Талай шаңырақты күйреткен ақтаңдақ кезеңнің қайғы-қасіретін ішіне бүккен архив құжаттары барынша айналымға қосылса, қаншама ақиқатқа көзіміз жетер еді.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана тоң жібіп, ашаршылықтың зардаптары ғылыми тұрғыда жаңаша мазмұнмен зерттеле бастады. Елбасының Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып жарияланып, ашаршылық нәубеті бөлек мәселе болып танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында былай деп жазды: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаhандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».
Алапат аштықтан опат болғандардың санының әрқилы көрсетілуіне зерттеу материалдарының шынайы ғылыми ұстанымдарға негізделмеуі, архивтерде сақтаулы құпия құжаттарға рұқсаттың берілмеуі, басқа да кедергілер себеп болды. Мәселен, жазушы Смағұл Елубай 1919 жылы өткен Түркістан кеңестерінің төтенше съезінде Тұрар Рысқұловтың 1918-1919 жылдары аштықтан қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың деген дерек келтіргенін, тарихшы Талас Омарбеков ашаршылықпен күрес комиссиясы құрамында жұмыс істеген Мұхтар Әуезовтің 1 млн 700 мың қазақ қырылған деген мәлімдемесін алға тартады. 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша 1931-1933 жылдары аштан бұратылып, көз жұмған қандастарымыздың саны 2,3 млн адам делінсе, қаламгер Бейбіт Қойшыбай 1917-1933 жылдар аралығында 4,5 млн адамның қыршын кеткенін жазады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында бұл бағыттағы кезек күттірмес міндеттерді белгілеп берді. «Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», дей келіп, күрделі мәселеге ұстамдылықпен, жауапкершілікпен қарауға, жалпы тарихи зерттеулерді даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізуге шақырды.
Иә, миллиондаған адамды аштан қырып, тірі қалғандарын жан-жаққа тарыдай бытыратып жіберген алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардан басталады. Содан бері арада бір ғасыр өтсе де, ақиқатқа жетудің жолы қашан да ауыр келетін анық түйсінгендейміз. Тәуелсіздігімізді қадірлеу төл тарихымызды терең танудан, өскелең ұрпақ бойында тарихи сананы қалыптастырудан басталады десек, жаңаша зерделеудің түп-төркіні нақты ақиқаттарға негізделген қоғамдық ұстанымға, ғылыми ой қорытуға келіп тірелетіні даусыз. Ғалым-тарихшылардың айтуынша, қасіретті тағдырдың талайынан өткен қазақ халқы 1918 жылдан 1933 жылға дейінгі аралықта үш ашаршылықты бастан кешірген. Алаш зиялылары қазақ халқын отырықшылық сияқты дәстүрлі шаруашылығынан, ата кәсібінен күштеп айырмауды, зорлап ұжымдастырмауды қанша ескертсе де, үстем, озбыр күш дегеніне жетіп тынды. Архив құжаттарына сүйенсек, 1929 жылы республикадағы 44 млн 723 мың бас малдан 1934 жылы 4,5 млн бас қана қалған. 1930 жылы тұрғындардың саны 317 мыңға, 1932 жылы 769 мыңға кеміген. Сол жылдары болған 372 көтерілістің бәрі қарулы күшпен басылып, аяусыз жазаланған. Ұжымдастыру жылдары 150 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Жүздеген мың адам Қазақстаннан тысқары жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев 1931-1933 жылдары 2 млн 100 мың адамның аштан өлгенін, оның 1 млн 750 мыңы қазақтар екенін айтса, кейінгі кездері аштан қырылғандардың саны 4-5 млн деген мәліметтер келтіріліп жүр. Соңғысы шындыққа жанасатын секілді. Өйткені академик Кеңес дәуірінің деректеріне сілтеме жасайды. Ол кездің шындығы жөргегінде тұншықтырылып, көп жағдайда бұрмаланып, біржақты баға беріліп келгені жасырын емес. Әміршіл-әкімшіл өктемдік өрттей лаулап тұрған кездің өзінде БК/б/П орталық, өлкелік комитеттеріне, Сталиннің өзіне толассыз ағылған, қардай жауған хаттар мен арыз-шағымдарды, аштықтың тірі куәгерлерінің естеліктерін бейжай оқу мүмкін емес. Атақты «Бесеудің хатына» қол қойғандардың бірі – Ғабит Мүсірепов. Хат 1932 жылы 4 шілдеде, яғни миллиондаған бейбақтың сүйектері қара жолдың бойында шашылып, жинаусыз қалған қанжоса уақытта Голощекинге бағытталып, оның «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұрда-жық шолақ саясатын өткір сын тезіне алады. Қолдан жасалған қысастық салдарынан мал басының қисапсыз кеміп кеткені, тірлік етерліктей тігерге тұяқ қалмай, жылы қонысынан амалсыз ауғандарға, жаппай қырылып қалған аш-арықтарға нақты көмек көрсетілмей жатқаны, барлық жерде көптеген қазақ, кейбір орыс аудандары аштыққа ұшырағаны, нағыз көзбояушылар, көпірме жоспарлар жасаушылар, оның үстіне өздеріне жүктелген тапсырманы орындай алмағандар «бәрі жақсы деп» жауырды жаба тоқитыны, бірақ сабақ боларлықтай сазайын тартпайтыны, жем-шөп қорының таусылғаны, халықта мал өнімдерінің қоры түгесілгені, малдың көп сойылуы тіпті үдеп кеткені бетіне басылғанымен, шын сөзге Голощекин мен оның төңірегіндегілер құлақ қоюдың орнына оны байшылдық пиғылды көксеген ұлттық көрініс деп бағалаған.
Ораз Исаев Сталинге жолдаған хатында мал шаруашылығы тұп-тура қиямет жағдайға ұшырап отырғанына назар аударуды өтінеді: Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданында халықтың едәуір бөлігі аш-жалаңаш. Көктемде 10-15 мың адам аштан өлген. 1929 жылмен салыстырғанда көптеген қазақ ауылдарында тұрғындардың жартысы да қалмаған. Семей, Ақтөбе аудандарында, темір жол бойларында панасыз балалар, аштан бұратылған жандар сеңдей соғылысады десе, Тұрар Рысқұлов қазақтардың өнеркәсіпті мекендер төңірегінде жұмысқа орналаса алмай тентіреп жүргенін, солтүстік өңірлерде қайыршылық балалар арасында айрықша етек алғанын, аштықтың салдарынан кісі өлтіру мен тонаушылық тым көбейіп кеткенін ашына жазады. Өз сөзіне дәйек ретінде Орта Еділге – 40 мың, Қырғызстанға – 100 мың, Батыс Сібірге – 50 мың, Қарақалпақстанға – 20 мың, Орта Азияға 30 мың қазақтың еріксіз қоныс аударғаны, лек-легімен вокзалдарға шұбырып келе бастағаны, Сібір темір жолы маңындағы стансаларда 10 мың қазақтың босып жүргені, күн сайын 5-10 адам өлетіні, Сарысу ауданында 7 мың қожалықтан 500-дейі ғана қалғаны, Әулиеатаның шайханаларында 20 баланың сүйектері жинап алынғаны, 84 ересек адамның аштан өлгені, Семей ауданындағы балалар үйінің бірінен 20 қазақ баласының іріп-шіри бастаған өлігінің табылғаны, Торғайдағы балалар үйінде 4 жасқа дейінгі жетім балалардың түгел қырылғаны, осындай басқа да жаға ұстатар, көз сенбес небір сұмдық фактілер келтіреді.
Жетісу облысы Лепсі ауданы Сарқан стансасының тұрғыны Мелания Харитонованың «Бүкілодақтық староста» М.Калининге көз жасын көлдетіп отырып жазған хаты адамның өңменінен өтеді. «Тарас» колхозында жағдай мүлдем төзгісіз. Әр адамға тағы да 10-16 және 20 пұтқа дейін салық салынды. Ол астықты қайдан алмақ? Ашыққан жұрт шиеттей бала-шағасын ертіп, талғажау тамақ іздеп, қаңғып жүр. Жол бойы шыбындай қырылған халық. Аягөз стансасында жарты бөлке нан үшін бір әйелді бауыздап кеткен. Қайыршыларға беретін дәнеңе жоқ. Олардың дені – батрақ, кедей. Маған түсіндіріңізші: биыл қоймалар астыққа шүпілдеп толып тұрса да, аштық жайлап отырғаны қалай?».
Осы тақырыпты зерделеу барысында бірқатар тың деректерді кездестірдік. Солардың бірінде өмірінің біраз жылын Қызылжар өңірінде өткізген ұлағатты ұстаз Сейтен Сауытбеков «Аштық апаты» естелігінде отызыншы жылдары бастан кешкен қиямет-қайымын еш әсірелеусіз суреттейді: «Ішім алай-дүлей. Қазақты қан құстырған, тең жартысын жер жастандырған, атақонысынан аударған нәубеттің белгілі адамдардың қолымен ұйымдастырылғаны бүл күнде ашық айтылып жүр» деп жүрегі қарс айрылады.
Ашаршылық тақырыбын толық ашып, бүге-шігесіне дейін зерттеу – басты міндеттерінің бірі. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, құрбан болғандарды ұмытпау, есімдерін қастерлеу өркениетті елге тән үрдіс десек, бұл бағытта кешенді іс-шаралар дәйектілікпен жүзеге асырылады деген сенімдеміз.