Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық ономастикалық комиссиясының отырысы болып, онда ұлтын қолдап, қорғап, қара бастарына келген қауіп-қатерге қарамай күрескен Алаш ардақтыларының аты ұлықталды. Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов елімізде санақ жүргізіліп, нысандарға ат беру немесе ауыстыру мәселелерінің кейінге қалдырылғаны туралы шешімнің тыйым салынбаған тұстары табылғанын айтты.
«Санақ жүруіне байланысты ат беруге тыйым салу көшелер мен елді мекендерге қатысты. Ал білім беру мекемелері мен басқа орындарға оның қатысы жоқ. Сондықтан біз бастаған ісімізді одан әрі жалғастырып, облыс орталығында ешкімнің аты берілмеген білім ордаларына Алаш қайраткерлерінің есімін беру керек деп шештік. Барлық міндетті шаралар өткізілді. Мектеп ұжымдарымен кездесулер болып, олардың келісімдері алынды», деді ол өзінің сөзінде.
Сонымен қаланың бертін жаңғыртылған «Береке» шағын ауданындағы үш қабатты №25 мектепке Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілетін болды. Мұндағы мұғалімдер ұжымы да ұсынысты қуанышпен қабылдап, өз тараптарынан да үн қосып, қазір түрлі шаралар дайындап жатқан көрінеді.
Ал қаладағы №9 байырғы мектептердің біріне ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының аты берілетін болды. Бұл мектеп те үш қабатты, оқушылар саны 1360, мұғалімдер ұжымы 95 адамнан тұрады. Орысша білім беретіндіктен болса керек, мұндағы кейбір ұжым мүшелері Ахмет Байтұрсыновты білмейміз деген сөздер айтқан екен. Тиісті түсіндіру шаралары жүргізіліп, Ахаңның еңбектері туралы айтылғаннан кейін «білмейміз» дегендердің өзі қолдайтындықтарын айтқан.
Ал халқымыздың ғажап ұлдарының бірі, қазақ атын әлемге алғаш танытушы, классикалық күрестен дүние жүзінің чемпионы болған күш атасы Қажымұқанның есімі Ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне берілетін болды. Қазір бұл мектепте спорттың 7 түрі бойынша 700 бала жаттығады. Енді бұл балалар өздерінің Қажымұқан атымен байланыстылығын мақтанышпен айтып жүретін болды. Қай жерде, әлемнің қай түкпірінде табысқа жетсе де олардың «мен Қажымұқан мектебінің түлегімін» деп күш атасын алдымен ауызға алары сөзсіз.
Ал халқымыздың арда азаматтарының бірі, сталиндік Голощекиннің өзіне қарсы тұрған жасын тұлға Смағұл Сәдуақасовтың есімі қаланың ең басты көшелерінің бірі – Интернационалдағы №2 мектепке берілетін болды. Оның ұжымы да Смағұлды танымаймыз деген екен, тиісті түсінік беру жұмыстары жүргізілгеннен кейін бәрі де ризашылығын білдіріпті. Енді осы мектептің алдына Смағұлдың ескерткіші де орнатылмақ. Сонымен қатар осы көшенің өзін де С.Сәдуақасовтың атына беру туралы жоспар бар. Сонда, кезінде Сталин атын алған көше енді Смағұлдың атымен аталатын болады. Осының өзі халқымыздың рухын көтеріп, еңсемізді тіктей түсуімізге әсер етері сөзсіз.
Сонымен қатар Алаш қозғалысы белсенділерінің бірі, біз жуырда ғана «Егеменге» кітабы шыққаны туралы жазған алғашқы қазақ дәрігерлерінің қатарында болған Жұмағали Тілеулиннің есімін осындағы медициналық колледжге беру туралы ұсыныс та қаралатын болды. Ол үшін осы ұжымның мүшелерімен кездесіп, Жұмағалидың кім екенін таныстыратын топ құрылды.
Айтылған ұсыныстардың бәрін ономастикалық комиссия мүшелері бірауыздан қолдады. Енді бұл шешім Үкіметке жіберіледі. Ондағылар да қолдап, ұлттық қана емес, мемлекеттік мүдде үшін жасалып жатқан ұлағатты істерге қолбайлау жасамаса болды. Әйтпесе... жергілікті жерде бәрі қолдап, жоғарыға жіберілген Тимирязев ауданын заңғар жазушы Сәбит Мұқановтың атына беру туралы шешімді көлеңкесінен қорыққан қайсыбір шенеуніктер өткізбей тастады. «Қазақтың кең даласы атанған» Сәбит Мұқанов сияқты тұлғалар болмаса кеңестік шовинистік саясаттың кесірінен қазақ атының өзі жұтылып кете жаздағанын қазіргі батырсынып жүрген біреулер білмейді ғой. Сондайлардың сынынан қорыққан шенеуніктер қазақтың бірнеше ұрпағына рухани нәр беріп келе жатқан жазушының есіміне аудан атын қимады. Оларға Сәбеңнен гөрі Тимирязев аты маңыздырақ болыпты...
Ал мына жаңа шешімдерді өткізуге ешкім қарсы болмас деген үміттеміз.
Солтүстік Қазақстан облысы