Алматыда қала күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жасөспірімдер арасында тұңғыш рет «Қобыз сарыны» республикалық байқауы өтті.
Қоңыр үнді әлдилеген үкілі үміткерлер баба мұрасын жаңғыртып, өзара бақ сынады. Сайыстың гала концерті «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шымылдығын түріп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ел алдында марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде 13 жастағы Баян Жанахметоваға бұйырды. Өз ойымен бөліскен жас өнерпаз, бай тембрлі аспапты жоғары деңгейде меңгеріп, қобыздың тасасындағы тылсым сырдың тереңіне бойлағысы келетінін жеткізді.
«Ұлттық мәдениетіміздің жауһарына баланатын қобыз аспабы ғасырды ғасырға жалғап, сазды сарынын үзбей, халқымыздың қуанышы мен мұңын жеткізіп келеді. Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық өнерімізді насихаттау, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін дала үнін жастарға тәлімдік тағылымы мол дүние ретінде дәріптеу», дейді Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.
Байқауға қазылық еткен прима-қобызшы Ғазиза Ғабрахимова соңғы жылдары жас таланттар шоғыры көбейгенін және ұлттық орындаушылардың деңгейі өсіп келе жатқанын айтады. Оған дәлел байқауда өнер көрсетуге еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген жас қобызшы ниет білдірген. Көненің көзіндей болған аспапты дәріптеу рухани жаңғырудың өзегі екенін алға тартқан ұйымдастырушылар іс-шараны дәстүрлі түрде өткізіп тұруға ынталы екендерін білдірді.
АЛМАТЫ