• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Қыркүйек, 2021

Дендеген дерттің беті қайтар емес

296 рет
көрсетілді

Оқу жылы басталғалы облыс орталығындағы орта білім беретін мектептерде 79 оқушыдан коронавирус індеті зертханалық жолмен анықталып, 68 сынып қашықтан оқу форматына ауыстырылды.

«Жаман тұмаудың» жан түр­шік­тірер, жаныңды мұздай қари­тын жаманат хабары жалпақ әлемнің жүрегін әлі де сыздатып тұр. Адамдардың сақтық шараларын сақтай бермеуіне, дер кезінде екпе ектірмеуіне байланысты өңірдегі жағдай ушыққан күйінде тұр. «Қызыл аймақтың» санатынан шыға алмай отырған жай бар.

– Ел шетіне індет келгелі тек облыс орталығында 12 463 адамнан коронавирус зертханалық жолмен анықталды. Қыркүйек айында 856 оқиға тіркеліп, 79 баланың дертке шалдыққаны белгілі болған. Соңғы тәулікте 67 жағдай зертханалық жолмен анықталса, 3 адам індеттің құрбаны болды. Індетпен алысып жатқан қалалық ауруханаларда әзірленген төсектік орын­дардың жүктемесі 49 па­йызды құрап отыр. Стационарларда 199 адам ем қабылдауда, олардың 25-і  – реа­нимация бөлімдерінде. Ауырып жатқандардың 99 па­йызы – екпе егілмеген тұрғындар. Міне, осы деректен-ақ індеттен аман қалудың жалғыз жолы екпе алу екендігін айқын аңға­ру­ға болады, – дейді қаланың бас­ санитарлық дәрігері Қанат­ ­Ысқақов. – Жаңа оқу жы­лы­ басталғалы қаладағы орта мектептерде білім алып жүр­ген ондаған оқушының індет жұқтырғаны анықталды. Олардың 75-і штат­тық режімде, 4-еуі қашықтан білім алып жүрген. Осылайша, 68 сынып карантинге жіберілді.

Вакциналау індеттің алдын алудың басты қаруы екенін тағы бір мәрте екпін түсіріп айт­сақ, артықтығы болмас. Екпе алуға барлық жағдай жасалып отыр. Облыс орталығында коро­навирусқа қарсы екпе егу үшін 12 стационарлық екпе пункті мен 1 жылжымалы кешен жабдықталған. Қазіргі уақытта Сарыарқа шағын ауда­нын­да жылжымалы кешен тұр­ғын­дарға екпе егуде. Бұл жылжымалы нысан 1-1,5 апта осы шағын ауданда тұрса, кейін басқа аудандарға барып, сол аумақтың тұрғындарына екпе екпек.

22 қыркүйектегі мәлімет бойынша қалада коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші бөлі­гі­мен 66 744 адам қам­ты­лыпты. Бұл екпе алуға денсаулығы жарамды адамдардың 56 па­йы­­зын құрайды. Жауапты нау­­қан басталғалы қаншама құлаққағыс жасалып, жеріне жете түсіндіріліп, барлық жағ­дай тудырылса да, немқұ­рай­ды­лық әлі де бел алып тұр. Тіпті ағзасында ауруы бар еке­­­нін білетін адамдардың қала көшелерінде емін-еркін жүр­ге­нін қалай түсінуге болады. Әзірге мұндай салғырттықтың соқпағын Ashyq қосымшасы кесіп тұр. Айталық қаладағы 80-нан аса кәсіпкер Ashyq-ты пайдаланып, кәсіптерін дөң­ге­летуде. Соңғы деректерге қа­ра­ғанда, қосымша орнатылған қоғамдық орындарға барған 690 адамның карантиндік оқшаулау тәртібін бұзушылар екені анық­талған. Осыншама, адам дерт­ті болып жүрсе де, өзгенің жа­йын ойламағаны қалай? Бере­ке­сіздік белең алған жерде дүм­пуі азаймай тұрған дертті се­йілту қиынға соғары анық. Қосымша арқылы анықталған науқасқа шалдыққандардың 553-і «қызыл», 157-і «сары» мәртебесімен көпшілік орындарда жүрген. Талап бұзғандарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салыныпты.

Айыппұл арқалағанымен, айыбы – бесбатпан. Өзінің де, өзгенің де денсаулығына кі­нә­рат келтірмеуді ойлаған абзал болар.

 

Көкшетау