Қазақстанда бір апта ішінде 3190 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бір апта ішінде 3 190 қылмыс жасалды, оның 2 166-сы бір тәулік ішінде ашылды», деді Нұрділдә Ораз брифинг барысында.
Аталған мәліметтерге сәйкес, полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 7 кісі өлтіру, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 34 тонау, 457 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын анықтады.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрі «Nur Otan» партиясының алаңында азаматтарды қабылдағаны атап өтілді. Ведомство басшысына өңірлердің тұрғындарынан бейне байланыс арқылы тікелей эфирде өтініштер келіп түсті. Олар негізінен қылмыстық істерді тергеудің сапасы мен мерзімдерін сақтауға, жоғалғандарды іздеуге, көші-қон заңнамасы мен жұмысқа қабылдау мәселелеріне қатысты болды.