І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері енді өз бассейндерінде жүзіп үйренеді. Жаңа гидротехнологиялық нысан университет қаражатына салынды. Салтанатты ашылу шарасына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, оқу орнының ректоры Қуат Баймырзаев қатысты.
– Жақында Талдықорған қаласында олимпиадалық үлгідегі жабық бассейн ашылған еді. Жаттығуға 3 мыңнан аса бала жазылып, мыңнан астамы жүзу үйірмесінде дайындалуда. Жаттықтырушылар құрамын кеңейту жағы қарастырылуда. Елбасы тапсырмасы аясында аймақта 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолдануға берілді. Тағы төртеуінің және 150 воркаут-нысан құрылысы жүргізілуде. Енді студенттерге арналған жүзу бассейні пайдалануға берілді. Бассейн бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Ол университет басшылығына оқу сапасының жоғарылығы, оқу ғимаратының материалдық-техникалық базасының жаңарту бағытындағы жұмыстары үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде университет ректоры Қуат Баймырзаев облыс әкімі қолдауымен салынған студенттерге арналған заманауи жатақхананың арқасында Жетісу университеті республика бойынша студенттерді әлеуметтік қамту бойынша бірінші орын иеленгенін айтты. Сондай-ақ ол облыс әкіміне университетке көрсетіліп жатқан көмек үшін алғысын білдірді. Ал студенттер атынан сөз алған Дене шынықтыру және спорт факультетінің 4-курс студенті, көркем гимнастикадан спорт шебері Диана Бейсенова ризашылығын жеткізіп, бассейннің ашылуы студенттердің спортқа ден қоюына серпін беретінін жеткізді.
Жабық бассейннің жалпы көлемі 3 644,20 шаршы метрді құрайды. Нысан құрылыс талаптарына және санитарлық-эпидемиялық стандарттарға сай салынған. Бассейнге кіретін жеке кіреберіс, киім ауыстыратын орын, сауна, ванна, жаттықтырушы мен жұмысшыларға арналған бөлме, спорт инвентарын тазалап, сақтауға арналған арнайы бөлме, дезинфекциялық заттар – барлығымен қамтылған. Әкімшілік және медициналық кабинеттер де бар. Одан бөлек суды тестілеуден өткізуге арналған зертханамен қамтылған.
Жалпы, университет қабырғасында 6 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Оның ішінде 450 жас облыс әкімі грантының иегері.
Алматы облысы