Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Алматы мектептерінің бірінде түсіріліп жатқан «Хардкор» фильмінің (шартты атауы) түсірілімдеріне барып қайтты. Ол үшін фильмнің түсіру командасы арнайы баспасөз-турын ұйымдастырған болатын.
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ тапсырысы бойынша режиссер Фархат Шарипов түсіріп жатқан трилогияның екінші бөлімі – «Хардкор» фильмі бүгінгі жасөспірімдердің өмірінен сыр шертеді. Жаңа фильмде режиссер бүгінгі күнгі нашақорлық дерті тақырыбын да қозғамақ.
– 2019 жылы ҰКҚМО ұйымдастырған сценарийлер байқауында осы жобаны ұсындық, кейін қаржылай қолдауға ие болдық. Бұл туынды «18 килогерц» фильмінің концептуалды жалғасы. Картинадағы басты кейіпкерлер – жасөспірім қыздар, – деді режиссер және сценарий авторы Фархат Шарипов.
Басты рөлде ойнайтын актрисаны табу оңайға соқпады. Бірнеше айға созылған кастинг барысында көптеген үміткердің ішінен басты рөлге Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің екінші курс студенті Виктория Романова бекітілген болатын.
– Киноға алғаш рет түсіп жатырмын. Бала кезімде мен де басқалар сияқты актриса болғым келді, бірақ та ешқайда бармадым. Кастинг туралы құрбымнан естідім. Онымен бірге келіп, суретке түстім. Бірнеше апта өткен соң маған хабарласып, басты рөлге бекітілгенім туралы айтты. Шынымды айтсам, бірден сенбедім. Оны естіген менің әжем қатты қуанды. Өйткені режиссер Фархат Шариповтің шығармашылығымен жақсы таныс екен, тіпті оның барлық фильмін біледі. «Қызғылт қоян туралы хикая» – әжемнің ең жақсы көретін фильмі, – деді жас актриса.
Айта кетсек, фильмнің түсіру жұмыстары былтыр күз айында басталған болатын. Картинаның продюсері Дина Жұмабектің айтуына қарағанда, еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты түсірілімдер бірнеше рет басқа күнге ауыстырылған екен.
Алайда пандемияға байланысты орын алған қиындыққа қарамастан, кәсіби мамандардан тұратын фильмнің түсіру тобының құрамы өзгерген жоқ. Фильмнің қоюшы операторы – Александр Плотников. Ол Фархат Шариповтің көптеген фильмінде бірге жұмыс істеген. Сондай-ақ фильмнің қоюшы суретшісі Алексей Шиндин де көп уақыттан бері режиссермен бірге жұмыс істеп келеді. Бүгінгі түсірілімге Шиндин бастаған суретшілер тобы гүлдеп тұрған алма ағашын арнайы дайындады.
Продюсердің айтуына қарағанда, фильмнің түсіру жұмыстары жақын күндері аяқталып, пост-продакшн жұмыстары (монтаж, дыбыс жазу және түсірген материалды өңдеу) басталады.
Фильмнің прокаты туралы әлі ешқандай ақпарат жоқ. Кинотуындының продюсері халықаралық дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
«Егемен-ақпарат»