Конституция – ел дамуының ұзақмерзімді бағытын белгілейтін стратегиялық бағдар. Тәуелсіздік жылдарында Конституция мемлекеттің қалыптасуына, институционалдық тұрақтылықтың орнығуына қызмет етті. Ал бүгінгі кезеңде ол жаңа мазмұнмен толығып, қоғамдық дамудың стратегиялық негізіне айналып отыр.
Жаңа редакциядағы Конституцияны талдай отырып, мемлекеттің даму логикасы енді Адам арқылы қарастырылатынын байқауға болады. Бұл – стратегиялық тұрғыдан да, мазмұндық жағынан да аса маңызды бетбұрыс. Өйткені қазіргі әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, азаматтарының білім деңгейімен, ойлау мәдениетімен, зияткерлік әлеуетімен, жауапкершілік сапасымен өлшенеді.
Бүгінде мұндай сапа халықаралық деңгейде нақты өлшемдер арқылы бағаланады. Мәселен, елдегі білім мен адам әлеуетінің деңгейі Human Capital Index пен Education Index арқылы, оқушылардың ойлау мен талдау қабілеті PISA зерттеуі арқылы айқындалады. Инновациялық ойлау мен технологиялық дайындық Global Innovation Index көрсеткіштерінде көрініс табады. Ал мемлекетті басқару мәдениеті мен институционалдық жауапкершілік деңгейі Global Competitiveness Index пен Worldwide Governance Indicators сияқты халықаралық рейтингтер арқылы өлшенеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы мемлекеттің табысты дамуы ең алдымен адамның интеллектуалдық, мәдени сапасына байланысты екенін дәлелдейді.
Осы тұрғыда Конституция жобасында адам капиталына, білім мен ғылымға стратегиялық басымдық берілуі еліміздің даму бағыты әлемдік үрдістермен толық үндес екенін көрсетеді. Мемлекет тек экономикалық өсімді емес, ойлай алатын, жауапкершілікті сезінетін, білімге сүйенетін азаматты қалыптастыруды басты мақсат етіп отыр.
Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік қызметтің стратегиялық бағыты ретінде белгіленуі ерекше мәнге ие. Бұл норма білім мен ғылымды әлеуметтік саланың қосымша элементі ретінде емес, ұлттық дамудың негізгі тірегі ретінде қарастыруды көздейді. Мемлекет өзінің ұзақмерзімді даму моделін адамның интеллектуалдық әлеуетімен тікелей байланыстырып отыр.
Конституцияның дәл осы тарихи кезеңде жаңғыруы елдің ең жоғары заңдық деңгейінде бір қарапайым, бірақ қағидатты шындықты бекітуге мүмкіндік береді: мемлекет адамнан жоғары емес, керісінше, адамның әлеуетін ашу үшін қызмет етеді. Бұл қағида жаңа Конституцияның ішкі логикасын, оның рухын айқындайды.
Аталған ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында айтқан ойларымен де дәл үндеседі. Президент жапон қоғамын сипаттай отырып, елдегі ерекше тазалыққа назар аударды. Алғаш қарағанда, бұл жай ғана байқау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында терең мән жатыр. Тазалық – коммуналдық қызметтердің көптігімен немесе жазаның қатаңдығымен өлшенбейді. Ол – әрбір адамның ішкі мәдениеті, уақыт өте келе бүкіл қоғамның қалыпты тәртібіне айналатын жауапкершілік.
Осы тұста Президенттің пайымы жаңа Конституцияның философиясымен тікелей ұштасады. Себебі Конституция да қоғамды сыртқы бақылау арқылы емес, ішкі мәдениет пен саналы жауапкершілік арқылы дамытуға бағдарланған. Мемлекет азаматтан тек талап етпейді, оның білім алуына, ойлауына, кәсіби әрі адамгершілік тұрғыдан өсуіне жағдай жасауды өзінің басты міндеті ретінде айқындайды.
Демек Конституция – тек құқықтар мен міндеттердің жиынтығы емес. Ол – құндылықтар кодексі. Бұл кодекс адамның мемлекетке, табиғатқа, білім мен еңбекке деген көзқарасын қалыптастырады. Бір адамның жауапкершілік мәдениеті көпшіліктің нормасына айналған кезде, адам капиталы абстрактілі ұғымнан нақты қоғамдық күшке айналады.
Жаңа Конституция елдің құқықтық негізін ғана емес, интеллектуалдық және институционалдық даму моделін де айқындайды. Бұл модельде білім, ғылым, инженерлік ойлау және сараптамалық мәдениет басты құндылықтар ретінде қарастырылады. Мемлекет жедел нәтижеге емес, ұзақмерзімді орнықтылыққа бағытталған таңдауды жүзеге асырып отыр.
Қорытындылай келе, Конституцияны талдау оның басты мақсатын айқын көрсетеді: еліміздің болашағы институттар арқылы ғана емес, сапалы адам арқылы қалыптасуға тиіс. Ғылымға, білімге, пәнаралық жауапкершілікке сүйенген даму – қазіргі әлемдегі ең сенімді жол.
Гүлбазар МЕДИЕВА,
Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының ғылыми кеңесшісі