Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза тапқан полиция қызметкерлері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасыларына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мұрат Баймұқашев ІІМ басшылығының, ішкі істер органдары жеке құрамының атынан қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрінің өтініші бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй бөледі. Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығымен қайтыс болған учаскелік инспекторларға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚ учаскелік инспекторы, полиция майоры Дархан Сүлеев 1982 жылы туған, Ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет еткен. ҚР ІІМ Алматы академиясының магистратурасын бітіргеннен кейін 2021 жылдың тамыз айында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалды. ІІО-да қызмет еткен жылдары 6 рет көтермеленді, оның ішінде 3-дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, сондай-ақ «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Нұрбол Байғазиев 1988 жылы туған, Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келген. 13 рет марапатталған, оның ішінде «Үздік құтқарушы жауынгер» және «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталған. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.