Көрнекті поляк жазушысы Бруно Ясенскийдің мынадай бір сөзі бар: «Достарыңнан қорықпа, көп болса сатып кетер. Дұшпаныңнан қорықпа, көп болса атып кетер. Қорықсаң немқұрайлы адамдардан қорық. Дәл солардың үнсіз келісімінен жер бетінде сатқындық та, адам өлтіру оқиғасы да орын алуда». Жасыратыны жоқ, кейде «күл болмаса, бүл болсын» дейтін немқұрайлылықтың басты ережесі кедергісіз жұмыс істеп жатады. Кейбір адамдар айналасында болып жатқан оқиғаларға енжар қарап, қандай да бір шешім қабылдау кезінде «бізден келіп-кетер ештеңе жоқ, біз кішкентай адамдармыз» деген байлам жасайтыны да шындық.
Биылғы Елбасы Жолдауында айтылған Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуын мақсат тұтқан «Мәңгілік Қазақстан» жобасы іске кіріскелі жатқан сәтте бұл мәселе мейлінше өзекті деп ойлаймын. Себебі, осындай бір жауапты кезеңде әрқайсымыз мемлекетіміздің келешек тағдыры азаматтық ұстанымымызға байланысты екендігін барынша ұғынуға тиістіміз. Сондықтан да, бізге қарымды қуат, батыл бастама және азаматтардың жеке ұмтылыстары қажет. Бұл арада мен ешбір жаңалық ашып отырған жоқпын, өмірдің сындарлы белестерінде адамдарға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» тән екендігін тарлан тарих талай мәрте дәлелдеген. Күш-жігерді біріктіріп, жұмылған жұдырық бола білгендіктен қазіргі заманғы өркениет жаһандық қаржы дағдарысы, азық-түлік пен ауызсу жетіспеушілігі, табиғи және техногендік апаттар, этникааралық және дінаралық негіздегі жанжалдар мен лаңкестік тәрізді көптеген қауіп-қатерлерге төтеп беру мүмкіндігіне ие болып отыр.
Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында Қазақстанның жүріп өткен жолы да «тар жол, тайғақ кешуден» тұрғанын айтқан жөн. Белгілі қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан өзінің мақалаларының бірінде былай деп әділетті атап көрсетеді: «Біз «азапты жолдан» өттік, мың өліп, мың тірілдік». Расында жол басындағы мемлекеттің жағдайын созылмалы дертке ұқсастыруға толық болатын. Қазына қалтасында көк тиын болмады, кәсіпорындардың көпшілігі көтерем малдың күйін кешіп жатты, инфляция деңгейі 1000 пайыздан асып, ауыл адамдары кәдімгі кір сабынды бір қойға сатып алуға мәжбүр болды, сөйтіп жаппай тапшылық жағдайында жұрт арасында «бағасы қанша болса да, әйтеуір сөрелерде тауарлар тұрса екен» деген көңіл күй орын алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осынау аса бір күрделі жағдайдан саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, қарапайым азаматтардың белсенді қолдауымен ел басшылығының жүргізген сауатты ішкі және сыртқы саясатының арқасында шыға алдық. Жолдауда атап көрсетілгендей, «күш-жігерді біріктіре отыра 22 жылда қыруар іс тындырдық, үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық».
Айталық, жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан, мемлекет еш абыржымай, істің байыбына терең үңіле отырып, жағдайды уысында ұстай білді. Нәтижесінде, банктер жабылмады, тұрғын үйлерді салу тоқтаған емес, теңге құнын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, 2013 жылы бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттің құрамына кірдік. Соңғы бес жылда білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қамсыздандыруға қазынадан бөлінген қаржы екі еседен астамға ұлғайды. Қазір еліміз дүниежүзінің 126 мемлекетіне 200-ден астам дайын өнім түрлерін экспорттайды. Экспорттың көлемі 80 млрд. долларға жетіп, 1995 жылғы көрсеткіштен он бес есеге асты. Қас-қағым сәтте еліміздің мүмкіндігінің және кемел келешегінің символына айналған жаңа елорда – Астана тұрғызылды. Еліміз халықаралық аренада да ауыз толтырып айтатындай табыстарға қол жеткізді. Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып отыр. Бұған ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз және осы беделді ұйымның он бір жылғы үзілістен кейін 2010 жылдың желтоқсанында өткізілген Астана саммиті айқын дәлел. Ең бастысы – адамдар өзгерді, олардың көздерінде келешекке деген сенім пайда болды. Ашығын айту керек, бұл ерекше мақтан тұтарлық дүние. Анда-санда төңірегімізде болып жатқан оқиғаларға назар аудара отырып, біздер қазіргі күндерімізге тәубе келтіріп, шүкіршілік етсек артық емес. Егер тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде жағдай басқаша өрбігенде, бүгінгі жағдайымыз қалай болатын еді?!
Осылайша, «қазақстандық керуен» тамшы су табылмайтын шөл даладан абыроймен өте алды, сөйтіп, биік белестерді біртіндеп бағындырып келеді. Қазақстан бүгінде өте жауапты шешімдер қабылданып жатқан бірегей елге айналды. АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хоугландтың пікірінше: біздің мемлекет тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап нарықтық реформаларды жүзеге асыру; ядролық арсеналдан бас тартып, жаппай қырып-жоятын қарулар мен материалдарды таратпау жолына түсу; келешек ұрпаққа халықаралық стандарттар деңгейінде білім алуға мүмкіндік беру тәрізді төтенше маңызды әрі кемел келешекті көздеген үш маңызды шешімді қабылдады.
Енді, міне, Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруды қолға алғалы отырмыз. Өйткені, Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы болатын. Сондықтан, Мәңгілік Ел ұғымы ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алынғаны туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүйім елге жария етті. Бұл тұрғыда өзінің Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы былайша ой түйіндейді: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек».
Әрине, өзге қоғамдағыдай бізде де шешімін таппай жатқан түйткілі көп мәселелер баршылық. Әлі де болса, экономикалық дағдарыстың салдары толық еңсерілген жоқ, жемқорлық та белсенді жүгендеуді қажет етеді, әзірге шикізатқа тәуелді ел ретінде қалып отырмыз, сонымен бірге, жұмыссыздық жағдайын және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін де жылы жауып қоя алмаймыз. Бизнес қауымдастығы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барынша әрі пәрменді қолдауды қажет етіп отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы тарифтердің өсіміне тұрақты бақылауды, сауда-саттықтағы бағаны өсіретін алыпсатарлықпен күресті жүзеге асыру да күн тәртібінде. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы сапаны арттыру, еліміздегі демократиялық үдерістердің одан әрі дамуына мұқият назар аудару басты мәселелердің бірі болып табылады. Мұның сыртында, ешкім де, соның ішінде басқарушылық шешім қабылдайтындар да әдеттегі қателіктерден ада емес екендігін және олардан сақтандырылмағанын есте ұстаған жөн. Сондай-ақ, өмірдің өзі күрестен, қиындықтарды еңсеруден тұратынын, сондықтан да әрдайым проблемалар болатыны қаперде болғаны ләзім.
Меніңше, проблемалық мәселелерді қоғам белсенділік танытқан кезде, сондай-ақ, оппозициялық күштерді тарта отырып бүкіл мүдделі тараптардың қатысуымен ғана шешуге болады. Сайып келгенде, бұған биліктің де өзі мүдделі екендігіне сенімдімін, себебі, билікке өзінің іс-қимылын дұрыс бағамдауға мүмкіндік беретін дәлме-дәл индикатор қажет. Иә, ол үшін оппозиция барынша күшті, сындарлы түрде қалыптасуымен қатар, оның балама ұсыныстары болуы тиіс. Тек пікір алуандығы орын алған ашық қоғамда ғана біз әділетті мемлекет орнатамыз, экономикадағы, саяси және әлеуметтік өмірдегі, рухани саладағы теріс құбылыстарды азайтамыз.
Бір қуанарлығы, мемлекет тарапынан бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бүгінде елімізде қоғамда болып жатқан әралуан құбылыстар мен оқиғаларға жеке көзқарасын білдіруге мүмкіндік беретін демократиялық институттар жұмыс істеуде. Мәселен, зауқы соққан кез келген адам үкіметтік емес ұйымдар арқылы қоғамдық маңызы зор акцияларға бастамашы бола алады, сондай-ақ, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары әркімге қолжетімді. Қалайсыз ба, көзқарасыңызға қайшы келетін не бір жағдайды сынаңыз немесе істің жағдайын оңтайландыратын қандай да бір ұсыныстарыңызды айтыңыз.
Әрине, мен идеалист емеспін және барлық адамды бірдей бақытқа кенелту оңай еместігін түсінемін, алайда ынта болса оң нәтижеге жетуге болатындығына сенімдімін. Бір нәрсе айқын. Біз үшін болашағымызды бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясы бар. Осы жарқын идеяны жүзеге асыру үшін әрбір азамат бейтарап қалмай, өзінің нақты үлесін қосуы тиіс. Ендеше, іске сәт, ағайын!
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы, «Бас редакторлар клубы»
ҚБ президенті.