Қарағандылық Виктория Пак – отандық Avishu униформа және киім брендінің негізін қалаушы. Сондай-ақ ол биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Жалпыұлттық жобаның «Бизнес» бағыты бойынша топ жарған кәсіпкердің осы күнге дейін жүріп өткен жолында өзгелер үлгі аларлық өнеге көп.
Бір қызығы, Виктория әуелде «100 жаңа есім» жалпыұлттық жобасына ұсынылғанын білмепті. Сөйтсе, ұсынған өз ұжымы екен. Оны осы жобаға лайық көргендері ғой.
– Маған тосын сый жасамақ болыпты. Шынымен де, тосын сый болды, – дейді кейіпкеріміз. Ол мұны өзінің емес, ұжымның жеңісі санайды. Өйткені дәл осы жеңіс жаңа жетістіктерге жол ашып, ортақ іске жұмылған ұжымды одан сайын біріктіре түскен.
– Табысты өнеркәсіптің кілті – мықты ұжым, – дейді Виктория.
Айтуынша, тігіншілік кейіпкеріміздің қанында бар. Анасы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде дәрігерлік қызметінен бөлек, тігіншілікті де кәсіп етіпті.
– Сол жылдары тігіншілік біздің әулеттің негізгі табыс көзіне айналды. Қиыншылықтан құтқарды. Оны меңгерген адамның далада қалмайтынын сол кезде-ақ түсінгенбіз. Бұл – уақыт тегершігі қалай айналса да, адам баласына қажет мамандық, – дейді ол.
Университетті бітірген соң, үш жылдай есепші болып жұмыс істеген Виктория киім-кешекке қатысты бизнес бағытында бақ сынап көруге бел байлайды. Сөйтіп, Қытайдан, Түркиядан тауар әкеліп, сата бастайды.
– Саудамыз жаман болмады. Тәп-тәуір табыс таптық. Бірақ үнемі бірдеңе жетіспейтіндей болып тұратын. Кейін тігін шеберханасын ашып, өндіріске ойысу туралы идеямен «ауыра» бастадым. Бірнеше сәтсіз жобадан кейін, яғни 2015 жылы жаңа кәсіпке кірістік. 500 мың теңге көлеміндегі бастапқы капиталға екі тігін машинасын, үтік, үстел секілді қажетті құрал-жабдықтарды алдық. Бірақ бұл негізгі жұмыстың басы ғана екен. Алда бірнеше күрделі мәселемен бетпе-бет ұшырасуға тура келді, – дейді В.Пак.
Бірінші мәселе – орынжай. «Қарағандының қақ ортасынан орын таптық. Рас, онымыз – көпқабатты үйдің жертөлесі. Сөз жоқ, орналасқан жері тамаша. Бірақ кейін шеберхананы «жертөледен ашқан дұрыс емес» деген ойға келдік. Себебі тігіншілер онсыз да таңнан кешке дейін машинаға үңіледі де отырады. Ал жертөлені қанша жарық еткеніңмен, еңсені басып тұрады. Ауа да тазармайды. Біздің бірінші жіберген қателігіміз осы болды», дейді ол.
– Орынжайдан да үлкен мәселе бар екен. Бұл – білікті кадрлардың жоқтығы. Шеберхананы аша салысымен, алып-ұшып маман іздедік. Тәжірибелі кадрлар жылы орнын суытып, енді ашылған компанияға келгісі келмеді. Түрлі хабарландыру бердік. Бұл бойынша келгендердің кемшілігі көп болды. Оқу орындарын аралап, үздік деген мамандарды тартуды жөн санадық. Бұдан да нәтиже шықпады. Ақыры кадрларды өзіміз оқытуымыз керек деп шештік. Міне, үш жылдан бері тігіншілерді тегін оқытып келеміз. Ынтасы бар адамдарды жұмысқа қабылдаймыз. Тығырықтан осылай шығуға тура келді. Кадр мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан болашақта корпоративтік оқыту орталығын ашқым келеді, – дейді Виктория.
Ісін енді бастаған кәсіпкерге матаны таңдау да едәуір қиындық тудырыпты.
– Шеберхана ашылысымен сөрелерде сықиып, самсап тұрған маталарды жөнді-жөнсіз сатып ала беріппіз. Мұнымыз бұрыс екен. Қандай киім тігетінімізді дұрыс жоспарламаппыз. Кейін тапсырысты қабылдап алып, мата іздейтінді шығардық. Бұл да дұрыс емес екен. Қазір қандай мата керегін жақсы білеміз және оны Түркиядан, Оңтүстік Кореядан арнайы алдырамыз. Техника таңдауда да шалыс басыппыз. Сөйтсек, тігіншілік жеңіл өнеркәсіптің ауыр түрі екен. Бұл жерде жоспарлау маңызды. Құрал-жабдықтар қымбат. Тұтынушыға сапалы киім ұсыну үшін жақсы мата керек. Нарыққа зерттеу жүргізу шарт. Қаржы да жеткілікті болуға тиіс. Ең бастысы, таңдап алған кәсібіңді шексіз сүю керек. Сонда ғана жетістіктің ауылы жақындайды. Мұндай бизнесте көлдеңең адамдардың болмайтыны да сондықтан, – дейді кейіпкеріміз.
2018 жылға дейін тапсырыспен киім тіккен шеберханаға біртіндеп бизнес тарапынан да қызығушылық туа бастайды. Сөйтіп, компания В2В, яғни «бизнес үшін бизнес» форматына көшеді. Униформа тігуге кіріседі. Бүгінде клиникалар, ауруханалар, медициналық орталықтар, мейрамханалар, бьюти индустрия өкілдері – компанияның негізгі клиенттері. Виктория бастаған тігіншілер тобы оларға арнап униформа тігеді.
– Біз қазір екі бағытта жұмыс істеп отырмыз – жеке шеберхана және өндірістік кәсіпорын. Бұған дейін униформалар шетелден әкелінген екен. Біз бұл істі қолға алған алғашқы отандық компания болдық. Ауыр жұмысқа арналған арнайы киім тігетін фабрикалар бар. Ал униформа тігетіндер жоқтың қасы. Болашақта тігін шеберханасы мен өндірістік кәсіпорынды жеке-жеке бөліп дамытуды көздеп отырмыз. Әйтпесе, бұл екеуінің бір-біріне кедергі келтіретін кезі көп, – дейді Виктория.
В.Пактың бизнесі былтырғы карантин шектеулері кезінде түрлі сынақтан өтті.
– Әдетте, киім өндірушілер мен сатушылар үшін қаңтар-ақпан – тыныштық айы. Бұл аралықта сауда аса қыза қоймайды. Көбі бюджет бекітіліп, тұрғындар киім-кешегін жаңартуға дайын болатын наурызды күтеді. Алайда былтырғы наурыздың қалай басталғаны бәрімізге белгілі. Карантин шектеулерінің салдарынан мейрамханалар мен клиникалардың жұмысы тоқтады. Тапсырыс күрт азайып кетті. Қолда бар қаржымен жұмысшылардың жалақысын төлеп, бизнесті доғарайық деген ойда жүрдік.
Кейін медициналық бетперде тігуге көштік. 5 мыңдай бетперде саттық. Дегенмен бұл өнімсіз шаруа екен. 10 бетперде тіккенше, бір көйлек пішкен жақсырақ. Осылайша, үш аптадай тынымсыз жұмыс істедік. Қызметкерлердің жалақысына жетерлік қаржы да жинақталды. Жұмысты енді доғарамыз деп тұрғанда, дезинфекциялық кілемшелерге тапсырыс түсті. Әуелде мұның не екенін де білмедік. Қаладан шығу мүмкін емес. Шектеу қойылған. Сондықтан Қарағандыда бар материалдарды пайдаландық. Әлбетте, жеткізушілер бағаны шарықтатып жіберді. Дезинфекциялық кілемшенің ішіне салынатын негізгі материал – полиуретан табу қиынға соқты. Бетперде сатудан жиналған ақшаның бәріне полиуретан алып, үлкен тәуекелге бардық. Сөйтіп, 5 мыңдай дезинфекциялық кілемше тігіп, саттық. Кейін дезинфекциялық костюмдер шығара бастадық. Қысқасы, 2020 жылдың наурыз-шілдесінде демалыссыз жұмыс істедік. Пандемия ұжымдық рухтың қаншалықты маңызды екенін аңғартты, – дейді кәсіпкер.
Викторияның пікірінше, киім өндірісіне бет бұрған кәсіпкер ұтылмайды. Өйткені бұл салада өнімділік жоғары. Сән үнемі өзгеріп тұрады. Тиісінше, сұраныс да азаймақ емес. Дегенмен әр компанияның қаржылық тұрғыдан өз «қауіпсіздік жастықшасы» болғаны абзал.
– «Қауіпсіздік жастықшасы» кедергіге тап болған компанияның кем дегенде үш-төрт ай үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Банктер мен қорлардың бизнеске несие бергенде алғашқы алты айға дейін төлем сұрамайтыны сондықтан. Ұжымдағы әр адамды қаржылық тұрғыдан ғана емес, моральдық, эмоционалдық тұрғыдан да демеп отыру маңызды. Сосын қоғамның тігіншілерге деген көзқарасы өзгеруі керек. Көпшілік тігіншіге жұмысшы ретінде қарайды. Шын мәнінде, тігінші – креативті әрі шығармашыл тұлға. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бір құлаш матадан түрлі киім тігу айтуға ғана оңай. Сондықтан мемлекет тігіншілікке, жалпы жеңіл өнеркәсіпке барынша көңіл бөлуі керек, – дейді ол.
Бүгінде отыздан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің жоба-жоспары көп. Ол өндірісті дамытып, айналым көлемін ұлғайтып, ТМД нарығына шығуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде Ресей тарапынан азды-көпті тапсырыстар түсіп тұрады екен. Ішкі нарықтағы филиалдардың қатарын көбейту де – негізгі міндеттің бірі.