Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан ATP Tour сериясындағы Astana Open турнирінің үшінші күні өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, қазақстандық теннисші Тимофей Скатов екінші кездесуінде ұтылып, келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды.
Тұсаукесер бәсекесінде Италияның мықты ойыншысы, әлемнің бұрынғы 18-ракеткасы Андреас Сеппиді сан соқтырып, жергілікті жанкүйерлерді қуантқан жерлесіміз кеше Илья Ивашкомен кездесті. 27 жастағы Беларусь өкілі бұл күндері АТР рейтингінде 52-орында тұр. Биыл ол Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетсе, АҚШ-тың ашық біріншілігінің үшінші айналымында өнер көрсетті. Бұл кездесуде Ивашконың шеберлік деңгейі Скатовтан бір бас жоғары екені анық байқалды. Бәсеке 6:2, 6:3 есебімен белоруссиялық теннисшінің пайдасына шешілді. Осылайша, ол Astana Open додасына қатысушылар арасында алғашқы болып ширек финалға жолдама алды.
Дмитрий Попко мен аустралиялық Джон Миллманның арасындағы бәсекеде отандасымыз осалдық танытты – 6:3, 1:6, 4:6. Кеше кешкісін Михаил Кукушкин жасыл құрлықтың тағы бір өкілі Джеймс Даквордпен күш сынасты. Бүгін Александр Бублик сербиялық Миомир Кецмановичпен сайысқа түседі. Енді осы екі жерлесімізден жеңіс күтеміз. Кукушкин де, Бублик те АТР додалары мен «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерге үздіксіз қатысып келе жатқан сақа спортшылар.
Естеріңізге сала кетейік, Astana Open турнирі 26 қыркүйекке дейін жалғасады. Әлемдік корттарда біраз бедел жинаған ойыншылардың басын қосып отырған айтулы жарыстың жүлде қоры биылғы жылы 480 мың АҚШ долларын құрайды.
Нұр-Сұлтандағы турнирден бөлек, тағы бірнеше жерлесіміз түрлі бәсекеде бақ сынауда. Атап айтсақ, Чехияның Острава қаласындағы WTA додасының тұсаукесер кездесуінде Елена Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметованы 6:1, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Юлия Путинцева аса шиеленісті өткен ойында қытайлық Чжан Шуайды шаң қаптырды – 5:7, 7:6, 6:4. Бұл бәсеке 3 сағат 24 минутқа созылды. Екінші кезеңде Рыбакина польшалық Магда Линетпен жолықса, Путинцева да аталған мемлекеттің өкілі Ига Свентекпен сайысқа түседі.