Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев қатысты. Онда ол Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру жоспарлары жөнінде баяндады.
«Жақында Елбасы Көлік инфрақұрылымын дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытудың алғашқы кешенді бағдарламасы», деген министр бағдарлама бойынша еліміздің көлік жүйесі бәсекелестігі артатынын атап өтті. Онымен қоса өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық байланыс қамтамасыз етіледі, республиканың көлік жүйесі әлемдік жүйеге интеграцияланады. Сондай-ақ, ол Қазақстан арқылы транзиттік тасымал 2020 жылға қарай 2 есеге, ал 2050 жылға қарай 10 есеге артатынын мәлімдеді. Жалпы, бағдарлама барысында жүзеге асырылатын жұмыстардың нәтижесінде жүк және жолаушы айналымы 1,5 есе, ал транзиттік жүк көлемі 2 есеге артпақ.
«Елбасы Жолдауында республиканың транзиттік әлеуетін 2030 жылға дейін дамытуға байланысты тағы бірқатар тапсырмалар берген болатын. Сол үшін біз қазір шаралар жоспарын әзірлеп жатырмыз. Онда транзиттік әлеуетті арттыруға, инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға, сонымен бірге, халықаралық сауда жасау барысындағы әкімшілік кедергілерді жою және де логистика мен дистрибуцияның қазіргі заманғы отандық орталықтарын дамыту шаралары ескеріледі», деді министр.
Елбасы Жолдауында шекараларымызда көлік құралдарының шоғырланып қалу мәселесін біржола шешуді тапсырған деп тоқталған А.Жұмағалиев бұл үшін кедендік өңдеу мерзімін қысқарту, шекаралық өтпелердің өткізу қабілетін арттыру, экспорт-импорт операцияларын оңайлату қажеттігін баса айтты. Аталмыш мәселені шешу үшін Қазақстанның шекарасында орналасқан кедендік өткізу бекеттерін байланыстыра көліктік-логистикалық орталықтарын салу жоспарлануда. Сонымен қоса, кедендік бақылау және кедендік декларация, жүк өңдеу және қосымша қызмет көрсету, логистикалық қызмет көрсету мәселелерін тікелей өткізу бекеттерінде жасауды, сонымен бірге, пост-кеден бақылау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр екен. Мұнымен қатар, министрлік сауда рәсімдері мөлдірлігін арттыру мақсатында автоматтандыруды қолға алыпты.
Өткен жылы сыбайлас жемқорлықты жою мақсатымен 13 автоматты салмақ өлшеу аркаларын орнатыпты, көліктік бақылаудың 11 тұрақты бекетін жапқан. Бұл тасымалдаушылардың лауазымды тұлғалармен тікелей жүздесуін болдырмайды және жүк қозғалысының жылдамдығын арттырады. Биылғы жылы осындай аркалар саны 31-ге жетеді, ал келешекте тағы 80 арка салынады деп жоспарлануда.
Жүк ағынын арттыру мақсатында азаматтық авиация және теміржол салаларын автоматтандыру жөнінде біраз шаралар жоспарланған. Ал теміржол тасымалы саласында «Келісімді және коммерциялық жұмыс» автоматты басқару ақпараттық жүйесін енгізу қолға алынуда. Ол «бір терезе» принципі бойынша өтінімді өңдеу мерзімін 3 тәуліктен 3 минөтке дейін қысқартады. Айтылған шаралар бизнес-қоғамдастығынан әкімшілік кедергілерді алып тастауға, кедендік операцияларды жылдамдатуға, қазақстандық тасымалдаушылардың әлемдік рыноктағы бәсекелестік қабілетін арттыруға, жалпы, сыртқы экономикалық қызмет мүшелеріне қолайлы жағдай тудыруға мүмкіндік ашады.
А.Жұмағалиев баяндамасының қорытындысында Елбасы тапсырмаларына орай қолға алатын шаралар легі мұнымен шектелмейтінін айтып өтті. Яғни атқарылған жұмыс аз емес, ал алда атқарылар жұмыстар одан да көп.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».