин (60 кг дейін), WSB-ның 2015 жылғы жеңімпазы,  WSB-ның 2016 жылғы болжамы бойынша Азияның үздік боксшысы Асланбек Шымбергенов (69 кг дейін), А.Құлыбаев атындағы  халықаралық турнирдің жеңімпазы, биылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері, WSB-ның 2015 жылғы жеңімпазы Қанағат Маралов (69 кг дейін), Универсиада жүлдегері, WSB-ның 2015 жылғы жеңімпазы Нұрдәулет Жарманов (81 кг дейін) сияқты дарынды боксшылар өнер көрсетеді.

«Astana Arlans»  жетінші маусымның алғашқы матчын 4 ақпан күні «Russian Boxing Team» клубымен өткізеді.

Әнуар Абдрахманов