Қарттары орнықты, ауыздарынан шыққан сөзінің дәмі бар, ел ішіндегі телі мен тентекті жөнге сала алатын жерлерде бейбастақтық деген бола бермейді. Осындай қарттарымыздың бірегейі Төле би ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдікәрім Бектаевты іздеп бардық.
Жұртқа өнеге айту үшін өз өмірің де өнегелі болуы керек қой. Сұхбатымыз тарих қойнауына кеткен жылдардан басталған. Бүгінде жетпіс деген белеске аяқ басқан, өмірдің ащы-тұщысын қатар көрген Әбекең балалық шағымыз ауыр кезеңдерге дөп келді ғой дейді.
“Бала жеті жасқа келгенге дейін жерден таяқ жейді” дейді халық даналығы. Осы жасында асыл әкесінен айырылып, қос анасымен қалыпты. Өзінен жиырма жас үлкен ағасы Әбдуәлі – 1939 жылы Беларусь жерінде әскери борышын өтеп, шекарада қызмет атқарып жүргенде неміс басқыншыларының жойқын шабуылын жалаң кеудесімен қарсы алған боздақтардың бірі. Дүние төңкеріліп, аспан жермен теңесіп жатқан тұста қазақ солдатының сүйегінің қай жерде қалғанын ешкім білмейді. Дүниеде ананың жүрегінен мейірімді, жұмсақ не бар. Тасбала анасы 1986 жылы дүниеден өткенге дейін Әбдешім келеді деп биік қырға көзін талдырады екен.
Әкесі Бектай бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа кісі. Ел ішінде Бектай сопы атанған ақсақалдың ұзын белбеуінде күніге бір пәтір нан ораулы жүреді екен. Ел ішінде қаріп-қасір көп. Мешітке барғанында нанын үзіп, әрқайсына үлестіріп береді екен.
Әбекең әңгіме айтып отырғанда көз алдымызға аузынан Алласы түспейтін Бектай сопы елестеді. Ұзын шапан киген, ақсары жүзінде нұр тұнған ақсақал бала-шағасының несібесінен айырып, кембағалдарға нан үлестіріп жүр.
Ит басына іркіт төгілген бүгінгідей тоқшылық заманда ақсақалдарымыздың қайсысы жетім, жесірдің маңдайынан сипап, қолындағысын бөлісіп жүр?!
Әбдікәрімнің әкесі төрт ағайынды екен. Төртеуіне тиесілі бар мал 200-дей қой, 15-20 ірі қара. Төрт отбасыға бөлсе бар тіршілігі төрт түлік болған қазақ үшін көп мал емес. Орта шаруа. Алайда, ағайындылардың тату-тәтті тіршілігі, ауызбірлігі шолақ белсенділердің кейбіреуіне ұнамаған. Бар малды Бектай сопыға теліп, бай-құлақ деп кәмпескеге іліктіріп жіберген.
Бекең қопарыла көшіп, Өзбекстанға өткенде биліктегілер Жорабай інісін ұстап, 10 жылға Сібірге айдатыпты. Міне, өткен заманның зұлматы.
Екі шеше, төрт әкпе ортасындағы жалғыз ұл қазақ мектебінен кейін Ташкенттегі ауыл шаруашылығы және суландыру институтына түсуге құжат тапсырады. Ауыл баласы өзбекше һәм орысша білмейді.
– Өзбек ғалымдары, оқытушылары бізді мұсылман баласы деп іш тартады білемін, ымдап сөйлесіп формуланы жаздырып-ақ сынақтан өткізіп жіберді.
Әбекең осылай дейді. Институттың соңғы курсында Украинада алты ай өндірістік практикада болған. Украиндықтар Қазақстан жайлы ештеңе білмейді екен, казакпен шатыстырады. Көкөрім жігіт қатты намыстанып қайтқан.
Үлкен әулеттен қалған жалғыз ұл бірінші курсты бітіріп елге келгенде-ақ үлкендер ортаға алған. Үлкен анаң ауру, бағып-қағатын адам керек. Не үйлен не оқуыңды таста. Талай балаларынан айырылып, аузы күйген үлкендер алда қандай күндер болады деп қауіптенсе керек.
“Кеме қалған” ауылының қызы Роза Жайлаубекқызын айттырады. Роза апа құтты келін болады. Екі анаға қарап, азаматының орнын жоқтатпайды. Жыл өткен соң қошқардай ұл дүниеге келеді. Ырымалды ұлдың есімін әке інісі Тоғызбай құранға қарап, Әлімолда қояды. Екі ана келінін жуындырып барып, баланы емізуге берген екен.
Сол Әлімолда бала, үлкен аналарының тәрбиесімен өскен жігіт бүгінде ел басқарған азаматтардың бірі – облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев.
Жолын күткен аналары, жары, құлдыраңдаған құлыны бар еліне жіберейік дейтін заман емес, жас маман Әбдікәрім енді игеріліп жатқан Мырзашөлге комсомолдық жолдамамен жіберіледі. Өзбекстанның мемлекет басқарған игі жақсыларымен бірге жүрген, үлкен ауданның басшысы болған Еңбек Ері қазақ Үкібаев Қыныбектей асыл азаматтың қуғындау көріп еліне оралған кезі екен. Жас маманды жылы қабылдайды. Білгенін үйретеді. Жақсы тәлімгер болады. 117-ші мақта зауытына гидротехник етіп бекітеді.
Шөл даланы игеруге Кеңес Одағынан көп адам тартылған. Шаруақор өзбек, тәжіктер кесімді жалақыға қанағаттанбай, бау-бақша, көкөніс өсіреді. Суға қат уақыттарда каналды жырып, өзінің жеріне су салады.
Су мәселесі айқайға айналғанда гидротехник осы мәселені көтереді. Бас мұрап Үкібаевтың жақын ағасы, бұлай болуы мүмкін емес деп бетбақтырмайды. Сол жиналыста комиссия шығарылады. Фактілердің орын алғаны рас. Директор “Бектаев өтірік айтпайды” дейді. Талай дауда осы сөзін қайталайды екен. Туған інісіндей ардақ тұтыпты.
1967 жылы Леңгір ауданы екіге бөлініп, бүгінгі Қазығұрт ауданы өз алдына шаңырақ көтергенде еліне оралғысы келген Әбдікәрім Бектаевты әзер жіберген.
Мырзашөлде жұмыс істеу, жақсы ағалардың қамқорлығын көру Әбекең үшін жақсы болғанымен, ағайын арасындағы күңкіл шыдатпаған.
“Бектайдың баласы кісікиік болды. Оқығанын қайтейік, екі анасын, әйелін ұмытып, сыртта жүр”. Қаңқу сөз ауыр тиді.
Ленин-Қазығұрт ауданы Мырзашөл емес. Суармалы жері аз. Үлкен ауданнан мол тәжірибе жинап қайтқан маманға ауыр тиген жоқ.
Үлкен анасы өтініш айтты. Жетпіс екі жаста еді. “Өлсем өлігім үкіметтің үйінде емес, өз өтенімде шықсын. Үй сал”. Әбекең 1967 жылы үй сала бастап, 1972 жылы бітірді. Жарықтық анасы бір жылдан соң осы үйде дүниеден өткен. Үлкен ағалардың тәлімін көрген Әбдікәрім Бектаевтың өзі тәлімгерге айналды. Түрлі қызмет сатыларынан өтті. Обкомда сектор меңгерушісі болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметінен 1983 жылы Леңгір аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Терещенкомен тізе қосып, экономикалық өсім жөнінен артта келе жатқан ауданды кеуде қатарға көтеруге атсалысты.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары аудандық мәслихат хатшысына сайланды. 2003 жылы зейнеткерлікке шықты.
Әр адамның осынау өмірде не ізім қалды, халқыма қылаудай болса да пайдам тиді ме дейтін уақыты болады. Бүгінгі өмірі жемісті мол берер күрең күзге ұқсайды. Күре жол қалдырыпты артында. Шаңырағынан өрбіген үш ұл, үш қыз инабатты, тәрбиелі, ел құрметіне бөленіп жүр. Ұйымшыл. Немере, шөберелері жиналғанда олар ата, әжелеп мойындарына асылып, беттерінен сүйгенде жұмақтың төрінде жүргендей сезінеді.
Өнегелі өмір иесі Әбдікәрім Бектаев бүгінде ат үстінен түскен жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде атқаратын шаруасы шашетектен. Әкесі Бектай орамалының шалғайындағы түйген нанын қаріп-қасірге үлестіріп жүрсе, одан туған ұл демеушілер тауып, жетім-жесірдің көңілін бүтіндеп, көп ұлт тұратын ауданда достықтың, бірліктің ұйытқысы болып жүреді.
– Студент жылдары Украинада өндірістік практикадан өткенімде ондағылар Қазақстанның атын естімегенін айтып намысыма тиген еді, – дейді Әбдікәрім ақсақал.
– Бүгінде Украина қайда, Қазақстан қайда. Біздегі экономикалық өсім сегіз есе жоғары ол елден. Көп ұлт жайласа да татулығы баянды, бір қолдың саласындай ұйысып отыр. Еуропа қазақ баласына билік айт деп төрін ұсынды. Мұның бәрі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Дүние жүзін бір тарының қауызына сыйғызып жібере жаздаған дағдарыс та біздің елде жеңіл өтті. Мемлекеттің өз халқына жасап жатқан жақсылықтарын нантепкі қылмай, қадірін білуіміз, ортақ іске атсалысқанымыз жөн. Қазақстандай Отанымыздың берекесі таси берсін десек, елді ел қылатын касиеттерден ажырамай, Елбасымыздың сындарлы саясатын қолдауымыз керек. Мен жастарға осыны айтып жүрмін...
Парасатты ақсақал осылай деп түйіндейді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы.