• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Қыркүйек, 2021

Ринг сыртындағы «бокс»

889 рет
көрсетілді

Токио Олимпиадасынан кейін «Қазақстан боксы құрдымға кетіп барады» деген сыңайда түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Осы саланың басы-қасында жүрген мамандар мен көптеген жанкүйерлер тарапынан айтылған сынды біз орынды деп есептейміз.

 

Осыған дейінгі Олимпия ойындарының бірде-біреуінен бас жүлдесіз оралмаған, тіпті үнемі үздіктер қатарынан көрі­ніп жүрген былғары қолғап шебер­леріміз Күншығыс елінде оңбай сүрінді. Расында да, бар­ша жұрт бес жыл бойы тағат­сыз­дана күткен ғаламдық дода­дан еліміздегі №1 спорт түрі өкіл­де­рінің небәрі екі қола медальмен оралуы көңілімізге кірбің тү­сір­гені рас.

Жуан жұдырықты жігіт­тері­міздің жарқын жеңісіне жан­күйерлердің де әбден еті үйреніп қалған еді. Әр Олимпиада сайын кемінде бір алтын, бірнеше жүл­де және де тәуелсіздік алғалы бері отандастарымыздың Баркер кубогын үш рет иеленуі – ел спор­тының әлемдік қоғамдастық алдында абыройын асқақтатып, мерейін өсірді.

Осындай зор табыс­тары­мыз­дың арқасында Қазақстан бок­­сының даңқы алыс­қа жа­йыл­ды. Бірақ Токио Олимпиа­да­сынан кейін барлық еңбегіміз жоқ­қа шыққандай. Қуа­нышы­мыз да су сепкендей басылды. Жапонияның астанасында өт­кен жарыс Қазақстан боксын­да қордаланып қалған біраз проб­леманың бар екенін байқатты. Ең бірінші кезекте, дайындық жұ­мыстары дұрыс жүргізілмеді деген ыңғайда әңгімелер айтылды.

Спорт­шы­лар жыл оны екі ай оқу-жаттығу ­жиындарында болады, одан қалса көптеген жарыстарға қатысады. Оның арасында керегі де, керексізі де бар. Мәселен, жігіттерімізді дәл Олимпия ойындары қарсаңында ұйымдастырылған Азия чемпионатына қатыстырудың қандай қажеті болды? Соның кесірінен боксшылар Күншығыс еліне шаршап-шалдығып барды. Екіншіден, ұлттық құрама бапкерлері акклиматизация мәселесіне дұрыс мән бермеген. Яғни осы спорт түрінің басы-қасында жүрген мамандар жергілікті жердің ауа райына дұрыс бейімделу жағын мүлде қарастырмаған. Үшіншіден, ұлттық құ­рама дұрыс жасақталмады. Осы орайда, жанкүйерлер «Шау тартқан Василий Левит пен Зәкір Сафиуллиннің орнына жастарды апару қажет еді», «Абылайхан Жүсіповті Асланбек Шымбергеновпен, ал Әбілхан Аманқұлды Тұрсынбай Құлахметпен алмастырған жөн еді» деген уәжді алға тартты.

Жапон жерінде жуан жұдырықты жігіттеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратқанын республика Бокс феде­ра­циясының басшылығы іштей болса да мойындады. Себебі арада біраз уақыт өткеннен соң ерлер мен әйелдердің ұлттық құрама командасының бас бап­керлері алмастырылды. Ғалымбек Кенжебаевтың орынына Қайрат Сәт­жанов және Ерік Алғабектің орнына Шәміл Сафиуллин келді. Енді олар Қазақстан боксын бұрынғы деңгейіне көтеру үшін барынша күш салады деп үміттенеміз.

Иә, Қазақстан боксында қорда­ланып қалған мәселелер аз емес. Ға­ламдық додадағы сүреңсіз өнерімізді айтпағанда, команданың ішкі ахуалы да бұзылған. Бір ғана мысал, осыдан біраз уақыт бұрын танымал боксшы Ангелина Лукас Instagram арқылы еліміздің ұлттық құрама бапкерлері және командалық әріптестері тарапынан теперіш көріп отырғаны жайында жазып, осы іске Мемлекет басшысы, Елбасы, Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен республика Бокс федерациясы басшыларының араласуын сұраған еді.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ангелина Лукас өзінің постында «Назым Қызайбай маған күн көрсетпей жүр. Ол ұлттық құрамадағы барлық қызды уысында ұстап, маған үнемі қарсы қояды. Ол аз десеңіз, боксшы қыздар темекі шегіп, спирттік ішімдік ішеді. Ал мен ондай жат қылықтардан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Сол себепті де әріптестерімнің кө­бісі менен теріс айналды», деп жазды. Сонымен қатар, ол Қызайбайды «рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді пай­далануы да мүмкін» деп айыптады.

Жоғарыдағыдай жанжал шыққан­нан кейін еліміздің Бокс федерациясы­ның вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев пен аталған ұйымның атқарушы директоры Марат Мықтыбеков үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегінде Алматының іргесінде орналасқан АИБА-ның базасына арнайы атбасын бұрды. Лукас­тың айтуынша, лауазымды тұлғалар және әйелдер құрамасы мүшелерінің қатысуымен өткен жиналыс сағат 20:00-де басталып, 20:12-де аяқталған. «Олар істің ақ-қарасын анықтауға бас қатырып жатпады. Осындай даулы жағ­дайдың туындауына мені және жеке бапкерімді кінәлаумен шектелді. Соңында Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлованың мені ұлттық құрамадан шеттету жөніндегі бұйрығын оқыды. Бірақ олардың бұл әрекеті заңға қайшы. Мені командадан шеттетуге еш негіз жоқ. Барлығы да Қызайбайдың айтқанынан шықпай, менің уәжіме мүлде құлақ аспады», деп жыларман болды.

Ал федерациядағылар, керісінше, Ангелина Лукас жауапты жарыста Назым Қызайбайдан жеңілгеннен кейін түрлі қитұрқы әрекеттерге барып отыр деген уәжді алға тартуда. Команда мүшелері арасында іріткі салғаны былай тұрсын, жеке бапкерімен бір­ге командалық әріптесі әрі басты қарсы­ласының бөлмесінің алдына дуаланған тұз сеуіп кеткен. Олардың осы сөздерді дәлелдейтін айғақтары да бар көрінеді.

Даулы істің мән-жайын Марат Мықтыбеков былай деп түсіндірді: «Олим­пия ойындары қарсаңында лицен­зиялық турнир өтті. Соған Қызай­бай емес, Лукас барды. Турнирде ол жолдама алуы керек болатын. Өкінішке қарай, Ангелина көздеген мақсатына қол жеткізе алмады. Сол кезден бері даулы жағдай туындады. Лукас үнемі «Мені жүйелі түрде қысады, құрамада күн көрсетпейді», деген сыңайда әңгі­мелер өрбітуде. Бірақ олардың қолында еш дәлел жоқ. Барлығы тек бос сөз», деді ол.

Қолда бар мәліметтерге сүйен­сек, ұлттық құрама сапындағы қыз­дардың дені Назым Қызайбайды қол­дай­тын сыңайлы. Олар Ангелина Лу­кас спорттық этиканы сақтамай, коман­дадағы ішкі ахуалды ушықтырып отыр, дейді. Жан-жағындағылардың бар­лығын «Президентке дейін шығамын», деп қорқытатын көрінеді. Соған наразы болған командадағы 30 қыздың 22-сі «жұмысымызға кедергі келтіріп, өзі де, жеке жаттықтырушысы да мазамызды алды», деп Ангелина Лукасқа қарсы пе­тиция жариялаған екен. Құзырлы орган­дардың жоғарыдағыдай шешім шы­ғаруына осы жайт түрткі болса керек.

Танымал боксшы Бақыт Сәр­сек­баев осы мәселені одан әрі қарай ушық­тырмай, әділ жолмен шешудің бір ғана жолы бар дейді. «Ол үшін есім­дері аталған былғары қолғап шебер­лерін шаршы алаңға шығару керек. Мен Ангелина Лукасты дайындайын, Бақтияр Артаев Назым Қызайбайды дайындасын. Содан кейін екеуін жұды­рықтастырайық. Кім жеңсе, алдағы жауапты жарыстарға сол барсын. Ушығып тұрған мәселені шешудің ең әділ жолы осы. Одан кейін ешкімнің де реніші болмайды», деп есептейді Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы.

Әрине, осындай іс-әрекеттерге бару арқылы барлық мәселені оңды шешу мүмкін емес. Оны Бақыт та, Бақтияр да, басқалары да жақсы түсінеді. Бүгінгі таңда Қазақстан боксына үлкен реформа, жаңаша көзқарас, жаңа буын, жаңа леп қажет. Әлемдік тәжірибеге, ғылымға сүйенуіміз керек. Тек сонда ғана еліміздегі №1 спорт түрінің тасы қайта өрге домалайды.