Қытай басшысы Си Цзиньпин бұдан былай шетелде көмірмен жұмыс істейтін жаңа энергетикалық жобалардың құрылысын қаржыландырмайтынын мәлімдеді. Осылайша, Бейжің билігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қатарынан екінші жыл әлемді таңғалдырды.
Қытай Индонезия мен Бангладеш секілді дамушы елдерде көмір қолдану арқылы жүзеге асатын жобаларды қолдап келген. Соған байланысты ауаға парниктік газдар шығарылымын азайту бойынша Париж климаттық келісімінде көрсетілген міндетті орындау мәселесінде жиі сынға ұшыраған.
Си Цзиньпин мұндай мәлімдеме жасаған алғашқы басшы емес. Биыл жыл басында Оңтүстік Корея мен Жапония осыған ұқсас қадамға барған еді.
«Қытай басқа дамушы елдерге жасыл және көміртегі аз энергияны дамытуға қолдауды күшейтеді. Сондай-ақ шетелде көмір арқылы жұмыс істейтін жаңа жобалар салмайды», деді Си БҰҰ-ның жыл сайынғы жиналысында.
Бұған дейін жиын барысында Америка Құрама Штаттарының президенті Джо Байден 2024 жылға қарай кедей елдерге қаржылық көмекті екі есе ұлғайту туралы жоспарын жариялаған.
АҚШ-тың климат жөніндегі өкілі Джон Керри Қытай басшысының мәлімдемесін жылы қабылдап, оны «үлкен үлес» деп бағалады.
«Біз бұл туралы Қытаймен біраз уақыт сөйлестік. Мен Си Цзиньпиннің осындай маңызды шешім қабылдағанын естігеніме өте қуаныштымын», деді Керри.
COP 26-ны басқаратын британдық министр Алок Шарма да Қытай басшысының мәлімдемесін жоғары бағалады.
«Мен Си Цзиньпиннің шетелде жаңа көмір жобаларын құруды тоқтату туралы міндеттемесін құптаймын. Қытайға сапар барысында осы мәселеге баса назар аудардық», деді А.Шарма.