Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің (кетуінің) және олардың елде болуының кейбір мәселелері туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленді, деп жазады Egemen.kz.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысымен бекітілген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуі қағидалардың 17-тармағының қолданылуы 2021 жылғы 31 желтоқсандағы сағат 23:59 дейін келесі елдердің азаматтары үшін тоқтатыла тұрсын:
Аустралия Одағы, Америка Құрама Штаттары, Аустрия Республикасы, Болгария Республикасы, Ватикан Қасиетті Тағы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Грек Республикасы, Жаңа Зеландия, Израиль Мемлекеті, Ирландия Республикасы, Индонезия Республикасы, Колумбия Республикасы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы, Малайзиян, Мексика Құрама Штаттары, Норвегия Корольдігі, Оман Сұлтандығы, Румыния, Словения Республикасы, Таиланд Корольдігі, Түркия Республикасы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі, Филиппиндер Республикасы, Хорватия Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Эстония Республикасы», деп жазылған құжатта.
Өзгеріс 2021 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – ВАК) хаттамалық шешімін жүзеге асыру мақсатында ұсынылады.
«Осылайша, ВАК шешімімен 30 мемлекеттің шетелдік азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтіру мақұлданды: Италия, Нидерланды, Франция, Германия, Испания, Жапония, БАӘ, Сауд Арабиясы, Кувейт, Польша, Дания, Чили, Венгрия, Корея, Чехия, Бахрейн, Катар, Монако, Кипр, Исландия, Финляндия, Мальта, Швеция, Португалия, Лихтенштейн, Словакия, Люксембург, Канада, Сингапур, Бельгия», деп жазылған құжатта.