Алматыдағы бассейндердің бірінде уланып қалған балаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмыстық істі Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр», деп хабарлады полициядан.
Айта кетейік, бүгін Алматыда бассейнде 11 бала уланып қалғаны туралы жазған болатынбыз. Оқушылардың жасы 12-14-те.
Кейін балалар уланып қалған бассейнде арнайы құрылғының істен шыққаны анықталды.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қалдық хлор мен бактериологиялық зерттеулердің құрамына зертханалық зерттеулер жүргізу үшін бассейннен су, сондай-ақ ауаның өлшемі алынғанын атап өтті.