Атырауда тәуелсіз елдің ең жоғары марапаты – Қазақстанның Еңбек Ері атағын иеленген бір адам бар. Ол – 40 жылға жуық мұнай-газ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін Руслан Қуатов.
Оның кіндік қаны қалада тамғанымен, еңбек жолы дарқан дала төсінде басталған. Өйткені Русланның аңсары бала күнінен көкжиегіне көз жетпейтін жазиралы кең алқапқа ауған. Мұның еш құпиясы жоқ. Су шаруашылығы саласындағы жұмысына байланысты өңірдің әр қиырына жолы түскен әкесі Тұржанмен бірге оның да бармаған жері жоқ. Әсіресе жазғы каникулда әкесінің қасынан қалмаушы еді. Сондай сапардың бірінде құба жонды қырат үстінде мұнай сорған қондырғыларды көріп, қызығушылығы оянды.
Бала жүрегінде жарық сәуле секілді жылт еткен сол қызығушылық биік белеске бастар баспалдақ боларын білген жоқ. Бірақ Атыраудағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті бітірген соң Қазақ политехникалық институтына жетелеп келгені даусыз. Бұл институтты 1984 жылы тау-кен инженері мамандығымен бітіргеннен бері өмірін мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстыруға белін бекем буды. Сөйтіп, «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінде еңбек жолын бастады. Алғашқы төрт жылда Балықшы мұнай-газ барлау экспедициясында оператор, инженер, жетекші инженер болып жұмыс істеді. Экспедиция басшысы Орал Ақшолақов, бас инженер Уәли Мыңбаев, бас геолог Тарих Тұхпатов, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ерлан Нәжікенов бастаған аға буынның ақыл-кеңесін тыңдап, тәлімді тәжірибесін көкейіне түйді. Тапсырманы бұлжытпай орындап, сенім үдесінен көрінді.
Еңбек өтілінің кейінгі бес жылын «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігіне қарасты «Теңізмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасымен байланыстырды. Бұл әйгілі «Теңіз» кен орнын игеру мақсатында құрылған іргелі кәсіпорын болатын. Сондықтан мұнда да ұңғымаларды сынау жөніндегі жетекші инженерге жүктелер міндет жеңіл болмады. Сол себептен аталған басқарма басшыларының батыс аймақтың кен орындарына геологиялық барлау жүргізіп, тәжірибесі толыққан Руслан Қуатовты шақыруының астарынан білікті маманға артылған сенім мен жауапкершілікті аңғару қиын емес.
Арада өткен үш жылдан соң «Теңіз» кен орнындағы №1 кешенді технологиялық желілері қондырғысы іске қосылып, көптен күткен мол мұнай кен орнында бой көтерген зауытқа жіберілді. Бұл – 1991 жылғы 6 сәуір. Кездейсоқтық, тіпті сәйкестік деуге болатын шығар, екі жылдан кейін, 1993 жылғы 6 сәуірде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылып, еліміздің мұнай-газ секторына алғашқы шетел инвесторы бет бұрды. Әлемдегі ең ірі компания – «Шевронның» инвестициясымен бірге «Теңіз» кен орнына білікті мамандар, жаңа технологиялар мен техникалар келе бастады.
Сол күннен бастап шетелдік мамандармен иық теңестіріп, жұмыс істеген отандық мұнайшылардың қатарында Руслан Қуатов та бар. Тегінде оны кен орнында шетелдік инвестор мен мамандарын қарсы алды дегеніміз ақиқатқа жанасатын шығар. Өйткені шартарапқа аты мәлім алпауыт компания болғанымен, шетелдік инвестор да «білмейтін жердің ой-шұқыры көп» дегендей, алдымен өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан отандық мамандарға арқа сүйейтіні даусыз. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан тарапынан жұмыс істеген жергілікті мұнайшылардың ешқайсысы кәсіби тұрғыдан осалдық танытқан жоқ.
Соның бір дәлелі – Руслан Қуатовтың 1993-2000 жылдары «Теңізшевройл» ЖШС-ның мұнай өндіру технологиясы бөлімінде жетекші маман лауазымын атқаруы. Бірлескен кәсіпорын басшылары білікті маманның әлеуетін көбірек пайдалануды көздеп, оны 2004 жылға дейін өндірісті оңтайландыру жөніндегі өндірістік топқа жетекшілік ету міндетін жүктеді. Бозбала кезінен мұнайшы болуды көкейіне мықтап түйген кейіпкеріміз шетелдіктермен бірлескен кәсіпорында жұмыс істей жүріп, ағылшын тілін тез меңгеріп алды. Тіпті 2004-2005 жылдары «Шеврон» корпорациясының (АҚШ) технологиялық қамтамасыз ету бөлімінде кеңесші болып, әлемдік мұнай өндірудің тәжірибесімен танысып келді. Шетелден оралғаннан бері «Теңізшевройл» ЖШС-ның мұнай өндіру технологиясы бөлімінде менеджер міндетін атқарады.
Өзіне жүктелген жұмысты адал атқаратын білікті мұнайшының еңбегі елеусіз емес. Мәселен, кәсіпорын басшыларының ұсынуымен 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал 2017 жылы одан да жоғары марапатқа ұсынылды. Бұл – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы.
– «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Теңізшевройл» ЖШС-ның мұнай өндіру технологиясы бөлімінің менеджері Руслан Тұржанұлы Қуатовқа берілді. Жоғары білікті инженер ретінде ол мұнай өндіру ісін технологиялық тиімділігі тұрғысынан қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Еліміздің мұнай-газ саласындағы халықаралық серіктестігінің дамуына атсалысты. Осындай кәсіби мамандардың еңбегінің арқасында мемлекетіміздің индустриалды әлеуеті артып, энергетикалық егемендігі нығая түсуде», деген еді мұнайшыға жоғары марапатты тапсыру кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Отандық мұнай-газ өнеркәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар Руслан Қуатовты шетелдік әріптестері де құрмет тұтады. Соның бірі Майкл Пиллоудың айтуынша, мұнай өндірісіндегі техникалық жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ететін топқа жетекшілік ететін Руслан Қуатов – білікті басшы. Өзі басқаратын топ жұмысының ерекше маңызын жете түсінеді. Әріптестерін ұдайы алға жетелеп отырады.
– Әкем ұдайы «Жеріміздің астында тұнған байлық бар. Оны елдің игілігіне жаратуға үлесіңді қос» деп отырушы еді. Ол мейір қандырар су көзін іздеді. Ал мен ел әлеуетін арттырар мұнай іздедім. Бозбала күннен мұнайшы болуды армандадым. Сол арманым орындалып, кен орындарын іздеуге үлесімді қостым, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері.
Атырау облысы