• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Президент 15 Қыркүйек, 2021

Құқық қорғау аспектілері талқыланды

303 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының құқық қорғау аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өркен­деуі­нің берік негізі» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауының құқық қорғау аспек­тілері талқыланып, қылмыстық-процес­тік заңнаманы жетілдіру, құқық қорғау­шылардың құқықтарын қорғауды күшейту, балаларға қарсы қылмыстың алдын алу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері қаралды.

Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссия, Нұрсұлтан Назар­баев қоры, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан инсти­ту­ты, «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы (АХҚО), «Акселератор добра. Izgilik elshisi» ұлттық еріктілер қоз­ға­лысы, «Алматы Адалдық алаңы» жоба­лық кеңсесі бірлесе ұйымдастырған ша­ра­ға Президент жанындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі комиссияның төр­ағасы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры ат­қару­шы директорының орынбасары Игорь Рогов, ҰҒА корреспондент-мү­шесі, АХҚО академиялық кеңесінің мүше­сі Бақытжан Әбдірайым, Абай атын­дағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-рек­торы Дархан Біләлов, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті басшы­сы­ның бірінші орынбасары Данияр Таумұрат, Президент жанындағы ҰҚСК мүшесі, Сорбонна-Қазақстан инс­ти­тутының директоры, «Алматы Адал­дық алаңы» жобалық кеңсесінің және «Акселератор добра: Izgilik elshisi» ерік­ті­лер қозғалысының жетек­шісі Айнұр Сәбитова қатысты. Сондай-ақ шараға онлайн-режімде Қазақстан Прези­денті Әкім­шілігінің Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди, Әділет министрінің орынбасары Наталья Пан және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Акселератор добра: Izgilik elshisi» заң клиникасының өкілдері мен еріктілері, сондай-ақ заң саласындағы сарапшылар онлайн-режімде үн қосты.

Дархан Біләлов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ел Президентінің білім және ғылым жүйесін жетілдіру жө­нін­дегі тапсырмаларын іске асырудың м­аңыз­дылығын атап өтті. «Бұл бағыттар мемлекетіміздің одан әрі дамуы мен сапалы білім беру, адам құқықтарын қорғау, ұлттық бірлікті нығайту үшін маңызды. Ол үшін әрбір қазақстандық Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыруға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымы өз жауапкершілігін сезіне отырып, осы ба­ғытта жүйелі жұмыстар жүргізуді жос­парлап отыр», деді университет ректоры.

И.Рогов еліміздің Конституциясында Қазақстанның өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет ретінде танытатыны айқын көрсетілгенін, оның ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостан­дық­тары екенін атап өтті. «Тәуелсіздіктің 30 жылында республикада көп жұмыс ат­қарылды. Менің ойымша, Қ.Тоқаевтың жүр­­гізіп отырған саясаты біздің Тұң­ғыш Президентіміз белгілеген даму век­торы­ның жалғасы болып табылады», деді ол.

Б.Әбдірайым азаматтардың құқық­тарын қорғау мәселелерімен айналысатын АХҚО, екі құқықтық институттың қызметі туралы және қазіргі таңда адам құқығы қызметінің қандай аспектілері маңызды болып табылатыны туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Болашақ заң­гер­лер мен студенттерге бар мүмкін­діктерді пайдаланып, тек ұлттық заңна­маны ғана емес, басқа да елдердің заң­намаларын зерделеуге кеңес берді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, барлық айтылған бастамалар мен стратегиялық міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғам тарапынан ортақ күш-жігер қажет. Бұл ретте барлық деңгейлерде, оның ішінде жастардың – волонтерлер мен студенттердің белсенді қатысуымен қоғамдық диалог дамитын болады.

Өз кезегінде Айнұр Сәбитова азамат­тық қоғамның белсенділігін арттыруға ықпал ететін, оның басым бөлігін – жастарды волонтерлікке тартатын «Акселератор добра: Izgilik elshisi» жобасының қызметі туралы айтып, волонтерлердің халыққа көмек көрсетудегі рөлін атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар пікірсайыс форматында Мемлекет басшысының Жолдауын егжей-тегжейлі талқылап, онда Қазақстанның одан әрі дамуының, экономикалық өркендеуі мен ел халқы­ның өмірін жақсартудың ең өзекті мәселелері көтерілгенін сөз етті.

 

АЛМАТЫ