“Әмірқұлов Фирдауси Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылындағы “Қазығұрт аудандық мамандандырылған “Дарын” мектеп-интернаты” мемлекеттік мекемесінде 2003 жылдан бастап есепші қызметін атқарады. Ол өзінің қызмет бабын пайдаланып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 17 мамырдағы №738 қаулысының талабына сай мектеп-интернаты оқушыларының ата-аналарынан тамақ үшін қосымша жиналған 5 079 257 теңгенің 1 848 220 теңгесін шығыс етіп, 1 138 558 теңгесін Қазығұрт аудандық “Халық банкінің” арнайы есеп-шотына тапсырып, өзіне сеніп тапсырылған жалпы 5 079 257 теңгенің қалған 2 092 479 теңгесін өзінің бас пайдасына жаратып, ысырап ету арқылы бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлаған...”
Бұл 1982 жылы Қазығұрт ауданында дүниеге келген, жоғары білімді Әмірқұлов Фирдаусиге қатысты Қазығұрт аудандық сотының үкімінің көшірмесі. Сот отырысында сұралған сотталушы Ф.Әмірқұлов өзіне тағылған айыпты ішінара мойындайды. Өзінің міндетіне мектеп-интернат оқушыларына тамақ үшін ата-аналардан қосымша қаржы жинайтындығын, оған 2007 жылдан бастап арнайы есеп-шот кітабын арнағандығын, қай ата-ана қанша ақша бергендігін осы кітапқа жазып жүргендігін айтады. Жалпы жиналған 5 079 257 теңгенің 1 848 220 теңгесін шығыс құжаттарымен шығыс етіп, 1 138 558 теңгесін “Халық банкі” есеп-шотына тапсырғандығын, қалған 2 092 479 теңгені өзінің сейфінде ұстағандығын мойындайды. Бірақ бір түсініксіздігі – бұл сейфтің екі қожайыны болғандығы. Бір кілт есепші-кассир Фирдаусиде болса, екінші кілт бас есепші Б.Мырзашта болған. Ф.Әмірқұлов сотта сөйлеген сөзінде мектеп директоры Т.Мақсұтовтың “комиссия келгенде күтеміз”, “қызметтік мәшинені жөндетеміз” деген екі сылтау, бір желеумен ақша алып отырғандығын да айтады. Бірақ қолма-қол берген ақшалары үшін ешкімге қол қойдырып, қолхат алмаған. Әлде жастығы, әлде тәжірибесіздігінен болар, ақша алғандарға сеніп қана келген. Сол сенген адамының бірі мектеп директоры Т.Мақсұтов сотқа куә ретінде қатысып, Ф.Әмірқұловтан ешқандай ақша алмағанын айтады. Ал тағы бір куә Б.Мырзаш сейфтің екінші кілті өзінде болғанын мойындамайды да.
Осы орайда сот отырысында сұралған куәлердің бірі Е.Ырысбаевтың “Екі жылдай “Дарын” мектеп-интернаты директорының көлік жүргізушісі болып қызмет атқардым. Екі рет есепші Ф.Әмірқұловтан нақты ақша алып, мектеп директорына апарып бердім” деген сөзі сотталушының, яғни Ф.Әмірқұловтың айтқанын нақтылап тұр. Бұл сәйкестікке сот назар аударды ма, жоқ па, ол жағын білмедік. Бірақ тергеу кезінде бұл мәселеге көңіл аударылуы керек сияқты көрінеді. Е.Ырысбаевтың берген түсінігінің тұсына үлкен сұрақ белгісін қоя тұрып, негізгі мәселеге қайта оралайық. Сонымен, сот үкім шығарды. Ф.Әмірқұловты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-шы бабы, 3-бөлімінің “б” тармағымен айыпты деп танып, оны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Әлбетте, біз бұл жаза ауыр ма, жеңіл ме, әділетті ме, әділетсіз бе деген сұрақтарға жауап іздеп отырған жоқпыз. Тағайындалған жазаға баға беруден де аулақпыз. Оған құзіретіміз де жоқ. Біздің айтпағымыз басқа мәселе.
Фирдауси Әмірқұловтың әкесі әрі сенімді өкілі Орынбасар Әмірқұловтың редакцияға жолдаған хатында баласын сүттен ақ, судан таза деп отырған жоқ. Белгілі бір мөлшерде Фирдаусидің қылмысы барын, бірақ бұл іске мектеп директоры Т.Мақсұтовтың да қатыстылығын айтады және оның осы қылмыстық іске неге тартылмағандығын түсінбейтінін жазған. “...Оңтүстік Қазақстан облысының заң орындарына және басқа ұйымдарға арызданып, шырылдап, шындықты айтқаныммен әділеттілік таба алмай отырмын. Себебі, олар қазақтың мақалындағыдай “айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар” дегендей, менің баламды ғана айыпкер ретінде танып, сотқа жалғыз өзінің ісін өткізді. Ал негізінен мектептің қаржысын талан-таражға салған мектептің бұрынғы директоры Мақсұтов Талғат және басқалар шетте қалды. Балам Ф.Әмірқұлов осы әділетсіздікке төзе алмай жүйке ауруына және қант диабетіне ұшырады...” (О.Әмірқұловтың арызынан).
Ашыну мен ашуға толы бұл хаттың мәтінін толық беретін болсақ, онда мектеп директорының “ала қойды бөле қырыққан” қылмыстық іске қатысы бары, қылмыстық жауапкершілікке тек Ф.Әмірқұлов емес, Т.Мақсұтовтың да тартылуы тиіс екенін байқайсың. Толып жатқан құжаттар бұл ойымызды нақтылай түседі. Бірақ... Бірақ сонша адам қол қойған, сонша тексерулер дәлелдеген құжаттарды О.Әмірқұловтың арызына сүйеніп жариялап жіберуге болмас та еді. Себебі, белгілі.
Дегенмен, Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясы басқармасының аға инспекторы, қаржы полициясы капитаны Б.Шалабаев, “Сенім аудит” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы Е.Ахметов, “Дарын” мектеп-интернатының бас есепшісі Б.Мырзаш қол қойған актіге назар аудармай кетуге тағы да болмас еді. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасы “Дарын” мектеп-интернатына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурс жариялаған. Бұл жұмыстарды орындауға 25 миллион теңге қаралған. Мердігер болып “Радий” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған. 2009 жылы 2 маусымда “Дарын” мектеп-интернаты мемлекеттік мекемесінің директоры Т.Мақсұтов пен “Радий” ЖШС директоры Н.Қарақожаев келісім-шартқа тұрған. Осы келісім-шартқа байланысты көрсетілген 25 миллион теңге тиісті серіктестікке толығымен аударылған. 2009 жылғы 24 тамызда директор Мақсұтов қабылдау актісін бекіткен. Бірақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі сот-сараптама орталығы Оңтүстік Қазақстан аймақтық ғылыми-өндірістік зертханасының №4502 санды қорытындысында 25 миллион теңгенің емес, 23 711 918 теңгенің жұмысы орындалғанын, яғни “Дарын” мектеп-интернаты мекемесінің директоры Т.Мақсұтов пен “Радий” ЖШС директоры Н.Қарақожаевтың іс-әрекеттерінде мемлекетке 1 288 081 теңге зиян келтірілгені анықталады. Орынбасар Әмірқұловтың редакцияға жолдаған арызында көрсетілген көп фактілерінің бұл біреуі ғана.
Жоғарыда Қазығұрт аудандық сотының үкімімен Ф.Әмірқұлов 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жаздық. Бұл жаза туралы пікір білдірмейтінімізді, пікір білдіре алмайтындығымызды айтқанбыз. Дегенмен, “жас жігіт үшін бұл жаза аса қатал емес пе екен” деген бір түйіткілдің көңіл түкпірінде болғаны да рас. Іссапар барысында арыз иесі Орынбасар Әмірқұловпен кездескен кезде сол түйткіл сәл де болса тарқатылғандай болды. Орекең баласына қатысты қылмыстық істі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы апелляциялық тәртіппен қарап, Қазығұрт аудандық сотының 2010 жылғы 16 ақпандағы үкімін өзгертіпті. Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жазаны шартты деп санап, сотталған Ф.Әмірқұловқа екі жыл сынақ мерзімі белгіленіпті.
– Балам түрмеден босатылды. Бүгінгі күні ауруханада жатыр, – деді О.Әмірқұлов. – Мен арызымда жазғанымды тағы да қайталаймын, баламның белгілі бір дәрежеде кінәсі бар екені рас, дегенмен, оның бір өзі ғана емес, мектеп директоры да бірге жазалануы керек еді.
Әлбетте, осы бір ауыр әңгіме үстінде Орекеңнің көңілін жұбатарлықтай ештеңе айта алмадық. Бірақ оның қоштасар кезде “менің және баламның басындағы осы бір қиын жағдайды газетіңізге жазыңызшы, менің зарыма құлақ аспаған заң орындарының басшылары да, басқа жұрт та хабардар болып отырсын” деген өтінішін орындауға тырыстық.
Мақала осылай жазылды.
Шарафаддин ӘМІР.
Оңтүстік Қазақстан облысы.