• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2021

Бәсекелестік бағаға ықпал етеді

233 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары өңірде жылыжай салып, көкөніс өсіруге деген ұмтылыс ұлғайып келеді. Тиімді тұсы да тарқатып айтуға лайық. Мәселен, базар сөрелері жергілікті өнім есебінен толықтырылса, жергілікті жерде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.

Кәсіп иелері алдымен топырақ құ­ра­мын зерттеген. Керегі де осы. Құнарсыз, айтақыр жерден табыс табу әсте мүмкін емес қой. Ойға алғандары орындалса, одан кейінгі шаруа – дайын өнімді өткізу. Бұл орайда бас қатыратын ештеңе жоқ. Тұты­нушысы мол Нұр-Сұлтан қаласы іргеде. Жылыжай салынған Ыбырай Алтынсарин ауылы астанадан атшаптырым жерде.

Оң-солын ақыл таразысына салып сарап­та­ғаннан кейін 1 гектар жерге қыза­нақ­тың екі түрі егілді. Жылыжайдың өнімі де жаман емес, бар­лық технологиялық талап мүл­тіксіз сақталғаннан кейін қаулап өсе бас­та­ды. Қылтиып жер бетіне шы­ғы­сы­мен-ақ көңіл орныққан. Жылына 20 мың тонна өнім жинауға толық мүмкіндік бар. Өздерінің межелеп отырғандары да осы. Жылыжай директоры Абзал Оразымбековтің ай­туына қарағанда, Нұр-Сұлтан қа­ла­сына сырттан тасымалданатын, ба­ға­сы удай көкөніс көлемін шектеп, жер­гілікті өнімді молынан ұсынуға болады.

– Бастаған ісіміздің берекесі «Ең­бек» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының ша­ра­патымен үйіріліп тұр, – дейді Аibol eco product компаниясының жетекшісі Абзал Оразымбеков. – Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қорынан 4 млн теңге несие алдық. Өсімталдығы дәлелденген, Гол­ландия селекционерлерінің тиянақты тә­жі­ри­­бесінен өткізілген екі түрлі тұ­қым ектік. Қа­зір жылыжайдың жал­пы аумағы 2 мың шаршы метр, онда 6 мың түп орналастырылды. Алдағы уақытта жылыжай көлемін тағы да екі гектарға ұлғайтсақ па деп отырмыз. Ка­ран­тинге байланысты аздаған қиын­дық бол­­ғанымен, азық-түлік мол­шылығын жасау ба­­ғытында жұ­мыс істеп жатырмыз.

Кешеннің құрылысы қаңтар айын­да басталған. Жалпы құны 13 млн теңге төңірегінде. Қолбайлау болып отыр­ған жалғыз жай – жылыжайға қа­жетті су. Мамандардың айтуына қарағанда, су жеткілікті болмаса, қы­занақ тамыры зақымданбақ. Жа­пы­рақтары әлсіреп, оратылып қалады. Сол сәтте жапырақ та фотосинтез про­цесін ала алмай, түйіндерге ба­ғыт­т­алар күш кемиді. Айналып кел­ген­де, бар еңбек зая болмаса да, зиян көбеймек.

Әзірге суды тасымалдап, көкөніс­те­­рін суарып отыр. Аудан әкімдігі қауырт науқан – егін орағы аяқталған соң қолұшын беруге уәде етті. Тіршілік нәрі тікелей тартылса, жылыжай ауқымы да кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сол кезде жергілікті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік туады.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы