Цифрлы таңбалау енгізілгеннен кейін сүт өнімдері 1,76 пайызға ғана қымбаттайды. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр. Жалпы, Ресей мен Беларусьтің тәжірибесі көрсеткендей, таңбаланғаннан кейін сүт өнімдерінің бағасы айтарлықтай өзгермеген.
Қазақстандағы сүт өнімдері нарығындағы көлеңкелі айналым 13 пайызды құрайды. Қазақстан сүт одағының мәліметінше, сүттің 33 пайызы стихиялық сауда жағдайында, сәйкестік сертификатынсыз, антибиотиктер мен бактерияларға қарсы тексеру жүргізілмей сатылады. Цифрлы таңбалауды енгізу тұтынушыны мерзімі өткен тауардан қорғауға мүмкіндік береді. Жарамдылық мерзімін қолдан жасау мүмкін болмайды. Яғни тауар туралы барлық мәліметтер Data Matrix кодымен қорғалмақ.
Қазіргі уақытта Қазақстанда сүт өнімдерін цифрлы таңбалау бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда. Жобаға қатысушы компанияларға Data Matrix кодын енгізу тетіктерін сынақтан өткізу үшін арнайы жабдықтар тегін берілген.
– Қазір сүт өнімдерін өндірушілер тарапынан таңбалауға байланысты сұрақтардың туындайтыны анық. Бұл заңдылық. Сондықтан біз нарыққа алдын ала талдау жүргіземіз. Мәселен, қанатқақты жоба басталар алдында өнімді таңбалауға кететін бизнестің шығындарын есептедік. Таңбалауға байланысты сүт өнімдері 1,76 пайыздан артық қымбаттамайды. Өйткені 1 желіге арналған жабдыққа жұмсалатын шығын 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06 пайыздан 0,15 пайызға дейін ғана болады. Соңғы 5 жылда таңбалаусыз сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны 6 пайыздан 13 пайызға дейінгі шаманы құраған. Бұл тұрақты өсу үрдісін айқындайды. Ал тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу сүт өнімдерінің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Нұржан Баекеев.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдығына жұмсалатын шығындардың 50-80 пайызына өтемақы төлеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынбақ.
Баспа арқылы тұтынушылық қаптамаларға таңбалау кодтарын енгізу өндірушілердің шығынын 2,5-4 есе азайтуға мүмкіндік бермек. Бұл жағдайда таңбалау жабдықтарын орнатудың қажеті жоқ. Бұл өндірушілердің күрделі шығындарын және өндіріс желілерінің баяулау қаупін азайтады.
– Цифрлы таңбалаудың нәтижесінде талдау және жоспарлау мүмкіндігі пайда болады. Дистрибьюторлар дүкен сөрелерінің толып кету қаупін тудырмай, оларды уақытында толтыра алады. Сондай-ақ болашақта өндірістік ақаулар азайып, тез бұзылатын тауарлар қайтарылады деп күтілуде. Бұл бастамалардың барлығы өндірістік шығындарды қысқартады әрі өндірушілердің шығындары да азаймақ, – дейді Н.Баекеев.
Еске сала кетейік, Қазақстанда темекі өнімдері мен тері бұйымдарын міндетті цифрлы таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 қарашада аяқ киімнің міндетті цифрлы таңбалануы енгізілмек. Сондай-ақ Қазақстанда дәрілік препараттарды таңбалау бойынша қанатқақты жоба аяқталды. Қазіргі уақытта алкоголь өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, қапталған су және алкогольсіз сусындар бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.