• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2014

«Роскосмос» Мұхтар Аймахановты ресейлік ғарышкерлер тобына енгізді

410 рет
көрсетілді

Қаңтар айының аяғында «Роскосмос» Мұхтар Аймахановты ресейлік ғарышкерлер тобына енгізу мәселесін қарастырып, оның кандидатурасын мақұлдады. Бұл туралы Azattyg.org хабарлады.

Кезінде Қазақстан бюджетінен арнайы бөлінген қаржымен дайындықтан өткен Аймахановтың ғарышкер атану мәселесі ұзаққа созылып кеткен еді. 2012 жылы Ресей азаматтығын алған ғарышкер енді сол елдің атынан ұшатын болды. Бұл мәселе Қазақстанда әрқилы пікірталас туғызды.Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев ғарышкерді «мемлекет мүддесіне қарамай жеке арманын өздігінен орындауға ұмтылды» деп сөкті.

27 қаңтарда «Роскосмос» ғарыш агенттігі комиссияаралық отырыс өткізіп, онда қазақ ғарышкері Мұхтар Аймахановты ресейлік ғарышкерлер тобына енгізу мәселесін қарастырған болатын. Агенттіктің ресми сайтында шыққан ақпарға қарағанда, комиссия оның кандидатурасын мақұлдаған.  Жақында «Роскосмос» сайтында Мұхтар Аймаханов туралы бейнесюжет те ілесе жарияланды. Онда Ресейдің ғарышкерлерді дайындайтын «жұлдызды қалашығында» жүрген Аймахановтың дайындық жолы туралы тәптіштеп баяндалады.  Қазақстанның «үшінші ғарышкері» атануға үміткер болған Аймахановтың Ресей атынан ұшатыны жайлы ақпарат қоғамда әрқилы пікірталас туғызды. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев 29 қаңтар күні «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында Аймахановты дайындауға Қазақстанның қыруар қаржы жұмсағанын айтып, оны кінәлай сөйледі.

«Мұхтардың өз арманын мемлекеттік мүддеден жоғары қоюын түсіне алмаймыз. Ол бұл әрекетімен өзінің досы Айдын Айымбетовты ғарышқа аттану мүмкіндігінен айырып отыр. Айтқандай, оның дайындығы да Мұхтардан кем түспейді. Бұл жерде үлкен ұждан мәселесі бар. Аймаханов бұл шешімді агенттікпен де, үкіметпен де келіспей, өзі қабылдаған. Қазақстан оның ресейлік ғарышкерлерді дайындау орталығында білім алуын ұйымдастырып, ақысын төлеген», – дейді Талғат Мұсабаев.

Белгілі болғандай, Қазақстан 9 жыл бойы екі ғарышкерді дайындауға бюджеттен 17 миллион теңге жұмсаған.  Сарапшылардің пікірі «бұл жерде кінәні ғарышкерден емес, Қазақстанның ғарыш саласын басқарып отырған адамдар мен олардың ғарыш саласына қатысты жүргізіп отырған саясатынан іздеу керек» дегенге сайып келеді. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Аймахановтың дайындыққа кеткен қаржыны өздігінен ақтауға ұмтылысын айыптау қателік екенін айтады. «Мен оның шешімін жүз пайыз қолдаймын. Дұрыс. Жарады! Мен болсам да солай істер едім. Ғарышкерлерді дайындауға ақша бөлінді. Бірақ ол құмға құйған судай жоқ болды. Мұның себебін Талғат Мұсабаевтан сұрау керек. Енді Мұхтардың өзі сол қаражатты ақтаудың қамын жасап жатыр», – деді ол. Тоқтар Әубәкіров сондай-ақ Мұхтар Аймаханов ғарышқа ұшатын болса, оның кеткен ақшаны он есе ақтайтынына сенім білдірді.

Қазақстандық екі ұшқыш - Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов 2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер орталығында арнайы дайындықтан өткен еді. Екеуінің бірі 2009 жылғы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс болатын. Бірақ Қазақстан жағы қаржы тапшылығына байланысты ғарышкер ұшыруды кейінге қалдырған. Бұл мәселе Астана мен Мәскеу арасында болған ең жоғарғы келіссөздерде бірнеше рет көтерілсе де, шешілмеген күйі қалды. 45 жастағы Мұхтар Аймаханов 2012 жылы Ресей азаматтығын алған еді. Қазір ол отбасымен Ресейде тұрып жатыр. Ал Қазақстанда қалған Айдын Айымбетовке 2012 жылы ғарышкер мәртебесі берілді.

2013 жылғы қыркүйек айында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Пекинде Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің басшысымен кездесті. Онда олар Қытай экипажы құрамында қазақстандық ғарышкерді ұшыру мәселесін талқылаған болатын.

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Azattyg.org

Фото: Newskaz.ru

Соңғы жаңалықтар