Шымкент қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін eGov mobile қосымшасы арқылы цифрлы жеке куәлікті пайдалануға болады. Бұған дейін мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларының әуежайларында қолжетімді болатын.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайда цифрлы жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile қосымшасында авторландырылған пайдаланушы «Цифрлы құжаттар» бөліміне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдау қажет. Әуежайдың тіркеу бөлімінде, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде сервисте жасалған QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.
Ішкі рейстерде цифрлы жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, отандық әуе компаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде пайда болды.
Цифрлы құжаттар қызметі пилоттық режімде жұмыс істейді және әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары арасында қолжетімді. Осы әуежайлар қызметін пайдалануды жоспарлап отырған жолаушылардың қанатқақты жоба кезінде жеке куәлігінің түпнұсқасын да өзімен бірге алып жүргені жөн болады.