• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2014

Білек түре, бірлесе жұмылайық, қанеки!

421 рет
көрсетілді

 Отыздыққа ену жоспары – елдігімізді сынар емтихан

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүд­де, бір болашақ» атты Жолдауы мені өзінің стратегиялық ойлау тереңдігімен, алға қойыл­ған мақсаттардың айқындығымен, ауқым­дылығымен және дер кезінде айтылуымен айрықша толғандырды. Елбасының әрбір Жолдауы дамудың белгілі бір кезеңінде біздің қоғамның алдына өз мүмкіндігімізге сай әрі уақытпен мейлінше үндес міндеттер қойып келеді. Сонымен бірге, жыл сайынғы жолдауларда қойылған ел дамуының нысаналы межелері артығымен алынып та отырғанын айтуымыз керек. Айталық, көпшілігіміз 2005 жылы Қазақстанның әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруі орайындағы келешекті көздеген асқаралы міндет он жылға жетпей орындалады деп ойлап па едік? Неміс философы Артур Шопенгауэр «Төлтума ойлар мен байыпты байламдар жайдан-жай келе салмайды, олар өздерін зарықтыра күттіріп қояды» деп бір кезде айтқандай-ақ, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы, шын мәнісінде Қазақстанның 2050 жылға дейінгі кезең-кезеңмен бағдарлы дамуының жолдары дүниеге келуінің сәт сағаты ерте де, кеш те емес, дәл осы күндерде соққаны анық. Егер «Қазақстан-2030» бағдарламасы аясындағы биік мақсаттарға, былайша айтқанда, сатылап жылжу сипаты тән болса, Елбасының биылғы үндеуін түп мәресінде Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі ізгілікті мақсат тұрған алыс сапар алдындағы міндет қоюы деп түсінген абзал. Әлбетте, түпкі нәтиже осынау сапардың қалай басталуына тікелей байланысты. Сондықтан да біз алдағы жолбасы бесжылдық аса ауқымды, бүге-шігесіне дейін ойластырылған қамтымды да қарымды болады әрі мерзімінен бұрын жүзеге асады деп үміттенеміз. Бұл үшін біздің елімізде не қажеттің бәрі: берік топтасқан білімді ұлт та, Елбасының сарабдал саясаты мен қайраткерлік ерік-жігері де, ұлан-ғайыр жеріміз бен бай табиғи қазынамыз да бар. Жолдаумен жете танысқаннан кейін қандай ойларға шомдым және өзім «Нұр Отан» партиясының мүшесі әмбе Батыс Қазақстан облысының тұрғыны ретінде осынау маңызды бағдарламалық құжаттан қандай жақсылықтар күтемін? Біріншіден, Елбасы алға тартқан міндеттердің ауқымы және тәуелсіз Қазақстанның келешекте қадам басар, қанат қағар қиялары адамды қанаттандырады, өз еліңе деген үміт пен сенім, мақтаныш ұялатады, ал Президенттің жан дүниесінің жалыны, баяндауының байыптылығы мен сұхбат құру мәнері және оның Жолдау жобалары мен жолдарының сөзсіз орындалуына деген кәміл сенімі, тіпті, теледидардан көргеннің өзінде баурап алып, әр тыңдаушыны Тәуелсіздік сарайындағы алқалы жиынға қатысып отырғандай әсерге бөледі. Менің пайымдауымша, тәуел­сіз Қазақстан үшін ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаңтардағы бағ­дарламалық сөзі өзінің мән-маңызы жағынан 30-шы жыл­дар­дағы АҚШ үшін Франклин Руз­вельттің «Жаңа бағыты» әкелген жаңғырулармен пара-пар. Және бұл жалаң салыс­тыру емес. Ол кез­де де, бүгін де социалистік үде­ден алшақ тұрған елдің алды­нан нарықтық экономиканы мем­лекеттік реттеудің және ұзақмер­зімді жоспарлаудың қиын міндеті туындады. АҚШ бұл тығырықтан абыроймен шығып, әлемдегі аса ірі экономиканы меңгеріп, өз бағ­дар­ламасының негізгі тарау-тар­мақтарын түгелдей орындап шыққан-ды. Біз өз елімізді де осыған ұқсас жағдай күтіп тұр деп болжамдаймыз. Президенттің 2050 жылға қа­­рай ел экономикасындағы ша­­ғын және орта бизнестің үле­сін 50 пайызға, ал жан басына шақ­қандағы ІЖӨ деңгейін 60 мың АҚШ долларына дейін жеткізу жө­нін­дегі жан-жүре­гін жарып шық­қан саналы да сали­қалы пәр­мені баршамызды ырғақ­ты да ұтым­ды жұмысқа жігер­лен­діреді һәм міндеттейді. Тек нә­тиже жо­лындағы жоғары жауап­кер­шілік, ортақ жеңіске деген сенім және ел мүддесі мен халық игі­лігі жо­лын­дағы қажырлы еңбек қана асқақ болса да әбден ақиқат мақ­саттарымызды жақындата түс­пек. Елбасы Жолдауы қандай ба­ғыт­та қозғалып, не нәрсеге ұмты­лу керектігін көрсетіп берді – ол дегеніңіз елді терең модернизациялау және индустрияландыру, инновацияны енгізу, инвестиция мен халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткіштеріне қол жет­кізу. Ел Президенті даму деңгейі бү­гінгі таңда Қазақстан үшін үлгі жә­не ең жақын бағдар болып та­бы­­ла­тын Бра­зилия, Қытай, Үн­діс­тан, Ин­до­незия, Ресей және ОАР сияқ­ты алты елді атады. Екіншіден, Президент шағын және орта бизнесті дамытуға ора­сан көңіл бөле отырып, оны мемлекеттің және өзінің мә­ні жағынан біздің ұлттық идеяла­ры­мыздың бірі болып табыла­тын Жалпыға Ортақ Еңбек Қоға­мы­ның берік экономикалық негі­зіне балады. Өкінішке қарай, екін­ші деңгейдегі банктер кер­дең керенаулығын қояр емес. Олар­дың тым жоғары пайыздық мөлшерлемелері ортақ нәтижені көздемейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде шағын және орта биз­несті несиелеуге әлдебір мін­дет­тілік ретінде немкетті қарай­ды. Банктерге еш тәуекелсіз тұты­ну­шылық несиелермен айналысу, сөйтіп, сайып келгенде, отан­дас­тарымыздың сенгіштігі мен аңғал­дығын пайдаланып байлыққа бөгу неғұрлым тиімдірек болғанға ұқсайды. Олай болса, қалайда бір кіл­тін тауып, екінші деңгейдегі банктердің бетін кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске бұру қажет. Ел Президентінің қоғам алдына қойған биік мақсатты ме­желері мен міндеттері ырғалып-жырғалуды көтермейді. Бірқатар жылдар бойы ауылшаруашылықты және ірі өнеркәсіпті аудандардың әкімі болып істеген тәжірибемнен тартып ауылдық аумақтардың болашақ дамуы хақында ой-пікірімді ортаға салсам деймін. Әрине, Елбасы айтқан урба­ни­за­ция үдерісі және агроөнер­кәсіптік кешенді инновациялық жолға көшіру – өмір талабынан туған, болмай қоймайтын ақиқат. Ауыл шаруашылығының келешегі агроөнеркәсіптік бір­лес­тіктер мен холдингтердің, ірі ша­руашылықтар мен шағын ғана шаруагер меншік иелерінің қолында болуы тиіс екендігі күмәнсіз. Ауылдық елді мекендерді қа­ла­лармен және аудан орталық­тары­мен байланыстыратын жол­дар­дың сапалы әрі жоғары техноло­гиялық тұрғыдан жөнделуі өңір­лік экономикаларды дамытуға жаңа серпін берері анық. Бұл бұ­рын­ғы барлық шаруашылықтар мен бө­лімшелердің орталық қо­ныс­тарын сақтап қалуға және әлеумет­тік жағынан жаңа тынысын ашуға мүмкіндік туғызады, ауыл­дан халықтың амалсыз кетуі тоқталады. Сонымен қатар, Елбасының осы­нау маңызды үндеуі елді топ­тас­ты­ратын жаңа ұлттық идеялар­дың біріне айналар болса, тіптен, құба-құп. Жаппай салынған жолдар қазіргі гүлденген елдердің экономикасын бұрын болмаған деңгейге көтерген мысалдар аз еместігі тарихтан белгілі. Өйткені, тамаша жолдар мен тұрақты жұмыс болса, қазіргі уақытта көптеген адамдар үшін қай жерде тұратыны оншалықты маңызды емес. Аудан орталығы немесе қаланың орнына олар көркейген туған ауылында қалғанды жөн көреді. Осылайша, белгілі бір дәре­жеде ұлтымыздың, хал­қымыз­дың ұйықты негізін, алтын бесігін – ауылдық өмір салты мен психологиясын сақтап қалады. Өнеркәсіпті аудандардың дамуына келер болсақ, ел Президенті атап көрсеткендей, мұнай-газ секторында жұмыс істейтін тран­с­ұлт­тық компаниялардың өздерінің де, жергілікті жердің де мұқтаждары үшін өндіріс орындарын құруға қар­жы салуына қол жеткізу керек­тігі сөзсіз. Өкінішке қарай, жекелеген компаниялар, мысалы, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында көмірсутектерін барлайтын аса ірі шетел консорциумы өнімді бөлу туралы келісімнің кейбір ережелерін нақты орындамайтын жағдайлары орын алып қалуда. Аудан әкімі бола жүріп консорциум басшылығынан келісімнің барлық баптарын орындауды талап етіп, сотта да талай дәлелді уәждермен сөйлеуіме тура келген. Жалға берілген жер телімі үшін көпжылдық қарызды осылайша қайтарып алып отырудың қағидалы маңызы бар. Әлбетте, бірлескен жұмыс барысында оларға талай рет сервис орайындағы қосымша ілеспе өндірістер немесе кәсіпорындар құру идеясы ұсынылған болатын. Олар өз кезегінде аудан экономикасын дамытуға зор септігін тигізер еді. Алайда, біздің барлық ұсыныстарымызды инвестор өздерінің дербестігіне қол сұғу деп қабылдады. Қазір Қазақстан ақырында осынау аса ірі жобадан өз үлесін ойып тұрып алды, енді әсем қала Ақсайдың бұдан арғы даму келешегі үміттендіріп, көңілге қуаныш ұялатқандай. Үшіншіден, елде төрт ірі агломерация және урбанистік орталықтар құру жөніндегі Пре­зидент идея­сы дер кезінде айтылды. Олар осы­нау өңірлердің эко­номикасын бо­ла­шақта жаңа биіктерге көтереді. Сонымен қа­тар, урбанизацияның бар­лық сипат­тары тән болып отыр­ған кейбір қалалардың, мысалы, Орал­­дың өңірлік агломерация рөлін еншілегенін қалар едік. Өңірлік көшбасшы рөліне Ақтөбе қаласының сөзсіз артық­шы­­лықтары мен еш талассыз қадір-қа­сиеттері бола тұрғанмен, Орал­дың осы реттегі әлеуеті өз көр­шісінен соншалықты төмен де емес, ал кей реттерде, тіпті, неғұрлым ұтым­ды жақтары да баршылық. 25 ша­қы­рым­дық шеңбердегі ауылдық ок­руг­тердің тұрғындарын қоса есептегенде Ақтөбеде 400 мыңнан сәл астам адам тұрады. Қала іргесіндегі ауылдар заңды түрде қала мәрте­бесін иемденген, ал олардың тұр­ғындары Ақтөбенің қалалық хал­қының қатарына жатады. Оралдың даусыз артықшылығы сонда, ол елдің еуропалық бө­лі­гін­де, яғни Еуропада жатыр, ал об­лыс­тың өзі Ресей Феде­ра­ция­сы­ның бес ірі облысымен шек­тесе­ді. Бүгінде Оралда бейрес­ми мәлі­мет­тер бойынша 300 мың­нан астам адам тұрады. Соны­мен бірге, қала­ға тым жақын орна­ласып, тіпті, қосыла жаздап тұр­ған бірнеше ірі ауылдардың әрқай­сысында екіден он мыңға дейін адам мекен етеді. Егер Ақтөбе қағидаты бойынша Оралдың айналасындағы 25 шақырымдық аймақта жатқан ауылдарға қала мәртебесі берілер болса, онда біздің облыс орталығының хал­қы үделі межеге емін-еркін жақындайды. Орал қаласы дамуының жаңа бас жоспарына сәйкес жеке үй салу үшін жер телімін алу кезе­гінде тұрған жетпіс мыңға жуық қалалықтарға жерді 25 шақы­рым­дық аймақта жатқан нақ осы серік-ауылдардан беру көзделген. Яғни, бұдан қалалардың ұлғаюы мен урбанизация сипаты айқын көрініп тұр. Ресейдің миллион тұрғындық Самара, Орынбор және Саратов сияқты аса ірі өнеркәсіп орталық­тарына әбден жақын орналасқан Орал қаласы ресейлік бизнес үшін өте-мөте тартымды болып табылады және инвестиция тарту үшін, жаңа немесе бірлескен кәсіпорындар құру үшін зор мүм­кіндіктер ашады. Орал қаласының әкімі болып жүрген кезімде, 2012 жылы, өңір басшысы Н.А.Ноғаевпен бірге Ас­трахан, Волгоград, Саратов, Самар және Орынбор облыстарын аралап өтіп, губернаторлармен және облыс орталықтарының ауданбасыларымен кездестік, тиісті келісімдерге қол қойдық. Олар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Осы кездесулерден кейін, тек көршілестер ғана емес, басқа да Ресей қалабасылары бизнес өкілдерімен бірге Оралға бірне­ше дүркін келіп, тұрғын үй құрылы­сына және басқа салаларға өз ин­вестицияларын салудың амалдарын қарастырды. Бұл арада облыс басшыларының шектес өңірлердің губернаторларымен өзара достық рәуіштері де аз рөл атқармайды. Олар Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путиннің үлгісі бойынша интеграция үдерісіне және бизнестің өзара кірігуіне белсенді көмектесуде. Төртіншіден, биылғы Жол­дау­дың өзегіне тартылған аса маңызды құрамдас бөлігі «Мәң­гілік Ел» Патриоттық актісінің әзір­ленуі мен қабылдану тұжы­рым­дамасы болып табылады. Ме­нің ұғымымдағы «Мәңгілік Ел» біздің халқымыздың Қазақстан деп аталатын өзінің тәуелсіз, еркін және гүлденген елі туралы сан ғасырлық арманының осы заманда жүзеге асқан көрінісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал да ақылман саясатының арқасында біздің еліміз бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындаған, қарқынды дамыған заманауи мемлекет ретінде қалыптасты. «Мәңгілік Ел» маған күш-қуаты күннен-күнге толысып, өркен жайып, өрлей өсіп келе жатқан Қазақстан бәйтерегі болып елестейді. Оның қалың нулы ұшар басында біздің барлық елеулі де елеусіз жетістіктеріміз, Олимпия ойындарындағы жеңістеріміз, ЭКСПО-2017, «Қазақстан-2030» бағдарламасының орындалуы, «2050-Стратегиясы» және басқа табыстарымыз көбейіп өсіп, көктеп ұлғая бермек. Ал оның жұлдызды шырқау биігі біздің еліміздің әлемнің жетекші отыз елінің қатарына қосылуы болмақ. Міне, сол кезде ешқандай желдер мен дауылдар, замана борандары ғасырлар қойнауына терең тамыр тартқан қуатты да құдіретті «Мәңгілік Ел» алыбын еш шайқалта алмасы анық. «Мәңгілік Ел» дегеніміз – мыңдаған жылдар бойы өмір кешуді нәсіп еткен біздің ұлысымыз. Тарихтан мәлім болғанындай, күн астындағы күнгей үшін күресте күштілер ғана мәңгі жасайды. Сондықтан, Қазақстан өркендеген өрісті, индустриясы дамыған келісті де кенішті, инновациясы гүлденген жемісті де жеңісті ел болуға міндетті. Мұндай елде өмір сүру қазақстандықтарға ғана емес, өзге мемлекеттердің өкілдері үшін де бірдей тартымды болмақ. Егер біз Елбасының Жолдауындағы барлық ауқымды міндеттерді жүзеге асырып, толық орындап шықсақ, солай болары да сөзсіз. Елбасымыз өзінің жалынды сөзінде біздің және кейінгі буындар өз ұрпақтарына басты басымдық халыққа жоғары өмір стандарттарын қамтамасыз ету болып табылатын тәуелсіз, өркендеген және экономикасы мығым елді мұраға қалдыра алуы үшін барлық қазақстандықтарды осынау шын мәнісіндегі тарихи Жолдауды іске асыруға асқан белсенділікпен атсалысуға шақырды. Бір кездері Англияның пре­мьер-министрі Уинстон Черчилль халық алдында сөз сөйлеп тұрып, кеудесін өз еліне деген махаббат кернеп, көңілін шарықтата: «Қа­неки, өз борышымызды орын­дайық, бірігейік, егер Британ империясы әлі де мың жыл өмір сүрер болса, адамдар содан кейін де: «Бұл олардың ұлы сағаты болды!» деп айтатындай іс жасайық» деген екен. Шынында да, Ұлыбритания Чер­чилль билік құрған жылдар­да жаңа қарқынмен қанат­та­нып, қазіргі әлемнің ұлы держа­ва­ларының біріне айналды. Президент Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан халқына жалынды сөз арнады: «Біз өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен бар­лық саяси партияларды, қоғам­дық бірлестіктерді, барша қа­зақ­стандықтарды 2050 Стратегия­сының басты мақсатына жету жө­ніндегі жұмысқа белсене қа­ты­суға шақырамын!.. Өз жұ­мыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалы­сың­ыз­дар. Немқұрайдылық таныт­паңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!» деп жігерлендірді Елбасы. Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың шын жүректен шыққан риясыз, адал да асқақ сөздері біздің еліміз үшін де бір кездегі Уинстон Черчилльдің Британ империясының халқына тастаған үндеуіндегі сәулелі болжам болып шығып, мәңгілік Қазақ елінің ұлы сағаты міндетті түрде күмбірлеп соғатын кемел күндер тусын деп Тәңірден тілейік! Болат ШӘКІМОВ, «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының  төрағасы, Бүкілресейлік «Дәстүр» әдеби сыйлығының лауреаты.
Соңғы жаңалықтар