Қыркүйек айының басынан бері өңірде КВИ аурушаңдығының төмендеуіне қарамастан, Көкшетауда аурудың 577 жағдайы тіркелді, оның ішінде 57-сі мектеп оқушылары. Бұл туралы Көкшетау қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәрігердің айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша республика өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2021 жылғы 16 қыркүйекте Ақмола облысы «қызыл» аймақта болуын жалғастыруда.
Пандемия басталғаннан бері Көкшетау қаласында Сovid-19 инфекциясы расталған 12187 оқиға тіркелді. Қыркүйектің 16-сы күні - 577 жағдай, оның ішінде оқушылар арасында 57 жағдай анықталды. Соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар саны 36 жағдайды құрады.
«Бүгінде Көкшетауда төсек қорының жүктемесі 46%-ды құрайды. 236 адам ауруханаға жатқызылды, 33 науқас реанимацияда, екі науқас оттегіне тәуелді. Бұл ретте науқастардың 99% вакцинацияланбаған», деп түсіндірді Қ.Ысқақов.
КВИ ауруының төмендеуіне байланысты 100 төсектік «Көкшетау темір жол ауруханасы» ЖШС мен 60 төсектік «Көкшетау қалалық көп бейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК стационарлары жабылды. Сондай-ақ 100 төсектік көпбейінді облыстық аурухана жанындағы инфекциялық стационарды да жабу жоспарлануда.
Бұған дейін хабарланғандай, 16 қыркүйекте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің № 37 қаулысы шығарылды. Сондай-ақ Қ.Ысқақов көкшетаулықтарға жаңа құжатқа сәйкес мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» РМҚК қызметіне рұқсат етілгенін еске салды. Қоғамдық көлік енді сенбі, жексенбі және мереке күндері жұмыс істей алады.