Аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дегені бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында тәртіп мәселесін айналып өтпейтінінде де осындай негіз жатыр. Өйткені, қайсы бір мемлекетте болмасын, тәртіп болмаса, заң қағидаттары сақталмаса, оның болашағына бірден балта шабылатыны ешқандай күмән тудырмайды.
Осы тұрғыдан келгенде, Қызылорда облыстық прокуратурасы заңды қамтамасыз ету және заңдылықты қорғау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Бұл орайда өткен жылы да алға қойылған стратегиялық жоспардың барлық индикаторлары орындалды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізе отырып, аймақта тұрақты қоғамдық-саяси ахуалды қалыптастыруға қол жеткізілді.
Облыста «Экологиялық кепілдеме туралы» заңның жобасы жасалып, ол тиісті министрлікке жолданды. Байқоңыр қаласындағы қазақстандық тұрғындардың конституциялық құқықтарын қорғауға қатысты келіп түскен ондаған ұсынысқа қолдау көрсетілді. Олардың арасында еңбек, денсаулық сақтау, білім және зейнетақымен қамтамасыз ету салаларына байланысты қозғалған мәселелермен қатар, ресейліктермен өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жайы да сөз болды.
Жыл ішінде облыс прокуратура органдары салық пен басқа да міндетті төлемдерден саналы түрде жалтарған қаншама кәсіпорындар мен құрылымдарды анықтап, соның нәтижесінде бюджетке қосымша 3,3 млрд. теңгенің түсуін қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, біздің принципті ұстанымдағы жұмысымыз арқасында «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС мемлекет қазынасына 3,2 млрд. теңге өндіріп беруге мәжбүр болды. Осы тұста біздің бюджетке көптеген миллиард теңге көлемінде залал келтіріп келген мұнай өнімдерін ұрлау сызбасын анықтау жөніндегі сот-прокурорлық тәжірибеміз бүкіл республикаға озық үлгі ретінде таратылды. Мұндай ұсынысты біз тұрақтылықты сақтап қалу мақсатында жаңадан салынып жатқан нысандарда, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінде, Астана мен басқа да ірі қалалардағы құрылыстарда автономды жылу-энергиямен қамтамасыз ету орындарын орнатуға қатысты да жолдағанбыз. Кейін бұл салалық мемлекеттік бағдарламадан өзінің көрінісін тапты. Сол сияқты қатты соққан жел мен дауылдар мектептер мен ауруханалар секілді әлеуметтік нысандардың шатырларын ұдайы жұлып кетіп жатыр. Осыған орай, Ресейде қолға алынып жатқан тәжірибелерді зерттей келіп, олардың таңдаулыларын өзімізде қолдануды ұсындық. Бұған қоса, мәдени-көпшілік шараларын өткізуге рұқсат берудің жаңа жүйесін енгізіп, олардағы тәртіп бұзушылықтар үшін ұйымдастырушылардан жауапкершілік сұрау жөніндегі ұсынысымыз да қолдауға ие болды.
Іргелі істер қашанда ізденістерді керек етеді. Біз жоғарыда атап өтілген жаңалықтардан бөлек, басқа да жанды жұмыстарға ұдайы ірге қалап отырдық. Мәселен, жыл ішінде жоғары жаққа заңнаманы жақсарту мен жетілдіруге бағытталған 50-ден астам ұсыныс жолданды. Осы аралықта облыста заңсыз қабылданған 1455 акт, соның ішінде 11 нормативті-құқықтық сипаттағы құжат күшін жойды немесе өзгертілді. Бұдан бөлек 20 мыңнан астам азаматтың, соның ішінде 234 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 190 заңсыз тексерудің жолы кесілді. Сондай-ақ 68 кәсіпорында еңбек ететін 15 025 жұмысшының жалпы сомасы 917 млн. теңгені құрайтын жалақы жөніндегі қарыздары өтелді. Енді 50 млн. теңгенің қарызын өтей алмай отырған 9 кәсіпорынға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Есепті мерзімде жемқорлық айыбымен 42 тұлға ұсталды. Олардың 20-сы басқарушы болса, соның ішінде 1-уі облыстық деңгейде (Қ.Маханова) қызмет етті. Бір ауданның басшысы (Ғ.Әбілтай) әкімшілік жемқорлық жауапкершілігіне тартылып, қызметінен босатылды. Көтерілген бірқатар қылмыстық істердің қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 13 млн. теңге қайтарылды. Мұндай қылмыстық іске ұрынғандар арасында экология департаментінің бөлім бастығы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станса бастығы, салық басқармасының бастығы мен оның орынбасары, ауылдық округ әкімі секілді аудандық буындағы бірқатар басшылар болды.
Облыс прокурорлары Беларусьтен алынған болып тіркелген бірнеше мыңдаған автомашинаны жеткізудің жасырын арнасын анықтады. Біздің ұсынысымыз бойынша енді республика бойынша, осындай тексерістерді жүргізу қолға алынды. Бірқатар істер арнайы прокурорлардың бақылауында тұр. Мұның соңын ала Қызылорда өңірі үшін аса маңызды саналатын экологиялық қауіпсіздік саласында бақылау картасы мен паспорты жасалды. Жаңа жүйе бірден өзінің тиімділігін көрсете бастады. Оның негізінде қысқа уақыт аралығында табиғатты пайдаланушылардан бюджетке 3 млн. теңгеден астам қаржы түсірудің орайы келді. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберіндегі «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына да өз үлесімізді қосуға шешім қабылдадық. Осы ретте біз ұсынған «Жасыл экономикаға көшу – құқықтық бағытты дамыту» жобасы бірінші департаментте мақұлданды. Енді оны облыс прокуратурасы деңгейінде іс жүзіне асыратын боламыз. Сол сияқты біздің бюджетті толықтыру мақсатында жасап шыққан құқық қорғау саласы мен мемлекеттік органдар іс-әрекетінің ырғақты қимылы республикаға таратылып жатыр.
Сот алдындағы өндіріске келсек, ең алдымен, қылмыстың өсіп келе жатқаны байқалатынын айтуымыз керек. Олар негізінен ұрлық пен бұзақылықтың есебінен артып отырғанын да атағанымыз жөн. Соның ішінде ұрлық 55 пайызды құраса, бұзақылық 15 пайызға көтеріліп, жалпы, қылмыс саны 16 пайызға артқан. Бұған қоса, ауыр және айрықша ауыр қылмыстардың 16 пайызға азайғанына да назар аудара кеткім келеді. Сол сияқты жасырын тұрған 68 қылмыс анықталды. Қылмысты жасырғандары үшін 14 басшысын қоса есептегенде, құқық қорғау органдарының 57 қызметкері жаза алды. Тап осындай қылмыстық істері үшін тергеуші Әлжанов пен учаскелік инспектор Дәрібаев бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғандары үшін тәртіп сақшыларының үстерінен 6 қылмыстық іс қозғалып, 7 полицей сотталды. Осындай тәртіп бұзушылықтары үшін 22 қызметкер жаза алса, олар заңсыз ұстаған 11 адам полиция ғимаратынан шығарылды. Сондықтан заңсыз ұстау, қамау арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартушылықтарға жол берілген жоқ.
Есепті кезеңде 21 есірткі алқабы жойылып, 298 кило әртүрлі есірткі заттары алынды, оларды таратушы 39 адам анықталды. Қазір контрабандалық жолмен Ресейге 10 кило мөлшерінде ауған героинін алып бара жатқан жолында қолға түскен Қырғызстан азаматы Конторбаевтың ісі тексеріліп жатыр. Жинақтап айтқанда, Қызылорда облысының прокурорлары бір жылдың ішінде осындай жұмыстардың атқарылуына қол жеткізді.
Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,
Қызылорда облысының прокуроры.
Қызылорда облысы.