Талдықорғанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тіл және тәуелсіздік» атты республикалық көрме-байқауы өтті. Бұл шараны Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Суретшілер одағы облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырды.
Тіл сарайының алдында қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған «Тіл және тәуелсіздік» атты көрменің ашылу салтанаты болды. Көрменің лента қию рәсіміне облыстық мәслихаттың хатшысы Ж.Жөргенбаев, Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж.Мәлібекұлы, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Ө.Жұбаниязов, қоғам қайраткерлері мен белгілі тіл жанашырлары Оразкүл Асанғазы және Асылы Осман қатысты.
Елге, жерге деген сүйіспеншілік және жас ұрпақтың рухани мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған қылқалам шеберлерінің «Тіл және тәуелсіздік» байқауы қоғамдағы қазақ тілінің даму тақырыбын ашу, тәуелсіздіктің символына айналған мемлекеттік тілге деген қызығушылық пен құрметке бейнелеу өнері арқылы тәрбиелеуді мақсат тұтады. Бұл жолы байқауға 109 суретші қатысып, олардың қылқаламынан туған 164 картина көрермен назарына ұсынылды. Қатысушылардың ең үлкені Түркістан облысы Түлкібас ауданынан келген 66 жастағы тұрғын болса, ең кіші қатысушы 9 жасар Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген мектеп оқушысы болды.
– «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, талант жас талғамайтынын ескере отырып, байқауға кәсіби суретшілермен қатар оқушы, студент жастарға қатысуға және әр қатысушыға бірнеше туынды ұсынуға мүмкіндік берілді. Аламанға кең байтақ еліміздің әр түкпірінен қылқалам шеберлері ат қосты. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген туындылардың жазу техникасы да әртүрлі болды, олар майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато, сондай-ақ сәндік қолданбалы өнер стиліндегі жұмыстар ретінде ерекшеленді, – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Болат Керімбек.
Байқауда суретші Марат Абдреевтің «Бабалар арманы» картинасы ең үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесін қанжығалады. 1-орынға Өмірбек Жұбаниязов ие болды. 2-орынды Айнұр Өмірзақ пен Айжан Базарбекова еншіледі.