Биыл Еуразия даласын қанға бояған Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толып отыр. Фашистік Германия шабуыл жасағанда ешкім бұл соғыс бақандай төрт жылға созылып, Кеңес Одағының қарамағында өмір сүріп жатқан 26 миллион адамның өмірін қияды деп ойламады. Майдан даласына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанып, олардың 602 мыңы елге оралмаған.
Қанқұйлы қырғында қаза тапқан соғыс құрбандарына тағзым ретінде Алматы қаласында бір топ жастар орталық зиратта тазалық жұмыстарын жүргізді. Бейресми деректерге қарағанда мұнда 500-дей соғыс ардагері жерленген. «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры қызметкерлері мен «Еріктілер лигасы» тобынан құралған жастар бейіттердің айналасын қоқыстан тазалап, шөбін орды.
Жоба жетекшісі, полковник, ардагер Мұхамеджан Әбдібековтің айтуынша батырлардың ерлігі жадымызда мәңгі сақталуы тиіс. «Бұл акцияның аты «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деп аталады. Біз осы күні Екінші дүниежүзілік соғысқа сақ заманында, Қобыландының заманында болған оқиға сияқты қарайтын болдық. Алайда бұл сұрапыл майдан кеше ғана болған. Тарих үшін қас-қағым сәт. Қаны әлі кеуіп үлгерген жоқ» дейді ол.
Акцияға қатысып жүрген жастардың бірі Абзал. Ол қаладағы колледждердің бірінде оқиды. Ардагерлердің қадір-қасиетін ардақтау үшін ол да бүгін достарымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізуге келді. «Биыл 3-курсқа өттім. Жылда осында келіп тазалық акциясына қатысып тұрамын. Өзімнің атам Беларусь майданында көз жұмған. Бейіті сонда. Мұнда жатқан кісілер де атам сияқты соғыс көрген кісілер ғой» деп өз ойын ортаға салды Абзал.
Айта кетейік, бұл акция Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық борыш» жобасы аясында іске асырылды.
АЛМАТЫ