Өткен аптада Білім және ғылым министрлігінің алқа жиналысы болған еді. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы келелі мәселелерді орындау барысы жан-жақты талқыланған. Мемлекет басшысы жүктеген білім мен ғылым саласындағы жұмыстар алдағы уақытта қалай атқарылады деген мәселе кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен мәслихатта сөз болды.
Білім және ғылым министріАслан Сәрінжіпов алқада айтылған міндеттер жайлы жан-жақты мәлімет бере келіп, бірінші Елбасы Жолдауында көрсетілген мектепке дейінгі құрылымдардың жұмысын заман талабына сай жүргізу үшін 2020 жылға қарай 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамту, орта білім берудің мазмұнын жаңарту, сапасын көтеру, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі озық үлгіні бірте-бірте енгізіп, келешекте Отанымыздағы барлық білім беру ұялары сол деңгейде жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Техникалық және кәсіптік оқыту жүйесін жетілдіру жолдарын тарата келіп, үш тілде білім беру мәселесіне де назар аударып, орыс мектептеріндегі қазақ тіліне мән беру, жоғары оқу орындарында алда болатын өзгерістерден хабардар етті.
Бұдан кейін жоғары білім, ғылым және жастар саясаты бойынша ағымдағы басымдықтар жайлы вице-министр Такир Балықбаев қазір Отанымыздағы 131 жоғары оқу орнында 524,2 мың студенттің білім алып жатқанын, оларға мыңға тарта шетелдіктердің де дәріс оқып, қазақстандық жоғары білім жүйесі еуропалық білім беру кеңістігімен – ТМД елдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын атады. Болон процесі отандық білім беру бағдарламаларын шетелдік бағдарламалармен үйлестіруге ықпал етіп жатқанын, ағымдағы жылы сол Болон процесіне біздің ел де төрағалық етіп отырғанын тілге тиек етті. Назарбаев Университеті үлгісінде жоғары оқу орындарына дербестік беру процестері басталғанын, 4 жоғары оқу орнында байқау, 64 қамқоршылық кеңестері құрылғанын жеткізді. Алдағы уақытта Елбасы Жолдауында көрсетілген жетекші университеттерге академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшу жөніндегі тапсырма бойынша жұмыстардың жүйелі атқарылатынын айтып, ондай ілгерілеушілікке қол жеткізген кезде білім ордаларының басшылары мен оқытушылары ашықтық құрылым жағдайында жұртпен бірлікте жұмыс істейтінін жеткізді. Отанымыздағы жоғары білімнің экономикалық қабілеттілігіне, оқу сапасына қарайтын болсақ, әлемдік деңгейде 88-орынды иеленіпті. Ал дүние жүзіндегі ең үздік деген 200 университеттің қатарына еліміздің бірде-бір оқу орны іліне алмапты. Бұрын қаржыландыру бір бағытта жүріп келсе, ендігі жерде оған да өзгеріс енгізілетін көрінеді. Көптеген жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі материалдық-техникалық базасының кемшіндігінде жатқан секілді. Сол сияқты, жоғары оқу орындарындағы жемқорлықпен күресу ендігі жерде формальді түрде емес, түбегейлі жою жайына тоқтатылып, мөлдірлікке кең жол ашу көзделіп отыр екен. Ұлттық аккредиттеу органдарының жұмысын жетілдіру де қарастырылу үстінде. Ғылым саласына байланысты алға тартылған әңгіме желісіне қарағанда «Ғылым туралы» Заңда көрсетілген міндеттерді мінсіз жүзеге асыру ниетінде жоба-жоспарлар әзірленіп жатқаны алға тартылды. Оның бастысы, ғылыми жетістіктерді қолдана отырып, табиғи ресурстарды талапқа сай пайдалану, шикізаттар мен өнімдерді қайта өңдеу, энергетика және машина жасау, ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялар, өңір туралы ғылым, еліміздің интеллектуалды әлеуеті арттырыла бермек. Ғылыми жобалар гранттық негізде қаржыландырылады. Сол секілді ғылым саласындағы кадрлық әлеуетті тұрақтандыруға ықпал ету жайы да айтылды. Жастар саясатына келсек, бұл салада арнайы заң жобасы әзірленіп, Парламентке ұсынылыпты.
Ал мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша вице-министр Есенғазы Иманғалиев Жолдауда көрсетілген тапсырмалар бойынша жасалып жатқан жоспар-жобаларға тоқталды. Мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша, әсіресе, 3-тен 6 жас арасындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жайына келсек, 2014-2016 жылдар аралығында 190 миллиардтан артық теңге жұмсалып, 2017-2018 жылдары – 82,7, 2019-2020 жылдары – 100 пайыз балалар балабақшамен қамтылады. Баланы ерте жастан дамыту тұжырымдамасы жасалып жатқанын айтқан ол, орта білім беру ісі уақыт өлшеміне бейімделетіні, әсіресе, білім сапасын арттыру бірінші кезекте тұрғанын атап өтті. 2015 жылы бірінші сынып бойынша барлық пәндер жаңа бағдарлама бойынша жүргізілетінін, 11 жылдық білім беруге де өзгерістер енетінін жеткізді. Үш ауысымды мектептерге байланысты алдағы үш жылда 146 мектеп салынып, 2016 жылы үш ауысымды білім ұялары 13 есеге, апатты мектептердің үлесі 1,2 пайызға төмендейтініне нақты дәйектер келтірді. Кәсіптік білім беру саласын жаңарту көзделіп отырғанын, оқыту 181 мамандық 476 біліктілік бойынша жүргізілетінін де еске салды.
Баспасөз мәслихатында қолға алып жатқан басты бағыт білім сапасы екені баса айтылды. Әсіресе, сырттай оқыту саласындағы қиын түйіндер де жан-жақты қаралып жатыр екен. Бұған қоса халықтың талабына орай, мектеп оқушыларын сабақ кезінде бір рет ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайы да әңгіме арқауына айналды. Ал мұғалімдердің беделін көтеру жолындағы атқарылған жұмыстар туралы сөз болғанда, бұл салаға өз қалауымен келетін талантты жастар тартылмақ. Дамыған ел санатындағы Оңтүстік Корея мемлекетіндегідей мектеп бітірген түлектердің 10 пайызын мұғалімдік мамандыққа баулу үрдісін қалыптастыру қарастырылуда екен. Мектеп салу ісінде жергілікті жағдайлар бірінші кезекте тұратынын, онда бүгін, келешекте оқитын балалар саны есептелетінін атап өтті. Оқулық мәселесіне қатысты сұрақтарға министр А.Сәрінжіпов жауап беріп, «Оқулықтар қатаң сараптаудан өтетініне жан-жақты дәйектер келтіре отырып, бұл іске баспа орындары да ыждаһатты болу қажеттігін, тапсырыс беруші мекемелер, яғни білім бөлімі мен ұстаздар қауымы да атсалысса ұтылмас еді», деген уәжін алға тартты. Баспасөз мәслихатындағы басты ұстаным, ұрандатпай ұйымдастыра білген жерде жұмыс жүйелі жүреді, сонда Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар мүлтіксіз орындалып, жұрт көңілінен шығады деген байламға ден қойылды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».