Демалыс күндері футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 21-тур ойындары өтті. Көпшілік назары осы кезеңде Тараз бен Нұр-Сұлтан қалаларында өткен кездесулерге ауды. Себебі, осы матчтарда жеңіске жеткен командаларға жарыс кестесінде жеке-дара көш бастауға мүмкіндік туындаған еді.
Күні бүгінге дейін көш бастап келе жатқан «Тобыл» Таразға сапар шегіп, жергілікті клубпен күш сынасты. Қос команда 90 минут бойы бір-бірімен тірескенімен таблодағы есеп еш өзгерген жоқ – 0:0. Есесіне «Астана» өз мүмкіндігін қалт жібермеді. Олар өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады. Бір қызығы, бұл бәсекедегі үш гол да 20-минутқа дейін соғылды. 4-минутта Фатос Бечирай мергендік танытса, 12-минутта Максим Федин 11-метрлік нүктеден мүлт кетті. 15-минутта Марин Томасов екінші допты қақпаға енгізді. 19-минутта Дмитрий Коркишко есеп айырмашылығын қысқартты – 2:1. Бұл есеп ойынның соңына дейін сақталды. Осы жеңісінің арқасында «Астана» ел біріншілігінде қайта көш бастады. Қазіргі кезде елордалық футболшылар 47 ұпайды еншілеп отыр. Ал басты қарсыласынан бір ұпайы кем «Тобыл» екінші орынды иеленуде.
Қалай да «Астана» мен «Тобылды» алысқа ұзатпауды көздеп отырған «Қайрат» бұл жолы «Қызылжарды» ұтты. Бірақ бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Солтүстік Қазақстаннан келген команда алматылықтарға әжептеуір қарсылық көрсетті. Тек 77-минутта ғана Артур Шушеначев нысананы дәл көздеп, Құрбан Бердыевтың командасына жеңіс сыйлады – 1:0. Қоржынында 40 ұпайы бар «Қайрат» үшінші орынды иемденуде.
Талдықорғанның «Жетісу» мен Оралдың «Ақжайығы» арасындағы матчта тең есеп тіркелді – 2:2. Түркістанның «Тұраны» мен Шымкенттің «Ордабасы» да қанша жанталасқанымен бір-бірін ала-алмады – 1:1. Ақтаудың «Каспийі» өз алаңында әупірімдеп жүріп, «Атыраудан» айласын асырды – 2:1. Қызылордада «Қайсар» Қарағандының «Шахтерына» есе жіберді – 1:2.
Жарыс кестесінің жоғарғы жағында кімдер барын айттық. Ал төменгі сатыларға келер болсақ, «Жетісудың» жағдайы өте мүшкіл. Талдықорғандықтар 12 ұпаймен көш соңында келеді. «Қайсар» да қуанатындай жағдайда емес. Сыр бойының футболшылары 15 ұпайды еншілеп, 13-орынды қанағат тұтуда.