Осыдан 20 жыл бұрын облыстың әкімшілік басқару орталығы Алматыдан Талдықорған қаласына көшірілген болатын. Елбасының тарихи шешімінің арқасында Талдықорған Жетісу жерінің орталығына айналды. Бүгінде 200 мыңның шамасында тұрғын мекендеп отырған шаһар қалыпты даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жақында талдықорғандықтар қала күнін атап өтіп, облыс орталығының сәулетіне көрік қосатын жаңа тұрғын үйлер мен ескерткіш нысандарының пайдалануға берілуіне куә болды.
55 отбасы баспаналы болды
Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай 55 отбасы қоныс тойын тойлады. «Болашақ» шағын ауданында жаңадан салынған үйдегі пәтерлердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады.
– Өткен 20 жылда қалада жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар салынды, жолдар, саябақтар, скверлер, аулалар жасалды. Белгілі сәулетшілер бүгінгі Талдықорғанның кескін-келбетінің көріктенуіне үлес қосты. Бүгінгідей мерекелік күнге орай облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аумағында коронавируспен күресте ерлік пен жанкештілік танытқан дәрігерлерге арналған ескерткіш ашылды. Сондай-ақ, қала көшелеріне заманауи автобустар шығарылды. Енді, міне, кезегі жеткен тұрғындарға мерекеге орай жаңа пәтердің кілтін табыстап жатырмыз. Осының бәрі мемлекеттік қолдаудың нақты көрсеткіштері, – деді пәтер кезегі жеткендерге кілт тапсыру салтанатында өңір басшысы.
Салтанатты шараға қатысушылар облыс әкімімен бірге жас отбасы Омаровтар мен педагог Маржан Мэлстің үйіне кіріп, шашу шашты. Қоныстойын тойлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Жалпы, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Алматы облысында 1 млн-нан астам шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Оның 191,3 мың шаршы метрі немесе 2 603 пәтер бюджет қаражатына салынады. Биылғы 8 айдың ішінде бағдарламаның барлық бағыты бойынша берілген 904 пәтердің 68-і көпбалалы отбасыларға тиесілі. Жалпы, баспанасыз жүрген халықты пәтермен қамтамасыз етуге арналған жалдамалы тұрғын үй құрылысына биыл 16,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 10,9 млрд теңгесі көпбалалы отбасыларға арналған. Облыста жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған 1 695 отбасының 953-і көпбалалы саналады. Биыл қаңтар-тамыз аралығында Алматы облысында 663,5 мың шаршы метр баспана немесе 2020 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 107,5 пайызы пайдалануға берілді.
Жолаушылар енді жаңа автобуспен жүреді
Облыс орталығының Талдықорған қаласына ауысуына 20 жыл толуына орай табиғи газбен жүретін жаңа автобустар жолаушы тасымалына шығарылды. Қаланың автобус паркін жаңартуға және жолаушылар көлігінің қолжетімділігін жоғарылату жөніндегі жұмыстың аясында жоспарланған шарада облыс әкімі Амандық Баталов қала тұрғындарын арнайы құттықтады.
– Қала күніне орай талдықорған- дықтарды тиімді сыйлық – жолаушы тасымалына жаңа автобус шығару арқылы қуантуды ойластырдық. Бұл өте маңызды міндет деп білемін. Өйткені жолаушы тасымалдайтын компаниялардың автопарктерін жаңартуға мүмкіндігі жоқ болатын. Біз оларға «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,3 млрд теңгеден астам қаражатқа автобус сатып алып, лизингке беріп отырмыз. Бұл автобустардың ең басты ерекшелігі – таза табиғи өнім газбен жүретіндігінде. Бұл үшін қалада арнайы газ толтыратын компрессорлық станса тұрғыздық. Жергілікті бюджеттің есебінен түрлі деңгейдегі жолаушылар – мектеп оқушыларының, студенттердің, ардагерлер мен басқа да көптеген жолаушының тегін жүруіне жағдай жасап отырмыз. Мұның бәрі халық үшін, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Ал тұрғындардың атынан сөз алған Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Мұрат Халық қаланың 20 жылдың ішіндегі көркеюіне тоқталды.
– Менің Талдықорғанда тұрып жатқаныма 67 жыл болды. Ол кезде барлығы 14 көшесі бар шағын ғана қала еді. Бар-жоғы 18-20 мың тұрғыны болатын. Бүгінгі қаланың қалай өскеніне қараңызшы, Жетісу жерінің әкімшілік орталығы болған 20 жылдың ішінде көркейіп, дамып, ұлғайып, өсті. Осы өзгерістердің бәрі менің көз алдымда өтті. Талдықорғанның тарихы қызықты, мәдениеті терең. Оған әрбір тұрғын өз үлесін қосып келеді. Ендеше, сүйікті шаһарымыз өсіп-өніп, көркейе берсін, гүлденсін деп тілейік. Заманауи келбетін бәріміз жақсы көре берейік, – деген ақсақал көпшілікті қала күнімен құттықтап, батасын берді.
Осылайша, қалалық автопаркке «Ютонг» және «ПАЗ» маркалы 32 автобус берілді. Одан бөлек жыл соңына дейін тағы 23 автобус қалаға келеді. Сыйымдылығы 55-тен 67 адамға дейін жететін жаңа автобустарға бейнебақылау камералары, кондиционер, электронды билет беру құрылғысы орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар қарастырылған. Жалпы, жергілік бюджеттің есебінен жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларды қолдау жалғаса түседі. Алдағы 3 жылдың ішінде 3,2 млрд теңгеден астам субсидия беру жоспарланған.
«Аяулы алақан» ескерткіші – абзал жандарға алғыс нышаны
Талдықорғанда COVID-19 індетімен күрес кезінде табандылық танытып, көзге көрінбейтін дұшпанмен мылтықсыз майданда ерлік көрсеткен медицина қызметкерлеріне арналған «Аяулы алақан» деп аталатын ескерткіш ашылды. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аумағындағы ескерткіштің ашылу салтанаты да облыс орталығы Талдықорған қаласына ауысуына 20 жыл толуына орайластырып өткізілді. Аймақтың зиялы қауым өкілдері, медицина қауымдастығы қатысқан шараны облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп ашты.
– Дәрігерлердің ерлігі мен жанкештілігіне арналған ескерткішті алдымен Нұр-Сұлтан қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын. Содан кейін аймақтарда бұл бастама қолға алына бастады. Біз де өз кезегімізде медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылығымыз бен құрметімізді көрсетейік деп шештік, – деп әкім ескерткіш идеясының қайдан шыққанын айтып берді. – Белгілі мүсінші Мирлан Әзмағамбетов екеуміз ойланып, жас ағаш – өмірдің белгісін мәпелеген дәрігерлердің жайылған қос алақаны үлгісіндегі ескерткіш жасауды ұйғардық. Міне, қала күніне орай облыстың барлық дәрігеріне арналған «Аяулы алақан» ескерткішін ашып отырмыз. Өйткені пандемия кезінде күн демей, түн демей, айлар бойы отбасы, бала-шағасын көрмей жұмыс істеген дәрігерлер бүгінгі күні де Гиппократқа берген антына адалдық танытып, кәсіптік міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Себебі жұқпалы дерт күн өткен сайын күшеймесе толастар емес. Сондықтан ескерткіш пандемия кезінде қаза тапқан және әлі де еңбектеніп жүрген медициналық қызметкерлеріне арналады.
Өз сөзінде мемлекеттік қолдаудың арқасында Алматы облысының денсаулық сақтау саласы лайықты деңгейде дамып отырғанын жеткізген облыс әкімі жұқпалы дертпен күреске 13,8 млрд теңге бөлініп, медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету деңгейі 79-дан 89 пайызға дейін өскенін атап өтті. Қысқа уақыттың ішінде салынған заманауи үлгідегі жұқпалы аурулар ауруханасы ковид жұқтырған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында медицина қызметкерлерінің жалақысы өсіп, тынымсыз еңбек еткен көптеген дәрігер «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Ал Жетісу дәрігерлерінің атынан сөз алған облыстық аурухананың анестезиолог-рениматолог дәрігері Ілияс Нүсіпәлиев:
– Көзге түспейтін дұшпан саналатын қауіпті вируспен күрес – өте қиын міндет. Соған қарамастан пандемия басталғаннан-ақ жерлестеріміздің денсаулығын сақтауға бар біліміміз бен білігімізді салуға тырыстық. Пандемияның таусылып, мына ескерткіш әріптестерімізге деген шынайы құрмет пен риясыз ықыластың мәңгілік белгісіндей болып қаларына сенемін. Өскелең ұрпақ олардың өмір жолынан үлгі алады. Осындай қолдау көрсетіп, ықылас танытып отырған облыс басшылығына рахмет айтамын. Мықты денсаулық және бар жақсылықты тілеймін! – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Сондай-ақ шарада пандемия кезінде қайтыс болған Жамбыл ауданы Қарғалы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Сертай Сағиевтың қызы, Алматы қалалық онкология ауруханасының онколог-дәрігері Мадина Сағиева жұқпалы аурумен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дәрігерлер адам өмірін сақтау жолында қолынан келгеннің бәрін жасайды.
– Біз бүгін бір өте маңызды және ғажайып көрініс – медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына жиналып отырмыз. Бұл ескерткіш пандемия кезінде жан қиған асыл жандарды мәңгілік еске түсіріп тұратын болады. Біздің жүректеріміз оларды естен шығармайды. Ең қиыны бейбіт күнде жақыныңды жоғалту екен. Күллі әлемді пандемия жайлап, көзге түспейтін жаумен күрес басталған тұста қаза тапқан, аты алтын әріппен жазылар құрметті дәрігердің қызы ретінде бүгін сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет дер едім. Қазір ең маңыздысы – қол жеткенге тоғайып, тоқтау емес, күресті жалғастыру, бірлесе қимылдау. Бәріңізге мықты денсаулық және отбасыларыңызға барша жақсылықты тілеймін, – деді жас дәрігер М.Сағиева.
Таза қоладан құйылған «Аяулы алақан» ескерткіші аясына үйеңкі ағашын салған қос алақан кескінінде бейнеленіпті. Ұзындығы 3,8 метрге, биіктігі 2,8 метрге тең. Мәрмәр тастың бетіне «COVID-19» коронавирусты инфекциямен күресте ерлік пен жанкештілік танытқан медицина қызметкерлеріне арналады» деп жазылған. Ескерткіштің идеясы сәулетші Мирлан Әзмағамбетовке, облыс әкімі Амандық Баталовқа, сәулетшілер Любовь Нысанбаева мен Дәркен Нұржановқа тиесілі.
Жалпы, пандемиямен күресуге Алматы облысында 31 медициналық мекеме атсалысып отыр. Оның төртеуі – Талдықорған қаласында. Амбулаторлық және стационарлық деңгейде үш жарым мыңнан астам дәрігер науқастарды емдеуге қатысты. Оның ішінде 851 дәрігер және 2 604 орта және кіші санатты медқызметкер бар. Пандемия басталғалы бері аймақта коронавирус пен пневмониядан 51 мыңнан аса адам емделіп шықты. Содан бастап медициналық сақтандыру қорының есебінен 18,9 млрд теңге 7 мыңнан аса медицина қызметкеріне қосымша төленді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген 137 млн теңге мыңнан аса медицина қызметкеріне сыйақы ретінде берілді.