Алматыда ұрланған көлік құралдарын бөлшектеп сатумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық криминалды полиция қызметкерлері аталған қылмысқа қатысты бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотталған Жамбыл облысының 26 жастағы тұрғынын және осыған дейін екі рет сотты болған 25 жастағы ер адамды ұстады. Оларды құрықтамас бұрын тәртіп сақшылары күдіктілердің әрқайсысының атқаратын қылмыстық әрекетін арнайы операция барысында зерделеп, ұрланған көлік құралдарын бөлшектеп сатуға жауапты адамды анықтаған.
«Аталған қылмыстық топ алты адамнан құралған. Олардың үлкендерінің жасы 47-де болса, ең жас күдікті 25-те. Бұлардың барлығы оңай жолмен пайда табуды көздеген. Дәлірек айтқанда, екі күдікті өздерін қала базарларының бірінде қосалқы бөлшектер сатумен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде таныстырған. Алайда олардың сауда нүктелерінде тек қана ұрланған көлік құралдарының қосалқы бөлшектері саудаланған», деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Тергеу барысында күдіктілердің 10 көлік құралын ұрлағаны белгілі болды. Олар көбіне ескі үлгідегі BMW, Lada, Nissan, Audi, Volkswagen көліктерін қолды етіп отырған.
«Қазіргі таңда үш автокөлік толығымен анықталса, қалған жеті көліктің қайда жасырылғаны анықталып жатыр. Ұсталғандардың сөзінше, олар көліктерді көршілес облыстарға апарып үлгерген. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда», деп атап өтті полиция өкілі.