Тауарларды цифрлы таңбалау Қазақстанда 900 млрд теңгеден астам сомаға қосымша өткізу нарығын қалыптастырады. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы – Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жүргізген есебі осыны көрсетіп отыр.
Сондай-ақ әлемдік тәжірибені талдайтын агенттіктердің дерегінше, тауарларды міндетті таңбалауды енгізу тауар нарықтарын «ағартудың» триггері болмақ және «көлеңкелі» айналымды 70-80 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай оператордың есебі Статистика бюросының нарық көлемі мен Euromonitor International халықаралық консалтингтік агенттігінің елдегі тауарлардың көлеңкелі айналымы туралы деректер негізінде жүргізілген. Бұдан бөлек, әртүрлі тауар тобы бойынша таңбалауға арналған жабдық шығындары да назарға алынған.
Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда сүт өнімдері нарығының көлемі 809 млрд теңгені құрады. «Көлеңкелі» айналым 17,4 пайыз немесе 140 млрд теңге деп бағаланды. Бұл ретте, барлық өндірушінің таңбалау жабдығына жұмсалатын жалпы шығыны 6,5 млрд теңгені құрайды. Яғни жыл сайынғы өндіріс көлемінің 1 пайызынан аспайды. Контрабандалық және контрафактілік сүт өнімдерінің 80 пайызы нарықтан «ысырылған» кезде 98 млрд теңге көлемінде тұтыну нарығы пайда болады. Яғни сүт өнімдерінің адал өндірушілері мен импорттаушыларының сату көрсеткіштері 10 пайызға артады.
Фармацевтика саласы бойынша нарық көлемі 1,4 млрд теңгеге тең. «Көлеңкелі» айналым – 12,3 пайыз. Бұл дегеніміз жыл сайын 171 млн теңге Қазақстандағы дәрілік заттардың «көлеңкелі» нарығын құрап отыр. Нарық 80 пайызға «ағарған» жағдайда заңды өндірушілер мен импорттаушылар үшін жыл сайын 80 млрд теңге сомасына қосымша өткізу нарығы пайда болады.
Осылайша, 2018 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдері қол қойған Data Matrix кодымен тауарлардың әртүрлі тобын цифрлы таңбалауды кезең-кезеңмен енгізу туралы келісімде айқындалған тауар топтарына цифрлы таңбалауды енгізу нәтижесінде адал бизнестің түсімі 11,3 пайызға ұлғаяды. Бұл ретте, өндірушілердің тауарларды таңбалауға арналған жабдыққа жұмсалатын біржолғы шығындары жылдық түсім сомасының 0,5-0,9 пайызын құрайды. Таңбалау кодтарына арналған шығындар орташа есеппен алғанда тауарлар құнының 0,4 пайызына тең. Демек тауарларды міндетті таңбалауды енгізу нәтижесінде қазақстандық өндірушілердің кірістері жылына 10 пайызға артады.
– Цифрлы таңбалауды енгізумен халықтың азық-түлік және азық-түлік емес мақсаттағы тауарларға қажеттілігі қысқармайды. «Көлеңкелі» айналым, заңсыз нарық қысқармақ. Мұның бәрі контрабанда, контрафакт болып саналады. «Ағарған» нарық адал өндірушілер мен импорттаушылардың иелігіне өтеді. Бұл нарық 10 пайыз деп бағаланып отыр. Демек заңды түрде жұмыс істейтін бизнестің жыл сайынғы кірісі таңбалауға арналған жабдық шығындарының 1 пайызынан аспайды. Бұл олар үшін тиімді. Ал тұтынушылар заңды, шынайы өнімдерді тұтынатын болады. Заңдылықты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тексеруге мүмкіндік бар, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Нұржан Баекеев.
Еске сала кетейік, Қазақстанда темекі өнімдері мен тері бұйымдарын міндетті цифрлы таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 қарашадан бастап бұл норма аяқ киім өндірісіне де қатысты болмақ. Дәрілерді цифрлы таңбалау бойынша қанатқақты жоба аяқталды. Сондай-ақ қазіргі уақытта алкоголь өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, сүт өнімдері, қапталған су және алкогольсіз сусындар бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.