Токарь мамандығын игеріп, даңққа бөленгендер арасында қазақ жұмысшылары некен-саяқ. Күні бойы зауытта дарылдаған станоктың басында тұрып, зырылдап жатқан белтемірді жону оңай жұмыс емес. Жоңқаның бірі – сәл қалың, бірі – сәл жұқа болып кетсе өнім сапасыз шықты дей бер. Осындай машақаты көп мамандықты игеруге ерік-жігер керек. Алайда бұл мамандықты қазақ жастары да игеріп алған. Солардың бірі – қызылжарлық Сатан Мақанов. Ол бұл істе үлкен табысқа да жетіп жүр.
Ол 16 жыл бұрын Петропавлдағы Киров атындағы зауытқа үшінші разрядты токарь болып қабылданды. Жас жігіт ол кезде өзінің өмір жолы осы кәсіпорынмен жалғасады дегенге сенбеген. Зауыттың шуы оған көп уақыт жат болып жүрді. Алайда күннен-күнге өз кәсібіне деген сүйіспеншілік оянды. Кейде күндіз жонып, тиісті көлемін келтіре алмаған темір білікті түсінде жонып, штанген-циркульмен есептегенде дәл шығарып жатады. Сосын ертесіне құлшына кірісіп, кешегі келтіре алмаған бөлшекті тура жонып шығады. Мұндайдың да өз қызығы бар екен.
Ұжымда еңбекқор жас өзінің үлкен беделге ие бола бастағанын да сезіне бастайды. Жұмыстан шыққан бойда спортзалға жүгіріп, бокспен айналысқан оны салиқалы әріптестері кейбіреулер құсап арзан кафелерге немесе қуыс-қуысты паналап, «шаршағанды басамыз» дегенді сылтауратып ащы суға әуестенгендер қатарында болмағаны үшін де қатты сыйлайтын. Ерінбеген еңбектің алғашқы нәтижелері де спорт жағынан көріне бастайды. Қалалық және облыстық жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз болды. Ал 2017 жылы жұмысшылар арасында өткен халықаралық «Ринг королі» жарысында бірінші орын алып, кәсіпорынның даңқын көтереді. Одан әрі өзінің негізгі кәсібі бойынша да биік табыстарға қол жеткізе бастады. «Қазақстан инжиниринг» компаниясының 10 жылдығына орай өткізілген конкурста «Үздік токарь» аталымын жеңіп алды.
Кәсіби шеберлігін де шыңдап, осы жылдарда алтыншы разрядқа дейін көтерілді. Қазір Сатан Мақанов ең күрделі деген токарьлық операцияларды еркін меңгерген, зауыттағы беделді шеберлердің бірі. Еселі еңбегі де атаусыз қалмай, кәсіпорын әкімшілігінің, кәсіподақтың түрлі алғыстары мен сыйлықтарын алған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың да Құрмет грамотасымен наградталды. Былтыр республикалық кәсіподақтар федерациясының «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Марапатты тапсырған облыстық кәсіподақтары орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев жас жігіттің алдағы алар асуы биік болатынына сенім білдірді. «Сатан сияқты еңбекқор, айқын мақсаты бар жастардың болашағы зор болатынына сенімдімін. Ешқандай көлденең табыс пен жеңіл ақшаға алаңдамай, өз ісіне берік болған жандар ғана биік табысқа жете алады», деді ол.
Сатан Мақановтың өзі өмірде ұяң, бірақ ішкі қуаты берік екені сезіліп тұрады. Жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. «Біздің еңбек ұжымымыз жақсы. Түрлі жақсы істерге бастайтын жігіттер арамызда көп. Солардың бірінің ақылымен қыстыгүні өзенге түсумен де айналысып жүрмін. Бұл адамның бойын тітіркендіріп, ұзақ уақытқа сергітетін айрықша жаттығу. Қазір оны да меңгеріп алдым. Бір кезде йогамен де айналысқанмын», дейді жалынды жігіт.
Осыған қарап «жігітке жеті өнер де аз» деген мақалды еске аласыз. Адам толық азамат болуы үшін де бір өнерден екіншісіне ұмтыла беруі керек қой. Біз оның биік армандары мен мақсаттарының орындала беруін тіледік.
ПЕТРОПАВЛ