Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуын қамтитын және мемлекетіміздің барлық саласына тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін нақты іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат екені даусыз. Бұл Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – Мәңгілік Ел құруды көздейтіні. Өйткені, бұл біздің отандық ортақ тарихымызда мүлде жаңа ұғым. Нақтырақ айтқанда – Мәңгілік Ел құруға бағытталған ұзақмерзімді Стратегияны жүзеге асыру жөнінде нақты бағдарлама ұсынылып отыр. Бұлардан бөлек Қазақстанның қазіргі заманғы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздейтін дамыған мемлекет құру ұлттық идеясы да жан-жақты мазмұндалған. Ал бұл тарихи міндетті іске асыру Нұрсұлтан Назарбаевтай Президенті бар қазақстандықтардың қолынан келетініне титтей де күмәнім жоқ.
Мемлекет басшысы алдағы 35 жылды 7 «бесжылдыққа» бөледі. Бұл бесжылдықтардың әр- қайсының жеке-жеке мақсат-мүдделері болады. Елбасы осынау әр кезеңді қамтитын маңызды міндеттерді де нақты атап көрсетті. Әр кезең сайын экономиканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бесжылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ, Елбасының ғылымға негізделген экономика қалыптастыру туралы тапсырмасы да ғылым мен инновациялық технологияларға баса назар аудару қажеттігін білдіреді.
Елбасының биылғы Жолдауында маған қатты ұнаған тағы бір қуанышты жағдай – білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін қайта қарастыратыны. Атап айтқанда, сала қызметкерлерінің еңбекақылары 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 29 пайызға дейін арттырылмақ. Ал бұл біздер үшін үлкен көмек. Ынталандырудың мұндай жолдары білім беру саласы қызметкерлерін жаңа міндеттерді, яғни Жолдауда айтылған, жан-жақты сараланған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға тікелей жұмылдырмақ. Бұл еліміздің әрбір азаматының ілгері ұмтылуына үлкен қамқорлық. Жалпы, Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы жолдауларында ғылым мен білім саласына айрықша көңіл бөліп отырады. Бұл жолғы Жолдауында да сол дағдысынан айнымапты. Әсіресе, Елбасы жастардың қамын ойлайтындығын тағы да танытты. Соның ішінде, мәселен, 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы өсетіндігін мәлімдеді. Бұл мәселе Жолдауда былайша көрініс тапқан: «Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын». Әрине, мұндай үстемеден білім алушылардың қай-қайсысы да дәмелі екені даусыз. Ендеше, олар енді жақсы үлгерімге қол жеткізу үшін тырыса түспек.
Осы жолғы Жолдауда Елбасы идеология мәселелеріне ерекше тоқталып, екпін берді. Атап айтқанда, алда қазақстандық патриотизмді арттыру бағытында нақты шаралар қабылдануы керек. Өйткені, осыған үлкен мән беріліп отырғаны аңғарылады. Әсіресе, Мәңгілік Ел идеясы бойынша жастармен жұмыс күшейтілетін болады. Бұл ретте, әрине, біздің педагогтарымыздың атқаратын рөлі мен міндеттері зор. «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді Президент. Осы Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру біздерге де мол жауапкершіліктер жүктейді. Сондықтан да Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымы да өз мүмкіндіктерін, жинақталған мол тәжірибелерін Жолдауда айтылған міндеттер мен берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға жұмылдыратыны сөзсіз.
Бұл Жолдауда біздің университет үшін тағы бір жаңалық – басқарудың автономиялық түріне көшу екені. Елбасы былай деп атап көрсетті: «Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет». Мұндай үрдіс бүгінде Астанадағы Назарбаев Университетінде ғана бар. Енді оған еліміздегі ұлттық мәртебеге ие университеттер бірте-бірте көшуге тиіс. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де осы бағытта біраз уақыттан бері дайындық жұмыстарын атқаруда. Бір сөзбен айтқанда, біз бұл іске кірісуге толық әзірміз деуге негіз бар. Егерде біз академиялық және басқарушылық автономияға көшетін болсақ, мұның тиімділігі мен пайдасы университет үшін айтарлықтай болмақшы. Атап айтқанда, ғалымдарымыз бен ізденгіш студенттеріміздің өміршең ғылыми жобаларынан алынған табыс көзін тиімді пайдалана алсақ, жоба авторларын ынталандыра түсері даусыз. Басқарудың мұндай жолы білім ордасына тың серпін беретініне бек сенімдімін. Өйткені, Елбасы бар үмітін ертең елге елтұтқа болатын жастарға артып отыр. «Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздерсіздер», – деп атап көрсетті.
Ендеше, Президент Н.Ә.Назарбаев үміт артып отырған сол жастарды тәрбиелеу, оларға терең білім беру біздердің, педагогтардың тікелей міндеті болып табылады. Сонымен бірге, Елбасының осынау айтқаны біздерге де тікелей қатысы бар деп ойлаймыз. Демек, бұл біздер үшін де жауапты міндет. Сондықтан, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға бәріміз де бір кісідей атсалысамыз. Өйткені, Мәңгілік Ел болу үшін бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ – ортақ арнада тоғысуы қажет. Ал Мәңгілік Ел болуды біздің ата-бабаларымыз сан мың жылдар бойы аңсап келді. Енді сол асыл арманға жету әрқайсымыздың өз қолымызда. Ендеше, бар күш-жігерімізді соған жұмылдырайық, дегім келеді.
Серік ПІРӘЛИЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор.